Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов ауданның 2025 жылдың басынан бері жүзеге асқан әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерімен бөлісті. Әкім өз сөзінде негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды да таныстырды.

Аудан басшысының айтуынша, 2025 жылға арналған аудан бюджеті 5 млрд 708,3 млн теңге көлемінде жоспарланған. Ағымдағы жылдың 10 айының жоспары 4 млрд 444,8 млн теңгені құраса, соның 3 млрд 833 млн теңгесі орындалып отыр, яғни 86,3% көрсеткішке жеткен. Аудан бюджетінің өзіндік кірістері 1 млрд 158,1 млн теңге көлемінде жоспарланып, нақты түсім 1 млрд 630,4 млн теңгеге жеткен. Дегенмен бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,7%-ға төмен. Салықтық түсімдер 1 млрд 576 млн теңгеге орындалған. Жұмагелді Жолдыбайұлы атап өткендей, аудан экономикасының дамуы үшін негізгі басым бағыттардың бірі – инвестиция тарту. Биыл негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 8,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Соның ішінде 5,1 млрд теңгесі – жеке, ал 3,2 млрд теңгесі – бюджеттік инвестициялар.
– Қазіргі уақытта жалпы құны 5,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асуда. Бұл жобалар нәтижесінде 145 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ірі жобалар қатарында Жамбыл ауылында «Берекет» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан құны 1 млрд теңгелік тауарлы сүт фермасы бар. Бұған қоса Жымпиты ауылында «Alash Metan» ЖШС 600 млн теңгеге аутокөліктерге арналған газ құю бекетін, «Бұлан» шаруа қожалығы 150 млн теңгеге жанар-жағармай стансасын салып жатыр. «Нұрдаулет», «Миллат» және «Тікенбай» шаруа қожалықтары 660 млн теңге көлемінде 800 басқа арналған мал бордақылау алаңдарының құрылысын қолға алған, – деген әкім туған жерге жанашыр азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.
Ж. Батырниязов ауыл шаруашылығы саласындағы нәтижелерге тоқталды. Оның сөзінше, аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданның 8 шаруашылық құрылымы 182 млн теңгеге 336 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Оның ішінде 92 бас – әулиекөл, 213 бас – ақбас, 31 бас – симментал тұқымды малдар. Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде аудан бойынша 12 403 тонна сүт өндірілген. Оның 10 783 тоннасы – жеке тұрғындарға, ал 1 620 тоннасы – шаруашылық құрылымдарына тиесілі. Мал шаруашылығы өнімдерін субсидиялау бойынша ауданның 146 шаруа қожалығына жалпы көлемі 616,8 млн теңге субсидия төленген. 48 шаруа қожалығы лизинг және өз қаражаты есебінен 100 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.
– Ауданның ауыл шаруашылығы саласы дәстүрлі түрде өңір экономикасының тірегі болып қала бермек. 2025-2026 жылғы мал қыстағына 101 мың шартты мал басын кіргізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта аудан бойынша 191 мың тонна мал азығын дайындау қажет болса, өткен жылдан қалған 10 мың тонна қор есебімен биылғы жылы 220,9 мың тонна өнім дайындалған. Бұл көрсеткіш жоспардың 115,8 пайызын құрады. Бұл – біздің шаруашылықтардың еңбекқорлығы мен ұйымдастыру қабілетінің нәтижесі. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, аудан еңбеккерлері өз малының азығын артығымен дайындап отыр. Биыл егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі – 24 356 гектар. Оның ішінде 14 419 гектары – дәнді дақылдарға (жаздық және күздік бидай, арпа, тары, құмай), 4 430 гектары – майлы дақылдарға (күнбағыс, мақсары), ал 5 507 гектары мал азықтық екпелі шөптерге тиесілі. Егіс жұмыстарына барлығы 38 шаруа қожалығы қатысып, 13 197 гектар дәнді дақыл орылып, гектарына орташа 10 центнерден өнім алынды. Нақты деректерге сүйенсек, 2 356 гектар жерге егілген күздік бидайдан 3 720 тонна өнім алынды. 5 205 гектар жаздық бидайдан – 4 892 тонна, 4 290 гектар арпадан – 3 830 тонна өнім жиналған. 76 гектар тарыдан – 76 тонна, 1 270 гектар құмайдан 687 тонна өнім алынған. 1 180 гектар майлы дақыл орылып, гектарына 9,6 центнерден өнім беріп, жалпы 1 128 тонна өнім алынды. Биылғы жылы ауданда ұжымдық бау-бақша егу ісі алғаш рет қолға алынды. Бұл бастама ауыл тұрғындары арасында үлкен қолдау тапты. Соның нәтижесінде 5 гектар жерге картоп егілді. Оның 1 гектары – «Уайс» шаруа қожалығының, 2,9 гектары – ұжымдық бау-бақшаның, ал 0,9 гектары жеке тұрғындардың үлесінде. Өнімділігі – гектарына 150 центнер. Жалпы 72 тонна картоп жиналды. Бұдан бөлек 12 гектар жерге егілген көкөніс дақылдарынан гектарына 153 центнерден өнім алынып, жалпы 182 тонна өнім жиналды. Көкөніс егуде де ұжымдық және жеке шаруашылықтардың қатысу үлесі жоғары. Ал қарбыз-қауын бойынша 9 гектар жерден гектарына 160 центнер өнім алынып, жалпы 111 тонна өнім жиналды. Бұл жұмыстарға «Қарақұдық» және «Уайс» шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар атсалысты. Ұжымдық бау-бақша егу – ауыл тұрғындарының өз жерін тиімді пайдалануға, қосымша табыс табуға мүмкіндік беретін жоба. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыс жандана түседі, – деді спикер.
Мемлекет тарапынан ауыл еңбеккерлеріне қолдау да аз емес. Биыл ауданның 23 шаруа қожалығы жалпы көлемі 588 тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген. Оның 484 тоннасы – көктемгі дала жұмысына, ал 104 тоннасы мал азығын дайындауға бөлінген. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануда назардан тыс қалмаған. Биылғы жоспар бойынша мемлекет меншігіне 10 мың гектар жер қайтарылуы тиіс болса, қазіргі таңда 9 780 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды.
– Құрылыс саласы ауданның әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқарады. Биылғы ақпан айында спорт залы, асхана, кітапхана және өзге де қажетті бөлмелері бар «Сырым» колледжінің 30 орындық жатақханасы пайдалануға берілді. Нысанның жалпы құны – 648 млн теңге, жалпы алаңы – 1 180 шаршы метр. Шілде айында жаңа техникамен және заманауи құрал-жабдықпен қамтылған өрт сөндіру бөлімі іске қосылды. Бұл ғимарат көршілес аудандарға да қызмет көрсетеді. Нысанның құны – 560 млн теңге. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында да бірқатар жоба іске асты. Шағырлой ауылында 205 млн теңгеге жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты, ал Бұлдырты ауылында 376 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория салынды. Бұған қоса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жымпиты ауылындағы жаңа кітапхана құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Нысанның құны – 432 млн теңге. Жымпиты ауылында мал моласы (жоба құны – 29,8 млн теңге) және балалар ойын алаңы мен спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалардың мердігерлері – «СК Алаш» және «ТABS QURYLYS» компаниялары, – деді ол.
Жұмагелді Батырниязовтың айтуынша, 2025 жыл өңір үшін әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму кезеңі ретінде есте қалмақ. Аудан бойынша жол құрылысы, ауыз су жүйесін жетілдіру, тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Биылдың өзінде ауданның ең ірі елді мекендерінің бірі – Бұлдырты ауылында жалпы ұзындығы үш шақырымды құрайтын алты көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. К.Оңғарбеков, Б. Момышұлы, О. Сапиев, Құрманғазы, Ершуриев және С. Датов көшелерін қамтыған жобаны «Ануш Құрылыс» ЖШС сапалы орындаған. Аудан әкімі атап өткендей, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары мұнымен шектелмейді.
– Алдағы жылдары Аралтөбе, Талдыбұлақ, Тасқұдық, Қоңыр және Қосарал ауылдарына кірме жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Жымпиты, Тоғанас және Өлеңті ауылдарындағы ішкі жолдарды жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамадан өтті. Қаржы бөлінуіне қарай бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді аудан басшысы.
Аудан тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл төрт ауылда (Жымпиты, Алғабас, Қызылағаш және Бұлан) спорт алаңдары мен спорт залдарын жөндеу қолға алынған. Қазіргі таңда Алғабас, Қызылағаш ауылдары мен Жымпиты ауылының Қарасу ауданындағы спорт алаңдарының жабыны толық ауыстырылды. Бұлан ауылындағы спорт зал мен Жымпитыдағы Сырым саябағындағы спорт алаңын жөндеу жұмысы жалғасуда.
Қазіргі таңда аудан халқының 99,5%-ы сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу мақсатында нақты шаралар қабылданған. Биыл Сасықкөл, Жаңаөңір және Қарақұдық ауылдарында су тазарту стансалары орнатылған. Әрқайсысының құны – 8-9 млн теңге аралығында. Бұл нысандар «ЖК Рустембек» және «ЖК Айсара» мердігер ұйымдары арқылы іске асырылған. Бұған қоса Қосарал және Жетікөл ауылдарында жер асты суының азаюына байланысты ауыз су тапшылығы мәселесі өткір тұр. Бұл бағытта «Қосарал және Жетікөл ауылдарының су құбырын қайта жаңарту» жобасының ЖСҚ-сы дайындалып, сараптамадан өткен. Құны 774,1 млн теңгені құрайтын бұл жоба 2026 жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. «Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 2025 жылдың 8 шілдесінде бюджеттік өтінім тапсырылды», – деді әкім. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Сырым ауданы таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылған өңірлер қатарына қосылады.
Брифинг барысында аудан тұрғындарының өтінішімен шешімін тауып жатқан мәселелер де аталды.
– Жымпиты ауылында апатты үйлерде тұрып жатқан тұрғындарға арналған 3 қабатты 36 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Осылайша, 72 отбасы жаңа пәтердің кілтін алады. Білім беру саласында да маңызды жобалар бар. Қоңыр ауылындағы А. Жұмағалиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешені күрделі жөндеуден өтуде. Жоба құны – 607,9 млн теңге. Жөндеу жұмысын «Наурыз» ЖШС жүр-гізіп жатыр. Сонымен бірге Қосарал ауылына дейінгі кірме жолдың 14-26 шақырым аралығындағы бөлігі жөнделмек. Бұл жобаның жалпы құны – 775 млн теңге. Мердігер – «Тоби» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «КИУС» ЖШС. Қазіргі таңда мердігер компания өз қаражаты есебінен құрылыс материалдарын жеткізуде. Ал Жетікөл ауылында су бөгетін қалпына келтіру басталды. Жоба құны – 216 млн теңге. Мердігер – «Құрылыс Газ» ЖШС. Жыл соңына дейін бөгет пайдалануға беріліп, ауыл шаруашылығы және тұрмыстық мақсаттағы су тапшылығы мәселесі шешілмек. Әлеуметтік сала бойынша да оң өзгерістер байқалады. 2025 жылдың есепті кезеңінде 62 отбасындағы 345 адамға жалпы сомасы 20,2 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 млн теңгеге азайғаны, яғни аудандағы мұқтаж азаматтар санының қысқарғанын білдіреді. Жергілікті өкілетті құрылымдар шешімімен 470 азаматқа 33,3 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер төленді. Жұмыспен қамту саласында да көрсеткіштер жақсарғанын атап өткен жөн. 2025 жылдың 1 қарашасына аудан бойынша тіркелген жұмыссыздар саны 831 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға азайған. «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 22 адам жолданып, 471 адам тұрақты жұмысқа орналасты. «Жастар практикасы» – бағдарламасы бойынша 47 жас маман тәжірибеден өтсе, «Күміс жас» жобасы арқылы 20 азамат еңбекке тартылды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 162 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып, 22 тұрғын 33,7 млн теңгенің қайтарымсыз грантын алды. Бұл гранттар негізінен мал шаруашылығын дамыту, сүт өнімдерін өндіру, тұрмыстық қызмет көрсету және шағын өндіріс ашуға бағытталған, – деді Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Аружан Болатбекқызы,
«Орал өңірі»