6.11.2025, 17:30
Оқылды: 76

«Оянбайтын бала болмайды...»

Ол Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылында бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етеді. Сыныптың «Жедел жәрдем» мұғалімі. Иә, ол өзін солай таныстырады екен шәкірттеріне. Өйткені оқушы  білмей отырса, көмектеседі, үндемей отырса, сөйлетеді, қателессе, түзетеді. Кейіпкеріміз Мерует Қуаншалиеваның басты мақсаты  – оқушының көзіндегі сенім отын  сөндірмеу.

cb4617a7-70a3-447c-a03f-6a4a779fd00a

Мерует апай бала кезінен алғашқы ұстазы әрі өзінің туған апасы Айгүл Айтжановаға еліктеп өседі. Сол кісінің әр сөзі, қимылы, тіпті сыныптағы үнсіз көзқарасы да оның сәби жүрегіне өшпестей із қалдырады. Ол да кішкене кезінен ұстазының сөмкесін ұстап көріп, туфлиін киіп, тезірек апайындай елге сыйлы ұстаз болсам деп қиялға ерік береді.  Ауылдың бір шетінде орналасқан шағын мектепке алғаш барған сәті әлі көз алдында. Сол кезде алғашқы ұстазының күлімсіреген жүзі, сызылған қасы, сабырлы да салмақты дауысы оны ерекше бір әлемге жетелегендей еді. Міне, сол арман кейіннен оны мұғалімдік жолға алып келді.

– Әкем мен анам мал бағып, маңдай термен бала өсірген еңбекқор жандар еді. Көп балалы отбасында төрт қыз, үш ұл бір-бірімізге сүйеу болып өстік. Ата-анам бізді кішкентай кезімізден еңбексүйгіштікке, адал, бауырмал болуға тәрбиеледі. Әкем ешкімді жамандамайтын, дастарқан басында әлдекім туралы теріс пікір айтылса, «Жаман адамның да жақсы қасиеті болады» деп отыратын. Осы сөздер менің өмірлік темірқазығыма айналды, – деп  әңгімесін  бастады  кейіпкеріміз.

«Әріптің Құдайы – сенсің»

Ол алғашқы еңбек жолын туған жері – Қызылжар ауылындағы мектептен бастайды. Алғашқы күндерден-ақ балалармен жұмыс істеу, олардың бойындағы талант пен мейірімді ояту – өмірінің мәні екенін ұғынады.

Ол 35 жылдың ішінде сегізінші рет бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді қарсы алыпты. Қазір Мерует апайдың шәкірттерінің  бірі дәрігер, бірі мұғалім болып, түрлі салада еселі еңбек етіп жүр. Кейіпкеріміздің ерекше қасиеті шәкірттерінің әріптерін моншақтай төгілтіп, әдемі жазуына  қатты  мән  береді.

– Шәкірттеріме  жазуды үйреткенде де жай ғана әріп емес, өмір философиясын түсіндіремін. Сен адамсың, Алла жаратқан ғажайыпсың. Ал алдыңдағы әріп – сенің кішкентай әлемің. Әріптің Құдайы – сенсің. Қарашы, «Б-ның басын, Д-ның аяғын қисайтып қойыпсың. Әр әріпті жол бойымен әдемілеп, қисайтпай жаз. Себебі сен оның иесісің, жаратушысысың», – деймін. Сонда балалар көздері жайнап, бар зейінін аударып, дәптерлеріне ерекше ұқыптылықпен қарап, жаза бастайды, – дейді ол.

Араның  әлегі немесе  бірауыз  сөз

Кейіпкеріміз мектепке барғысы келмейтін бала жоқ деп есептейді. Өйткені оның сыныбының оқушылары ауырып қалмаса, сабақтан қалмайды екен. Ол әр оқушысына: «Өмірде түрлі жағдайлар болады. Сабақ оқымасаң да, мектепке кел. Мен ұрыспаймын. Өйткені мектеп –сенің екінші үйің. Біз өмір сүру үшін тамақтанамыз, тамақтану үшін өмір сүрмейміз. Ал мектепке келу арқылы сен миыңды тамақтандырасың. Сол үшін сабақтан қалма» деп түсіндіреді екен. Осыған қатысты бірде сыныпта қызық оқиға болады. Сабақ үстінде сыныпқа ара кіріп кетеді. Ызылдап ұшып жүрген арадан оқушылар қорқып, бір-біріне тығыла бастайды. Ойында ештеңе жоқ Мерует апай балалардың біреуін шағып алар деп, үстелінің үстіне қонған араны сарт еткізіп өлтіре салады.

– Дәл осы сәтте бір оқушым:

«Апай, біз тамақтанып отырмыз ғой, жиіркендірмеңізші» деді. «Сен тамақ ішіп отыр ма едің?» десем, «Біздің миымыз тамақтанып отыр ғой» деп жауап берді. Сол кезде өзімнің айтқан бірауыз сөзімнің бала жүрегіне қаншалықты әсер ететінінің куәсі болдым, – дейді Мерует Таукенқызы.

Ұстаздық жол – өмір бойы үйрену мен үйретудің жолы. Әр бала – бір әлем, әр бала – бір ғажайып. Ол әрдайым шәкірттеріне: «Сенің қолыңнан келеді. Сен мықтысың», – деп сенім ұялатуға тырысады. Өйткені сенім алға жетелейтін ерекше күш. Сенімге қоса сөздің де қуаты бар. Осылай жігерлендірудің нәтижесінде үшінші сыныпқа көшкенде шамалы оқып жүрген оқушылар озаттардан да озып  кетіп  жатады. Бұл – ұстаз  сенімі.

«Әдейі  қате оқимын»

Мерует апай шәкірттерінің ата-аналарымен де тығыз байланыс жасап, оқушыларының үйдегі мінез-құлқын, өзін ұстауын бақылап біліп отырады екен. Бірде  бір оқушысының үйге жай келгенін мамасы айтып қояды. Ертеңіне сыныпқа келген соң, «Дәурен, кеше сен үйіңе сағат жетіде кіріп бара жаттың ғой. Келесіде сабақтан соң, кешікпей бар үйіңе» деп ұялтып қоюды  ұмытпайды. Содан соң «Балалар, естеріңде болсын, тек мұғалімдер де ғана көретін көз бар. Мен бәрін біліп, көріп отырамын» деп тағы нығыздайды. Бұл сәтте  Дәуреннен бастап, барлық оқушы қипалақтап, қыбыжықтап қалады. Мерует апайдың сабақ беру әдісі де ерекше. Әдебиеттен мәтінді оқыр алдында: «Қазір кей сөздерді қате оқимын, сіздер соны табыңдар» дейді. Сонда балалар назар қойып тыңдап, кітаптағы мәтінді бірге жүргізіп оқып отырады. Қате кетсе, шу ете түседі. Міне, бұл да оқушылардың назарын сабаққа аударудың бір тәсілі. Тағы бір ерекшелігі, тапсырмаларды оқушылар өздері тексереді. «Балалар бір-бірін әділ бағалайды. Олар өз қатесін көрмесе де, қасындағы көршісінің қатесін тез көреді. Солай, олар бір-бірінің қатесін тауып, бір-біріне үйретеді» дейді ол.

6681b636-28d1-4047-b4b6-00ba03b80b5b

Мерует Таукенқызының тағы бір жақсы әдістерінің бірі айына бір рет үйінен тәттілерін әкеліп, оқушыларымен шай ішеді. Нағыз қызық осы жерде басталады. Емен-жарқын әңгіме соғып отырып, сыныптағы гүлді кім құлатқанын, төбелесті кім бастағанын, кім-кімге ренжіп жүргенін балалар еш алғаусыз айтып береді.

Сыныптағы психологиялық ахуалды жай ғана біліп отыру үшін де, мұндай әдістің өз қажеті бар. Дастарқан басында бір-біріне әдемі тілек айтуды, үлкендерден бата алуды да ұмытпайды.

– Алғашқы ұстазым Айгүл апайым «Оянбайтын бала болмайды, тек оларды оята алмайтын мұғалімдер болады» деп айтатын. Шынымен, әр баланың жүрегінен жол таба білсең, олардың өзінің оянатын уақыты болады екен.  Сабақ оқығысы келмейтін балаларды «Ол жаман оқиды» деп ысырып тастамай, оны ояту үшін бар әдіс-тәсілді қолдануымыз керек.  35 жылдық тәжірибемде осы ұстаныммен өмір сүріп келемін. Ұстаздың ең үлкен еңбегі – бала жүрегін ояту, – дейді Мерует апай.

Кейіпкеріміз – жұбайымен бірге екі ұл, екі қыз өсірген ардақты ана. Ол әр шәкіртін өз баласындай жақсы көреді. Оның өмірі – тақта мен бордың арасында өткен жылдар тізбегі ғана емес,әр күні мен жылдары бала күлкісіне, ата-ананың алғысына толы өмір.

– Мұғалімдік – жай  жұмыс емес, ол – менің  ғұмырым.  Өйткені мен алғашқы ұстазымның әрі апайымның ізімен келемін. Ал ол із – менің өмір жолымның ең жарық нұры, – дейді  жүрегі  мейірімге толы ұстаз.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале