12.11.2025, 10:30
Оқылды: 168

Жаңалығы мен жақсылығы көп Тасқала

Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылдық округіне Мерей, Айнабұлақ, Тоғайлы, Өркен, Аққайнар секілді бес елді мекен қарайды.

Мерейі үстем Мерей

Облыс орталығынан 45-50 шақырым қашықтықтағы аталмыш ауыл-аймақтың 1675 тұрғыны бар. Күрежолдан таяқ тастам жерде орналасқан округтің орталығына берекелі тұрмыс-тіршілік тән. 381 шаңырақ иесі күн сайын тіршілік қамымен тер төгіп, ауылдың ырысын арттырып жүр. Түтіні түзу ұшқан ауыл адамдарының біразы жергілікті шаруа қожалықтарында, бірқатары мектеп-балабақша мен медициналық мекемеде қызмет істеп, ал енді кейбірі өз кәсібін дөңгелетіп, ырыс-ырыздығын тауып отыр.

DSC06949

Мерейлі істердің бастауы халық пен биліктің бірлігінің арқасында ғана жүзеге асады. Осы ынтымақтың арқасында округте біраз іс тындырылды. Президент үнемі айтатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты Мерейде шын мәнінде жүзеге асып отыр, бюджет ашық, әр тиынның есебі бар. Төртінші деңгейлі бюджетке түсетін қаржы-қаражаттың қайда, қалай жұмсалатынын ауылдастар өзара ақылдасып шешеді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы да ауыл тірлігін түлетуге тың серпін берген екен. 2,5% жеңілдетілген несиеге қол жеткізген 17 азамат 95 ірі қара, 314 қой алып, қора-қопсысын малға толтырған. Осылайша еңбек еткеннің еңсесі көтерілді. Оның үстіне өріске шыққан мал да даланың сәні емес пе!

– Ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамытып қана қоймай, қаржылық сауаттылықтарын да арттыруда. «Қарызсыз қоғам» жобасы ауыл азаматтарына ақшаны орынды жұмсауды, үнемдеуді, инвестициялауды үйретті. Екі ауылдасымыз қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін бастады. Бұл –  шағын ауыл үшін айтарлықтай жетістік, – дейді округ әкімі Орынбек Насимуллин.

Бұл ауыл-аймақта жол, жарық және жылу секілді негізгі инфрақұрылымдық мәселелер шешілген. Мысалы, Айнабұлақ, Тоғайлы, Өркен ауылдарының көшелері толық жарықтандырылған. Ымырт үйірілсе болды, 150 шам жарқырап, түнгі ауылдың ажарын ашады. Ал Өркенге газ тарту жұмысы да аяқталып, желтоқсанда тұрғындар көгілдір отынның игілігін көрмек. Бұл – тұрғындардың көптен күткен қуанышы. Жол мәселесі де назардан тыс емес. Округ орталығы Мерейдің ішкі жолдары түгел жөнделді. Тоғайлы бағытындағы 3 шақырымдық жол жаңғырды.

Мерей ауылдық округінде бір дәрігерлік амбулатория мен екі фельдшерлік пункт бар. Осы нысандарда қызмет істейтін медқызметкерлер денсаулықтары сыр берген ауылдастарына тегін ем-дом жасап, дертіне дауа тапқан кәрі-жастың алғысына бөленуде.

Бұрынғы ескі амбулатория бүгінде жаңарып, жаңа кейіпке енді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделіп, көптің көңілінен шықты. Іші жылы да жарық, яғни халыққа жайлы.

Былтыр Мерейде екі пәтерлі сегіз үй пайдалануға берілсе, биыл Айнабұлақта тағы да жаңа үй салынуда. Үйлер салынып, амбулатория жаңарып-жаңғырып, жолдар жөнделіп, міне, осылайша Мерей ауылдық округі тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарған үстіне жақсара түсуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Су үнемдеу – ұлттық міндет» деген сөзі аталмыш ауыл-аймақта нақты іске айналды. «Тапай» мен «Жаңатаң» бөгеттері тереңдетіліп, суару жүйелері қалпына келтірілді. Ендеше, шаруа адамының су мәселесіне алаңдамауына толық негіз бар. Ал цифрлық дәуірдің талабына сай Тоғайлы ауылын ұялы байланыспен қамту жұмыстары қарқынды жүруде. Демек, Тоғайлының тұрғындары және бір қуанышқа кенелер күн  таяу.

Тазалық пен тәртіп – мәдениеттің айнасы

Мерей ауылын аралай жүріп, тұрғындардың тазалыққа тұрақты мән беретініне көз жеткіздік. Әр үйдің айналасы, аула маңы тиянақты тазаланған, тап-тұйнақтай.

– Тазалық пен тәртіп – мәдениеттің  айнасы. Ауыл азаматтарымен бірігіп жүргізілген тазалық шаралары аясында 30 тонна қоқыс шығарылды, 5 гектар аумақ тазартылды. Көктем келіп, жер кебісімен жас өскін тал-теректер отырғызылып, гүлдер егіп, ауылымыздың көшелерін көркейте түсу жыл сайынғы дағдымыз, – дейді округ әкімі.

DSC06947

Ал рухани-мәдени іс-шараларға тоқталсақ. Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» шарасы, «Арқанкерген» заставасында қаза болған мерейлік Алтынбек Кереевті еске алу турнирі – ұрпақ жадын жаңғыртқан игі дәстүрлердің жалғасы. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, еңбегі еленген азаматтарға мерейлі марапаттар табысталып келеді. Округтегі үш кітапхана әртүрлі әдеби-мәдени шаралар арқылы жергілікті жұрттың көңілін көтеріп, жанын жадыратады. Жүзеге асуы тиіс және бір жақсылық – «Жайлы мектеп» жобасы аясында Айнабұлақта жаңа білім ошағы бой көтермек. Мерейдегі ветпунктке жаңа көліктің берілуі ветеринариялық қызметтің сапасын арттыруға әсер етері анық.

Бірлігі бекем ауыл-аймақ қамқорлыққа мұқтаж, материалдық көмекке зәру жанұяларға жанашырлық танытудан да жаңылмайды. Мұндай сауапты істер әсіресе, Наурыз мейрамы, отыз күн Ораза мен Құрбан айт, «Мектепке жол» және қайырымдылық айлығы сияқты шаралар да жүйелі көрініс табады.

Округ орталығындағы Жеңіс саябағын ауыл азаматтары тізе қосып, күш біріктіріп, өз қолдарымен жаңалаған. Бірі шарбақты жаңаласа, бірі өрнектас төседі, енді бірі демалушыларға арналған орындықтарды орнатты. Жеңіс сарбаздарының құрметіне орнатылған мемориалдық тақта да көппен біткен іс.

DSC07107

Жыл сайын жергілікті мектептің түлектері біраз жақсылыққа ұйытқы болып жүр. Мысалы, биыл 130 миллион теңгеге Мерейдің жанындағы «Жиделі» мен «Бақалы» бөгендерінің арнасы тереңдетіліп, жағалауы беркітілді. Ауыл маңындағы бес бөген-бөгетке 16 мың шабақ жіберілді. Міне, осындай іргелі істер мен берекелі бастамалар Мерей ауылдық округінде жүзеге асуда.

DSC07101

Шаруасы шалқыған Шежін

Бүгінде 1110 тұрғыны бар Шежін ауылдық округінің құрамында 2-Шежін, Талдыбұлақ және Еменжар елді мекендер бар. Ауыл-аймақтың орталығында мектеп-бөбекжай-балабақша кешені мен фельдшерлік-акушерлік пункт жылдар бойы жүйелі жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ электр торабы, сумен қамту жүйесі, телефон және пошта қызметіне қоса, «Beeline» мен «Kcell» мобильді байланыс желілері бар. Округ құрамындағы кішігірім ауылдарда шағын білім ошағы мен кітапханалар баршылық.

Биыл Шежін ауылы үшін жаңару мен өрлеу жылы болды. Соның бір айқын мысалы – ауылішілік жолдар түгел жөнделіп, асфальт төселді. Мұндай игілік жаяуды да, көлік тізгіндегендерді де көктем мен күзгі шалшық пен балшықтан құтқарды. Округ орталығындағы 12 көшені асфальттауға қажетті жобалық-сметалық құжаттарды жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері өз ақшаларына жасатып берді.

DSC07223

Ветеринариялық қауіпсіздік жіті назарда

Ауылдағы ағайынды малдан адамға жұғатын ауру-сырқаудан арашалаудың төте жолы – төрт түлікті мүмкіндігінше әртүрлі дерт-кеселге шалдықтырмау.  Осыдан біразырақ күн бұрын пайдалануға берілген Шежін ауылындағы ветеринарлық пункт ветмәдениеттің арта түсуіне ықпал етері анық. Су жаңа нысанның тізгіні жас маман Нұрайым Серіковаға сеніп тапсырылды.

DSC07247

– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласы, ал оның тұрақты дамуы ветеринариялық қауіпсіздікке тікелей байланысты. Ветеринариялық шаралардың уақтылы атқарылуы – халық денсаулығын қорғаудың, мал өнімдерінің сапасын арттырудың және жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеудің басты кепілі, – дейді Нұрайым Сәтжанқызы.

Төрт түлік мал ауыл адамдарының негізгі күнелтіс көзі. Сол себепті де ауыл-аймақ үшін ветеринария мамандарының маңызы зор. Олар ірілі-ұсақты малдан қан алып әрі оларға уақтылы екпе егіп, жұқпалы індет атаулының алдын алу жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ жаңа әкелінген малды карантинге қойып, тексеруден өткізеді. Мұндай шаралар сібір жарасы, бруцеллез, құтыру сияқты қауіпті аурулардың таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Жаңа ветеринарлық пункт қажетті зертханалық жабдықтармен, арнайы тоңазытқыш-мұздатқышпен және емдік құралдармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда мамандар тек малды емдеумен шектелмей, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді.

Жас маманның қасында тәжірибелі Серік Дәкешев қызмет істейді. Ардагер ветеринар өз ісінің қыр-сырын жас басшыға үйретіп, ауылдағы ветеринариялық қызметтің сапасын арттыруға айтулы үлес  қосуда.

– Ауылдағы ветеринарлық қауіпсіздік тек мамандардың ғана емес, бүкіл тұрғындардың ортақ міндеті, – дейді осы саланың ардагері Серік Дәкешев.

DSC07250

Тасқала ауданында ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Аудан әкімі Талғат Шакировтың мәліметіне қарағанда, барлық ауылдық округте ветеринариялық талапқа сай мал молаларын салу жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

– Санитарлық және экологиялық қауіпсіздік жіті назарымызда. Алдағы бірер жылда тағы бес округте жаңа ветпункттер іске қосылады және ветеринариялық қатаң талапқа сай қосымша мал молалары салынады, – деді аудан басшысы.

Ауылға аңсары ауған ағайын көп

Өткен ғасырдың соңын ала ауылдан қалаға үдере көшу белең алғаны белгілі. Бұл үдеріс жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында да саябырси қойған жоқ. Қалаға ағылғандардың барлығы дерлік туған жердің түтінін сағынғанымен, талайының тағдыры қалаға байланып, ауылдарда иесіз үйлер көбейген еді. Бірақ бүгінде жағдай басқаша. Шежінде халық қайта көбейіп, ауылға аңсары ауғандардың қатары көбейе түсуде. Соңғы жылдары мектеп пен мәдениет үйіне, балабақша мен фельдшерлік-акушерлік пунктке жас мамандар келіп, еңбек жолын ауылдық жерден бастау үрдіске айналуда.

Ауыл әкімі Мержан Есқалиевтің мәліметінше, бүгінде Шежінде бос тұрған үй жоқ. Ал ауылға келем деушілер саны жыл сайын артуда. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан үй кезегінде тұрған азаматтарға және қалада пәтер жалдап жүрген тұрғындарға ауылға қоныстану жөнінде арнайы ұсыныс жасалған. Бірқатар азамат бұл бастаманы қуана қабылдап, ауылға көшуге келіскен. Көшіп келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Шежін ауылында екі пәтерлі бес жаңа тұрғын үй бой көтеріп, толықтай пайдалануға берілді. Әр пәтердің аумағы – 100 шаршы метр. Үйлер заманауи үлгіде салынып, тұрмысқа қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Жаңа баспаналар қаладағы үйлерден еш кем емес. Шежінде жаңа үйлер салып жүрген мердігер мекеменің өкілі Мирлан Өтешқалиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары уақтылы әрі сапалы атқарылуда.

– Тапсырыс беруші тарап қажетті құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізді. Жұмысшылардың жалақысы уақтылы берілді. Жұмысты осылайша жүйелі ұйымдастырудың нәтижесінде үйлер белгіленген мерзімде сапалы түрде салынып бітті, – деді ол.

«Ауыл азаматымен ажарлы»

Бүгінде Шежін ауылдық округінде шаруасын дөңгелетіп, кәсібін ілгерілетіп отырған 29 шаруа қожалығы бар. Олар өзара ұйымшылдық танытып, ауыл мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеугеқаржылай және материалдық көмек көрсетті. Алдағы уақытта ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктті жаңарту да күн тәртібінде тұр. Бұған қоса Еменжар елді мекеніне көгілдір отын тартылып, тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды. Бұл жақсылықтың жүзеге асуына да жергілікті кәсіпкерлер мен дәулетті шаруалардың қаржылай қолдауы зор болды. «Ауыл – азаматымен ажарлы» деген, міне, осы!

DSC07261

– Бүгінгі таңда ел ішінде «Бәрін әкімдік істесін» дейтін керітартпа көзқарас жоқ. Әр тұрғын өз ұсынысын ортаға салып, ауыл дамуына бей-жай қарамайды. Жергілікті қоғамдастық мүшелері де ауылдастардың пікірін талқылап, ортақ шешімге келеді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың арқасында талай жұмыс істелді. Алдағы уақытта да осы бағыттан айнымаймыз. Өйткені кеңесіп пішкен тон келте болмасы кәміл, – дейді округ әкімі Мержан Есқалиев.

Туған жерге деген перзенттік парыздың тамаша үлгісін ауыл түлектері де көрсетіп келеді. Мәселен, 1985 жылғы мектеп түлектері білім ошағының ауласында жеміс-жидек көшеттері мен тал-терек ексе, 1995 жылғы түлектер ауыл маңындағы баққа орындықтар орнатты. Ал 2005 жылғы түлектер мектеп ауласына балаларға арналған әткеншектер орнатуды қолға алды.

Қазіргідей цифрлық технология дәуірінде елді мекендерге интернет желісін тарту – өте маңызды әлеуметтік игіліктің бірі. Осы мақсатта Талдыбұлақ және Еменжарға «Жусан мобайл» компаниясының тегін интернет желісі қосылып, қос ауылдың үлкен-кішісі ортақ қуанышқа кенелді.

DSC07262

Иә, Тасқала ауданында тату-тәтті тірлік пен жасампаз еңбектің арқасында әрі халық пен биліктің мүдде бірлігінің нәтижесінде ауылдардың ажары артып, жергілікті жұрттың өмір сапасы жыл санап жақсара түсуде. Жақсылық  жалғаса  бергей!

P.S.  Ауыл адамдары  аманаттаған  кейбір  мәселелерді газетіміздің алдағы сандарының бірінде көтереміз.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале