9.11.2025, 21:37
Оқылды: 32

Облыс прокуроры іссапармен Бәйтерек ауданында болды

Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы іссапармен Бәйтерек ауданында болды. Переметныйда аудандық прокуратура ұжымымен кездесіп, аудан әкімдігінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, Қ.Аманжолов атындағы орта мектепте оқушылармен және ата-аналармен жүздесті.

IMG-20251109-WA0015

Содан соң Белес ауылдық округінде орналасқан «Батыс Пауэр» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті.
Облыс прокрурорының абылдауына келген тұрғындар алимент өндіру, баспана, жер дауы және несиелік міндеттемелер бойынша өз өтініштерін білдірді. Кездесу барысында аудан әкімі Марат Тоқжанов әрбір өтініш иесінің жағдайына жеке тоқталып, түсініктеме беріп отырды. Қабылдау барысында көтерілген кейбір өтініштер жеке және әлеуметтік сипаттағы мәліметтерге қатысты болғандықтан, азаматтардың жеке деректерін жарияламау мақсатында олардың аты-жөндері көрсетілмеді.
Мүгедектігі бар азаматша аудан әкімінен мүмкіндігі шектеулі ұлына жеңіл жұмыс қарастыруды сұрады. Ұлы арнайы мектеп-интернатта білім алған, тұрмыстық жұмыстарды (аула сыпыру, ғимараттардың алдын күтіп ұстау) атқара алады. Әкім мәселені назарға алып, жұмыспен қамту орталығы арқылы заң шеңберінде қолайлы жұмыс түрлерін ұсынуға ықпалдасатынын айтты.
Переметный орта мектептің мұғалімі Салтанат Қайыржанова жас мамандар атынан өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өтініш бергендерге не себепті әлі күнге дейін жауап жоқ екенін сұрады. Аудан әкімі бағдарламаның қаржыландырылуы республикалық деңгейде жүргізілетінін түсіндіріп өтті:
— Өткен жылы еліміздің бірнеше облыстарында су тасқыны болғаны белгілі. Оның қатарында БҚО-да бар. Қаржы соның салдарын өтеуге бағытталды. Қазіргі таңда бағдарлама уақытша тоқтап тұр. Қаржы бөлінген бойда кезекте тұрғандардың барлығы жеке шақырылады, - деді Марат Лұқпанұлы.
Адвокат Әйгерім Қажиева өз қорғауындағы азаматтың жер теліміне қатысты сот дауын баяндады. Оның айтуынша, заңды актілері болғанына қарамастан, екінші тұлға жерге меншік құқығын талап етіп, мәселе медиация арқылы шешілген. Алайда азамат ақшалай өтемақы төлегенімен, екінші тараптың талап-тілегінің өзгеруіне байланысты келісімнің шарттары толық орындалмаған. Аудан әкімі мәселені нақтылау үшін тараптар арасындағы қолхаттар мен құжаттардың заңдылығын тексеру қажеттігін айтты. Облыс прокуроры істі бақылауға алып, қылмыстық құрамның бар-жоғын анықтауды тапсырды.

IMG-20251109-WA0016
Қазіргі таңда Бәйтерек ауданында қоныстанған теректілік тұрғын көрші аудандағы апатты жағдайда тұрған үйге байланысты шағымын, қыстың көзі қырауда баспанасыз қалып қоямын ба деген қорқынышын жеткізді. Аудан әкімі азаматтың тұрғын үйсіз қалмайтынын айтып, жаңа баспана берілгеннен кейін ғана ескі үйден бас тарту процесі жүзеге асатынын түсіндірді. Облыс прокуроры тұрғынға жазбаша өтініш қалдыруды және істің орындалуын аудандағы әріптестеріне Теректімен байланысып, бақылауда ұстауды жүктеді. Тағы бір тұрғын жары қайтыс болғаннан кейін несиелік борыштың өзіне жүктелгенін айтып, үш баламен қалған оған несиені өтеу қиынға соғатынын айтып көмек сұрады. Прокурор сот шешімдері негізінде мәселені заң шеңберінде шешу жолдарын қарастыруға уәде етті.
Кейін облыс прокуроры Қ.Аманжолов атындағы орта мектепке барып, оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесті. Онда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, тәрбие мен жауапкершілік мәселелері сөз болды. Кездесуде Нұрбек Ұласбекұлы өңірдегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық статистикасын келтірді.

IMG-20251109-WA0013
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында заң мен тәртіп үстемдігіне ерекше мән берді. Облыс бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артқан. Яғни, 78-ден 89 дерекке дейін көбейген. Оның ішінде Бәйтерек ауданында 2-ден 7 дерекке өскен. Бұл – алаңдаушылық туғызатын көрсеткіш. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі түрлері ұрлық, тонау және бопсалау болып отыр. Осыған байланысты облыс прокуратурасымен бірнеше бағыттағы іс-шаралар жүзеге асуда. Олардың арасында «Цветной маршрут», «Көмек: Stop Bullying» және «Балаларды бірге қорғайық» секілді жобалар бар. Мәселен, «Цветной маршрут» жобасы жасанды интеллект негізінде анкеталық сауалнама жүргізуді көздейді. Ол балалардың мінез-құлқындағы тәуекел факторларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал «Көмек: Stop Bullying» жобасы – оқушылар арасындағы буллингтің алдын алуға бағытталған. Бұл бастама алғаш болып Батыс Қазақстан облысында қолға алынып, тиімділігін көрсетуде,- деген облыс прокуроры мектеп пен қоғамдық орындардағы бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл буллингтің немесе тәртіп бұзушылықтың алғашқы белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Кездесуде вандализм, кибербуллинг, есірткі таратушылар, дропперлер (басқа банктік шотқа ақша аудару) және интернет-алаяқтық тақырыптары да қозғалды. Облыс прокурордың айтуынша, соңғы жылы өңірде интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар 23 пайызға артқан. Сондай-ақ, «Білім туралы» заңның 47-бабына сәйкес, мектепте оқушыларға сабақ уақытында ұялы телефон қолдануға тыйым салынатыны еске салды. Бұл ережені бұзғанға да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Облыс прокурорының сапары одан соң «Батыс Пауэр» кәсіпорнында жалғасты.

Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале