Қаратөбе ауданында тағы бір жаңа кәсіпкерлік нысан «As Time» отбасылық асханасы өз жұмысын бастады.

Аудан тұрғыны, жеке кәсіпкер Ербол Нұрмағамбетов жетекшілік ететін ЖК «Нұрмұхан» ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсету мақсатында қоғамдық тамақтану орнын іске қосты.

Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5 млн теңге несие алып, өз қаражатынан 15 млн теңге қосып, жалпы құны 20 млн теңгені құрайтын жобаны жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жаңа нысан ашылып, екі тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.

Нысанның ашылуында сөз алған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев кәсіпкерді құттықтап, мұндай жобалардың ауыл экономикасына тигізер оң әсерін атап өтті.
– Ауылымызда жаңа кәсіп нысандарының ашылуы – тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, сонымен қатар сервистік қызметтердің дамуына жол ашады. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, бизнес бастаған жас кәсіпкерлердің көбейе беруіне тілектеспін, — деді аудан әкімі.

Кезегінде сөз алған жеке кәсіпкер Ербол Берікұлы өз алғысын білдіріп, жобаны жүзеге асырудағы мақсаттары мен болашақ жоспарлары туралы айтты.
– Бұл істі бастауымыздағы мақсат – ауыл тұрғындарына жайлы, сапалы қызмет көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу. Қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс айтамын. Алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз, - деді Ербол Берікұлы.

Нысанның лента қию рәсімін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мен Ербол Берікұлы бірге жүргізді.
Р. Абай,
Қаратөбе ауданы
