11.11.2025, 17:15
Оқылды: 58

Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!

Дәл осындай атаумен басталған жоба аясында жуырда «Қазына» коворкинг орталығында заңгер, қоғам белсендісі Бауыржан Заки «Мемлекеттік сатып алуға қоғамдық бақылау жасау» атты тренингін өткізді. Аталған жоба азаматтардың құқықтың сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып, бұл жиынға  ауыл тұрғындарымен қатар  мектеп оқушылары да қатысты.

572289544_18198811807316896_5817592475677300196_n

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» қағидасы іске асты, бірақ біз «Сын айтушы, ұсыныс беруші» қоғам болудан кешеуілдеп жүрміз. 02.09.2024 ж. Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының 9-шы бағытында қоғамда заң мен тәртіп  идеологиясын терең орнықтыру қажет» деп тапсырма берді. Осыларды ескеріп, қазақ коррупциясының феноменін зерттеуді қолға алу қажет және 2023 ж. шыққан «Қоғамдық бақылау туралы» Заңының қолданылуын БҚО-да жүргізілуін қамтамасыз ету керек. Жыл сайын  негізгі бенефициары халық, оның ішінде кәмелетке толмағандар болып табылатын мемлекеттік сатып алу жүйесінің және басқа да заңнамалардың шикілігі мен кейбір  лауазымды тұлғалар мен мердігерлердің заңсыз іс-әрекеті мен негізсіз іс-әрекетсіздігінен саны шектелмеген тұлғалардың конституциялық құқықтары бұзылуда. Мысалы, сатып алудағы шикілік пен заң бұзушылықтардың кесірінен оқушылардың сапалы білім алуға құқықтары бұзылса, су жүйесін уақытында қоспағаннан тұрғындардың таза ауыз суға құқықтары шектеледі. Жол мәселесі батыста тіпті ушығып тұр. Қазіргі уақытта жеке тұлғалар мен ҮЕҰ-дың  мемлекеттік сатып  алуға тәуелсіз қоғамдық мониторинг жүргізуі маңызды болып тұр. Себебі ол коррупция мен заң  бұзушылықтардың  профилактикасы және бюджет қаражатының тиімді игерілуіне көмектеседі, - деді заңгер.

Тренинг барысында қоғамдық бақылау ұйымдастыруды, заң бұзушылықтарды талдауды үйретіп, нысандарға мониторинг жасап, адвокация жүргізу туралы айтып өтті. Сонымен қатар қоғамдық бақылау жасауға рұқсат берілген заңнамалармен таныстырды. Атап өтсек, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық бақылау туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» және «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы». Одан бөлек Үкіметтің ашықтығын арттыру және азаматтарды екіжақты диалогқа тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту сынды тақырыптар қозғалды. Сондай-ақ 2022-2024 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы барып қайтқан қоғамдық бақылау жасалған  нысандар тізімімен бөлісті. Оның ішінде мектеп және тұрғын үй құрылысы, тас жолдары, балалар ойын алаңдары, шағын аудандар, көшелердің жөндеу жұмыстары да бар. Спикердің мәліметіне сүйенсек, тәуелсіз қоғамдық бақылаудың нәтижесінде 3 жылда БҚО бюджетін 116 686 748 т толтырғанын жеткізді.

- Мен 2020 жылдан бері жеке кәсіби заңгер, адвокат  ретінде жұмыс жасап жүрмін. Соның ішінде заңда «парабона» деген ұғым бар, яғни тегін әлеуметтік заң көмегін көрсету. 2020 жылы ауылдарды аралап заң көмегін көрсетіп, консультация өткізіп бастадым. Ауыл адамдары  сол кезде таң қалып, мен «бұл жақсы идея екен»  деген ойға келдім. Сөйтіп, қоғамдық белсенділікке араласа бастадым. Біртіндеп жол мәселелерін көтердім. 2023 жылы Оралда бірінші тренинг ұйымдастырдым. Өте қызықты, жақсы деңгейде  өтті. Сөйтіп, 2024 жылы Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларын араладым. Биыл 2025 жылы аудандар мен ауылдарды аралауға осындай жоба ұйымдастырдым және қоғамдық кеңес мүшелерін үйреттім. Азаматтық белсенділік танытатын аудандар қатарында Сырым, Жаңақала, Казталов аудандары бар. Соңғы кездері Бәйтерек ауданында  белсенділік жақсы байқалады. Бұл жерде түсіну керек басты қағидалардың бірі- билікке себепсіз сын айту емес, керісінше тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өзіне конституция берген құқықтарын талап ете алу. Қоғамдық белсенділік әкімдіктерге де көмекші бола алады, серіктес болып жұмыс жасау керек, –деді спикер.

273935d4-1a5b-45a8-91db-0a151bdc91ea

Отырыс кезінде  пікірлер ортаға салынып, жастар  тарапынан сұрақтар қойылып, сондай-ақ шара  аяғында қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.

Қыркүйек айында  басталған аталмыш  жоба осы күнге дейін  Жаңақала, Казталовка, Жымпиты, Бөрлі аудандарында және Орал қаласында өткізілсе, келесі тренинг легі Бәйтерек ауданы мен Ақжайық аудандарында өз  жалғасын табады.

Қаламқас Саясатова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале