13.11.2025, 17:30
Оқылды: 85

Кітапханашы  Кербез

13 қараша – Халықаралық  зағиптар  күні

 

Қарашаның 13-і – халықаралық зағиптар күні қарсаңында облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханаға жол түсті. Кітапханашы Кербез Қадырбекова мұнда ширек ғасырдан астам уақыттан бері қызмет етуде.

Арнайы кітапхана бүгінгі заман талабына сай жабдықталған. Оқырмандарға мәдени-танымдық, әдістемелік, ақпараттық бағытта қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету бөлімі, кітапхана қорын толықтыру және өңдеу бөлімі, тифло-ақпараттық библио-графиялық қамтамасыз ету бөлімі және дыбыс жазу студиясы бар. Сонымен бірге кішкентай оқырмандар үшін қуыршақ театры да жұмыс істейді. Бұл жерде тифло-мультфильмдер де көрсетіледі. Шығармашылық қабілеті зор кітапханашылар «Балаларға базарлық» тақырыбында ертегілерге, әңгімелерге аудио-подкасттар жазады. Ал біз жүздескен Кербез Ердәулетқызы – тифло-ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, І топтағы көз мүгедегі.

Ол алғашқы еңбек жолын 1998 жылы осы мекемеде кітапханашы болудан бастады. Сол жылы «Брайлист» үйірмесін ашты. Оның мақсаты – ересек кезінде көз жанарынан айырылған оқырмандарға Брайль жүйесінде оқу, жазуға үйрету, олардың қоғамнан сырт қалмай, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуына ықпал ету. Сонымен бірге «ақ таяқтың» көмегімен бағыт-бағдар табуды, тифложабдықтарды пайдалануды, шахмат-дойбы ойнауды үйретті. Кейін әдіскер болып, аудандардағы мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін кітапханашыларға әдістемелік көмек көрсетті.

DSC08263

– Тифло-ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі көзі көрмейтін жандарға Брайль жүйесінде жазылған кітаптар мен журналдар, балаларға арналған кітаптар шығарады. Олардан бөлек түрлі жобалар бар. Солардың бірі – зағип жандарға өлкеміздің ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттауға арналған «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» жобасы. Біздің бөлімде жыл сайын түрлі аутордың шығармасы нүктелі-бедерлі қаріппен жарық көреді. Мысалы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-жазушы Мұнайдар Балмолданың «Абадан», ақын Асантемір Қаршығаұлының «Шідерлі шер», ақын Талап Таймасұлының «Тоғыс» кітабы және басқа кітаптар нүктелі-бедерлі қаріп түрінде шықты. Бұл кітаптардың ауторларымен кездесу кештері өтті. Зағип жандар түрлі іс-шараларға бара бермейтіндіктен, кітапхана оқырмандарына рухани, мәдени бағытта кештер ұйымдастырудың маңызы зор. Сонымен бірге елімізде Брайль қарпінде жарық көрген қазақ тіліндегі өлкетану бағытындағы әдебиеттер өте аз. Мәселен, «Абадан» романы үш кітап болып шықты. Мұндай бір кітапты шығаруға алты ай уақыт кетеді. Оның да ережесі бар. Кітап беті 160 беттен аспауы керек. Бір бетте 30 жол және 26 белгі болады. Мәтін екі жағына да жазылады, – деп түсіндірді бөлім басшысы Кербез Ердәулетқызы.

Кітапханашылар қолға алған тағы бір әлеуметтік маңызы бар инклюзивті жоба – «Сөйлейтін суреттер». Жоба қылқалам шеберлерінің суретін зағип жандарға қолжетімді ету мақсатында қолға алынған. Күні бүгін көпформатты екі басылым жарық көрген. Онда суретшілердің бейнесі, салған суреттері бедерлі-нүкте, ірі қаріп және аудио түрінде дайындалған. Яғни суреттерге тифло-түсініктеме мен интерпритация беріледі. Осылайша қылқалам иесінің түр-сипаты мен суреттің мазмұнын сипаттайды. Ақпаратты аудио-видео және флипбук (шағын кітап) нұсқадан да тыңдап, оқуға болады. Бұл жоба суретші Сәкен Ғұмаровтың музей-үйімен бірлесіп жүзеге асуда. Мұндай кітаптар батыс аймақтағы үш облысқа таратылған.

– Кітапханада атаулы күндерді де ұмыт қалдырмаймыз. Мәселен, қаңтардың 4-інде Луи Брайль әліппесі күні аталып өтеді. Ол – француздың әйгілі тифлопедагогі. Әлемдегі зағип жандардың білім алуына мүмкіндік берген Брайль әліпбиінің негізін қалаушы. Брайль жазуы үшін алты  нүктеден тұратын торды пайдаланады. Оның ерекшелігі, оң жақтан бастап жазады, оқығанда сол жақтан бастап оқиды. Арнайы белгіленген әріптер, цифрлар, тыныс белгілері мен арнайы белгілер бар. Қазанның 15-інде халықаралық ақ таяқ күні аталып өтіледі. Зағип жандардың көбі таяқ ұстап, бағыт-бағдарын айқындап жүретіні белгілі. Сондықтан бұл күннің мақсаты – оларға қоғамның назарын аудару, бағыт көрсету. Ал 13 қарашада Халықаралық зағиптар күні назардан тыс қалмайды. 1745 жылы дәл осы күні Валентин Гаюи дүниеге келген. Ол – Францияның Париж қаласында  зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған. Жалпы бұл жерде  жұмыс істеген өте қызық. Кітапханашылар – әмбебап мамандар. Көп ізденеді. Мұнда жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалуда. Қазіргі заман талабына сай жасанды интеллект қолданыла бастады.  Мысалы, бұрын бір ертегінің суреттерін журналдан сканерлеп алсақ, енді суретті ЖИ арқылы жасау қолға алынбақ, – деді бөлім басшысы. Айта кету керек, көз мүгедектігі бар жандарды қолдау мақсатында өтетін «Таланттар тоғысқанда» деген жоба бар. Соның аясында көз жанарынан айырылған өнерлі жандармен кездесу кештері өтеді.

Аудандарда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың пункттері және Бөрлі мен Ақжайық аудандарында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін сектор бар. Оларда жұмыс істеуге арнайы кітапханашы бекітілген. Қазір облыстық арнаулы кітапхананың кітап қоры – 50 мың. Оның 29426-сы – арнаулы кітаптар. Қазір 2300-ден астам оқырманы бар.

DSC08308

Күнзипа Биалиева, зейнеткер, оқырман:

– Бала кезімнен көзім көрмейді. Десе де, кітап оқып, аудио нұсқада тыңдаймын.  Кітапханада өтетін түрлі мерекелік, әдеби-сазды кештерге қатысамыз. Өзім Әзілхан Нұршайықовтың «Аңыз бен ақиқат», «Махаббат қызық мол жылдар» кітаптарын, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романдарын оқыдым. Қазір балалардың кітап оқуға деген қызығушылығы төмен. Негізі, кітап оқытуға ата-ана ықпал етуі керек. Ең болмаса, 20-30 минут уақыт бөліп, қадағалап отырса да жеткілікті.

 DSC08310

Темірболат Садыров, зейнеткер, оқырман:

– Бір көзіме ота жасатқан соң, бес жылдай жүрдім. Алайда 2019 жылы көзім көрмей қалды. 2021 жылдан бері осы кітапхананың тұрақты оқырманымын. Кітапханашылар жылы қарсы алып, көптеген іс-шараға қатыстырады. Мұнда оқыған кітаптарымызды талқылаймыз. Осы жерде өзімізбен тағдырлас адамдармен танысып, әңгімелесеміз. Марқұм әкем кітапханашы болды. Менің де кітапқа қызығушылығым бала кезде басталды. Жанарымыз көрмесе де, көкірегіміз ояу. Біз сияқты зағип жандардың төрт қабырғаға қамалып үйде отырып қалмай, көпшілікпен араласуға таптырмас мекеннің бірі – осы кітапхана.

 

Айна Имашева

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале