Кеше аудандық мәдениет үйінде ауданымыздағы М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің 90 жылдық мерейтойына арналған «Жәнібек колледжі: білім мен жетістіктер тарихы» атты салтанатты шара өтті.

М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл оқу орнының тарихындағы маңызды кезең, толағай табыстар мен жетістіктерге толы жол. 1935 жылы іргесі қаланған колледж, білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, мыңдаған түлектердің өміріне жол сілтеді. Бүгінде колледж дәстүр мен жаңашылдық өзара үйлесім тапқан, көпсалалы заманауи білім ордасы. Тарихи шежіресі бар, алғашқы болып механизатор мамандығы бойынша оқу орындарының бірі.

Тарихы терең бұл білім ордасы талай буын түлектерді тәрбиелеп, елге еңбек етіп жүрген білікті мамандарды даярлап келеді. Мерейтой барысында колледждің қалыптасу кезеңдері мен бүгінгі жетістіктері таныстырылып, әр жылдарда еңбек еткен ұстаздар мен түлектерге құрмет көрсетілді.

Мерейтой барысында құттықтау сөз аудан әкім Тимур Шиниязовқа беріліп, ол колледж ұжымын, ардагер ұстаздар мен түлектерді атаулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде аудан әкімі білім ордасының өңір дамуына қосқан үлесін атап өтіп, алдағы уақытта да жастарға сапалы білім мен тәрбие берудегі еңбектің жалғаса беретінін жеткізіп, бір топ колледж қызметкерлеріне, атап айтсақ, Бейбіт Даумов, Нұрлыбек Ғұбайдуллин, Гүлзия Хамиева, Арман Жұмабаев, Еркебұлан Бисенғалиев, Жансәуле Бекжанова, Аслан Нарынов, Аида Оразалиева, Абылай Әміровке алғысхат табыс етті.

Әрмен қарай марапаттау рәсімін колледж директоры Берік Ықсанов жалғастырып, колледждің өсіп-өркендеу жолында тер төккен педагогтар мен ардагер ұстаздарға алғыс білдіріп, 90 жылдық мерейтойға арналған төсбелгімен аудан әкімі Тимур Шиниязов пен колледж құрылғаннан бастап аталған мекемеде директор болған Амангелді Уахитовты, Сапарғали Сиражевті, Қабаш Жүнісовті, Мұратқали Ғазезовты, ұстаз болған Шамұрат Апсатировты, Ерсайын Құбашевты, Мағрипа Әшекенованы, Ғалымжан Шағыровты, Мукарама Аюпованы, Айман Ғазезованы, Татьяна Мисюринаны, Қобыланды Қошмұхамбетовты, Шолпан Наурызғалиеваны, Жанәбіл Рамазановты, Тыныштық Тырмышеваны, сондай-ақ оқу орындары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Ресей Федерациясының Палласов ауданындағы ауыл шаруашылық техникумының директоры Татьяна Гаруцаны марапаттады.
Шара барысында колледж тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың есімі ерекше атап өтілді. Соның ішінде 1970-1982 жылдар аралығында оқу ордасын басқарған, ұжым мен қоғамда зор құрметке ие болған Карл Мақашевтің еңбегі ескеріліп, бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Мерекелік кеште әрмен қарай құттықтау сөзді Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Райгүл Қуанышқалиева өз құттықтау сөзінде колледж ұжымының өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ісіндегі орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар колледж педагогтерінің кәсіби шеберлігі мен бірлігі ұжымның басты күші екенін айта келе, бірқатар ұстаздар мен әлеуметтік серіктестерге БҚО білім басқармасының құрмет грамоталары мен алғысхаттарын табыстады. Атап айтсақ, БҚО білім басқармасының құрмет грамотасымен Алиса Бақышева марапатталса, Әлия Исмағұлова, «Символ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Есқайыр Елемесов, «Бекнұр» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Үміт Бектенова, «Саян+» супермаркетінің басшысы Нұрлан Жұмагереевке БҚО білім басқармасының алғысхаттары табысталды.
Бүгінгі мерекелік басқосуға «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің бас маман-ұйымдастырушысы Марина Темірғалиева және заңгер, бас маман Гүлжанат Құрманғазиева қатысты. Өз сөзінде Марина Хамитқызы колледж ұжымының білім беру жүйесіндегі орны мен өңір жастарын кәсіби қолдаудағы еңбегін атап өтіп, алдағы уақытта табыс пен жаңа жетістіктер тіледі. Сондай-ақ «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісі колледж директоры Берік Ықсановқа табысталды. Сонымен қатар Серік Құрманғалиев, Бағдагүл Халелова, Болғаным Сахитова, Лаура Оспанова «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталса, «Ерен еңбегі үшін» медалін Гүлжан Есмұқамбетова, Ақжарқын Меңдіғалиева, Айдарбек Жұманиязов, Телжан Жылқыбаев кеуделеріне тақты. Сонымен аталған қоғамдық бірлестіктің құрмет грамотасы Тауасиқ Бекқалиевке, Айнұр Шаққалиеваға, Руслан Темірғалиевке берілді.
Шара барысында Ресей Федерациясының Палласов ауданындағы ауыл шаруашылық техникумының директоры Татьяна Гаруца сөз алып, меркемен құттықтап, колледжге баспа құрылғысын сыйға тартты.
Колледж ардагерлері атынан сөз сөйлеген Амангелді Уахитов ұжымның көп жылдық еңбегін атап өтіп, колледждің аймақтағы білім беру ісіндегі маңызды рөлін еске салды. Ол ұстаздар қауымына денсаулық, бірлік және кәсіби жетістіктер тіледі.

Колледждің 90 жылдық мерейтойы аясында өнерге толы бағдарлама ұсынылды. Оқу ордасында еңбек еткен Асылан Боранбаев «Ақбақай» әнін орындаса, колледждің 2007 жылғы түлегі Жанәбіл Мұстаев «Мақтанамын» әнін орындап, білім ордасына деген құрметін жеткізді.

Кештің ерекше тұсы Жәнібек колледжінің мерейтойына арнайы жазылған ән туындының тұсаукесері болды. Әннің сөзін колледждің өндірістік оқыту шебері, ақын Асылан Нарынов, әнін өңдірістік оқыту шебері Гүлзия Хамиева жазған. Шара соңында колледж ұжымынан құралған хор мерекелік әуенмен шараны түйіндеді.
Бану Самат
Жәнібек ауданы