«Жол бар жерде өмір бар» дейді халық даналығы. Расында, күре жол елді мекен арасындағы қатынасты жақсартса, ауылдың ішкі жолдарының жағдайы тұрғындардың күнделікті тұрмысынан бастап, баланың мектепке, дәрігердің науқасқа жетуіне дейін тікелей әсер етеді. Сондықтан жол салынып немесе жөндеу басталса, ең алдымен халықтың тілегінің орындалғаны деп білеміз.

Бүгінде ауданда ауылішілік жолдарды жаңарту бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан бойынша жалпы ұзындығы 217,8 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдың 32,8 шақырымына асфальт төселген, ал 185 шақырымы – топырақты жол. Соңғы жылдары жергілікті биліктің басым назарға алғаны – осы айырмашылықты қысқарту, ауылдарды бір-бірімен сапалы жол арқылы байланыстыру да басты міндеттердің бірі болып отыр.
Тоқтаған жұмыс қайта жандандыру үшін
Аудан бойынша ең көлемді жобалардың бірі – Тайпақ ауылындағы бірнеше көшелерді күрделі жөндеу жұмысы. Бұл жоба бойынша Махамбет, Д.Нұрпейісова, Х.Чурин, Жамбыл, Т.Жұмалиев көшелерінің жалпы ұзындығы 3 шақырым жолы жаңартылуға тиіс.
Бастапқы кезеңде қиыршық тас төсеу, тегістеу, 500 метр жолға асфальт төсеу секілді жұмыстар орындалған. Дегенмен ауа райының қолайсыздығына және мердігердің міндетін толық орындамауына байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылған болатын. Қазір сот шешімі шықты. Мердігер компанияға жұмысты аяқтау міндеттеліп отыр. Алдағы уақытта жобаны қайта түзету (корректировка) жасалып, Тайпақтың көшелерінде құрылыс қайта жанданады деп үміттенеміз.
Бударинде жолдар жаңғырды
Бударин ауылында Қазақстан, Астана және Молдағалиев көшелері қамтылған жоба аясында 1,8 шақырым жол жаңартылды.
Биыл жолдың негізі тегістеліп, қиыршық тас пен құм қоспасы төселді. Асфальтпен тегістеліп, бүгінде жол жиегін бекіту және жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті тұрғындардың бұл оң өзгерісті қуана қабылдағанына ешкім шүбә келтірмейді. Себебі бұрынғыдай көктем мен күзде балшықтатып, көлік жүргізу мұң болатын көшелерде қазір жағдай мүлдем басқа.
Чапаевта қай көшенің жолы жөнделді?
Аудан орталығы Чапаев ауылындағы Қазақстан, Болашақ және Тлеулин көшелерінде де жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 1,8 шақырым жолды қамтитын күрделі жөндеу биылғы жылдың көктемінде басталған болатын. Асфальт жабыны толық төселіп болды, бүгінде жол белгілері мен жиектері орнатылып бітуге қалды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жергілікті тұрғындар жиі бақылап, «Жол жөнделсе, ауыл да жаңарады» деп ризашылықтарын білдіруде.
Ауданымызда қолға алынған бұл жобалар – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, ауылдың болашағын нықтауға бағытталған нақты істер. Келер жылы да аудан бойынша бірнеше елді мекеннің жолын жөндеу жоспарланып отыр.
Әлия Серікқызы,
Ақжайық ауданы