16.01.2017, 17:38
Оқылды: 63

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

    Бүгін облыстық мемлекеттік архивте «Батыс Қазақстан облысының номенклатуралық қызметкерлерінің анықтамалығы» жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, екі томдық жинақтың ресми таныстырылымы өтті.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне компартия ардагерлері, өлкетанушылар мен тарихшылар арнайы қатысты. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов анықтамалықты құрастырушылар үлкен еңбек еткенін атап өтіп, олардың еңбектеріне табыс тіледі. Сондай-ақ өлкемізді зерттеуші мамандар үшін бұл анықтамылық кітаптың жоғары сұранысқа ие екендігін де тілге тиек етті. Бұдан кейін ұзақ жылдар бойы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Орал қалалық және облыстық партия комитеттерінің хатшысы қызметтерін атқарған Роза Көжекова мен Ұлы Отан соғысының ардагері, Орал облыстық тұтынушылар кеңесінің төрағасы және кәсіподақ комиетінің төрағасы болып қызмет атқарған Мұхтар Әжіғұлов кітаптың тұсауын кесіп, ойларын ортаға салды. Бұдан кейін облыстық мемлекеттік архивтің директоры Айжан Сауғабаева жаңа кітапты таныстырып өтті. Оның айтуынша, кітапта  1919-1991 жылдардағы губерниялық, уездік, облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің 1-ші, 2-ші, 3-ші хатшылары туралы толыққанды мәлімет жинақталған. Яғни, Кеңес үкіметі жылдарындағы облыс басшылары мен оның әкімшілік-аумақтық бірлігі құрамына кіретін партия жетекшілерінің өмірбаяны қамтылған. Сондай-ақ ғылыми-анықтамалық басылымда өлкемізде қызмет атқарған 870 жетекші партия қызметкерінің өмірбаяны мен қызметі туралы деректер бар. Анықтамалықта ұсынылған әр адамның туған жылы, туған жері мен ұлты, білімі туралы мәліметтер бар. Одан әрі қызметкерлердің еңбек жолын қысқаша баяндай отырып, Коммунистік партия құрамына енген күні де көрсетілген. Жинақта адамдардың Бүкілодақтық партия конференциясы мен партия сиездеріне делегат болып сайлануы және адамдарға саяси қуғын-сүргіннің қалай қолданылғаны туралы мәліметтермен толықтырылған.

Бүгінде анықтамалық тарихшы ғалымдар мен ғылыми жетекшілердің қызығушылығын тудырып, әр басшының өмірбаяны арқылы кеңес кезіндегі өлке тарихын тануға, аумақтық көлемдегі кеңестік партия элитасының және кеңес дәуірдегі кадр саясатының қандай маңызды болғандығын зерттеуге мол мүмкіндік береді.

 Ләззат Шағатай,

Темірболат Тоқмамбетов

www.zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале