6.11.2025, 17:00
Оқылды: 144

“ART masters”-тің үздіктері

 

Бөрлі ауданында балалардың мектептен тыс қатыса алатын үйірмелер өте көп. Спорт, өнер, тіпті ғылым жағынан да үйірмелер аз емес. Атап өтсек, ауданымызда балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, өнер мектебі, балалар музыка мектептері жұмыс істейді. Бұлардан бөлек қаламызда жеке үйірмелер де  бар. Солардың бірі - “ART masters” өнер орталығы. Осыған дейін де газетімізде осы орталық оқушыларының жеткен жетістіктері туралы жазған болатынбыз.

30c12610-377a-4b07-abc9-d54f985b8e0c

«Art masters» өнер орталығы балаларға және ересектерге арналған шығармашылық орталық. Орталықты көптеген халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері, кескіндеме, графика және мүсін мұғалімі Ляззат Көшекбаева құрған. Аталған өнер орталығының оқушылары осыған дейін көптеген аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстарға қатысып, еліміздің және ауданымыздың атын шығарып жүрген мақтаныштарымыз.

Жақында «Art masters» өнер орталығының оқушылары Әзірбайжан елінің Баку қаласында өткен “Harmony of Arts” атты жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Орталықтың оқушылары жетекшілері Ляззат Көшекбаева, Әділбек Сариев, Лилия Қазжановалармен бірге Әзірбайжан еліне жарысқа барды. Біз оқушылардың жарыстан және саяхаттан алған әсерлерін сұрап білген болатынбыз.

Аталған жарыста Гран при ұтып алған оқушылардың бірі - Мансұр Абишов. Ол Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-нің 5-сынып оқушысы. Жасы небәрі 10-да.

- Халықаралық жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Жарыс барысында өте қатты қобалжыдым. Себебі халықаралық жарыста бірінші рет еліміздің атынан шықтым. Сонымен қатар біз Баку қаласын аралап, Әзірбайжан елінің мәдениетімен, табиғатымен таныстық. Бізге бұл ел қатты ұнады. Жарыс қатысушыларына Әзірбайжан елінің атақты суретшісімен шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Суретшімен танысып, уақытымыз керемет өтті, - дейді Мансұр.

Халықаралық жарыста Гран при ұтып алғандардың бірі - Әдемі Серік. Ол конкурсқа ұлттық нақыштағы шығармаларымен қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.

- Мен бұл жобаға жеңіс үшін қатысқан жоқпын. Басты мақсатым - өз өнерімді басқа ұлтқа, басқа халыққа паш ету болды. Ел аралап, әр түрлі жерлерді көруді жақсы көремін. Бұл сапарға мен отбасыммен бірге барып, демалып, жақсы энергия алып қайттым, - деді гран при иегері Әдемі.

“ART masters” өнер орталығына апалы-сіңілі Адия мен Алия Саимовалар да барады екен. Адия 9 жаста болса, Алия жетіде. Орталыққа үлкені Адия 6 жастан, кішісі Алия 5 жастан қатысады.

Адия осы уақытқа дейін көптеген халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардың иесі атанды. Бакуда өткен жарыста апалы сіңілі Адия мен Алия гран при иегері атанды.  Олар орталықтағы ұстаздары Ляззат Исянгулқызы мен Лилия Рахымғалиқызына өз алғыстарын білдіреді.

Өнер орталығының тағы бір оқушысы Назым Берік аталған конкурста І орынға ие болған. Ол №3 ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы. Назым конкурсқа “Еркіндік” атты картинасымен қатысқан екен. Бұл Назымның  халықаралық жарысқа қатысу үшін алғаш рет шетелге шығуы екен. Назымға Баку қаласы ерекше ұнаған және ол бұл қалаға тағы келетін ойда екенінде айтып өтті.

28f3aa75-6fbf-4622-ac38-4bd15041d97d

15 жасар Марсель Лебедевте Әзірбайжанда өткен жарысқа қатысып, қатарластарының алды болып, І орынды жеңіп алды.

- “Art Masters” орталығында мен акрил бояуларымен кенепте (холст) сурет салу шеберлігімді арттырдым. Мен болашақта кәсіби түрде сурет салғым келеді, - дейді болашақ суретші Марсель.

Аталмыш жарысқа қатысқан №6 МЛ-дің 7-сынып оқушысы

Аделина Иргалиева да І орынға ие болды. Бұл Аделинаның екінші рет шетелге жарысқа шығуы. Былтыр ол Түркия елінің Стамбұл қаласында өткен жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болған еді. І орын алған оқушылардың қатарында Адия Таубаева мен Мұрат Ибрагим де бар.

 

- Әзірбайжан еліндегі жарысқа біз 21 адамнан құралған топ болып аттандық. Жарысқа 9 оқушы 3 жетекші бардық. Кейбір оқушыларымыздың ата-аналары да балаларын қолдап, әрі қыдырып барған еді. Баку қаласы бізді ерекше қонақжайлылығымен қарсы алды. Балалар саяхаттан және халықаралық жарыстан ерекше сезім алды. Бұл жарыс және саяхат оларға ерекше мотивация сыйлады. Біздің өнер орталығының мақсаты - шәкірттерімізді шабыттандырып, алға қарай жетелеп, үлкен белестерге бағыттау. Балалар осындай халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, ел, жер көру арқылы танымдарын кеңейтеді. Біздің оқушыларымызды алдағы уақытта үлкен белестер мен асулар күтуде, - дейді орталық директоры Ляззат Исянгулқызы.

Үйірмелер арқылы балалар жан-жақты дамып, өздерін жаңа ортада көрсетіп, қосымша өнерге үйренеді. Бұл үйірмелердің балаларға пайдасы мол. Себебі осы үйірмелер балалардың алдағы уақыттағы бағындырар белесіне апарар даңғыл жолдың бірі десек те болады.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале