13.11.2025, 15:30
Оқылды: 200

Бөрлідегі трактор тізгіндеген мұғалима

Адал еңбекпен адал кәсіп жасап, әйелдің орны отбасы, ошақ қасы бола тұра ерлер мен иық тіресе  еңбек ететін нәзік жандыларымыз қаншама? Солардың бірі де, бірегейі, ауыр техниканы жүргізіп, ауылшаруашылығында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, трактор тізгіндеп, дала төсін дүрілдетіп жүрген, әрі мұғалім-ұстаз Гүлнар Бораншиеваны бірі білсе, бірі білмес.

 трак

«Еңбек ету ерге ғана емес, әйелге де парыз»

Негізгі мамандығы мұғалім бола тұра,ауыл шаруашылығы саласына ден қойған жанның еңбегі көпке үлгі.

Иә, Гүлнар Қадырғалиқызы Ақсай қаласындағы №2 ЖОББ мектебінде денешынықтыру пәнінінің мұғалімі. Өзінің айтуынша көп балалы отбасынан шыққан ол, көбінесе әке қасында жүріп, шаруаға икемделген. Әкесі жасынан зейнет жасына дейін жүргізуші, механизатор болған жан екен. Ауылшаруашылығы саласының үздік маманы ретінде бірнеше марапаттың иегері.

Бүгінде тракторды тізгіндеген нәзік жанның қатары сирек, тіпті жоқтың қасы. Ал Гүлнар апамыздың осы бір қарекеті қазақ  әйелінің байырғы болмысына саяды.

Сұқбат барысында апамыз «мені адам қылған алдымен еңбек» дегенді жиі айтты және балалары мен немерелеріне де басынан өткен оқиғаларды баяндап, әрекетке берекет екенін жиі айтып отыратынын да айтып өтті.

- Бала күнімізден қолға қуыршақ емес, кетпен ұстап, ойынның орнына еңбекке араластық. Жаз шыға жер жыртып, арам шөп жұлып, егін жинадық. Қыс түссе, қорадағы малдың күйін күйттеп, ата-анамыздың қас-қабағына қарап, әр істі үйрендік. Сол кездегі шаруа жеңіл болған жоқ, бірақ сол сәттер бізді шыңдады, төзімді етті. Біз дейтінім, қыздардың ішінде менен кейінгі сіңілім екеуміз техникаға өте жақын болдық. Трактор, комбайн айдап, әкемізге, ағамызға болыстық. Ол кезде мектепте 8 сыныптан соң, еңбекке араластырып әр ауылға, шопандарға көмекке жіберуші еді. Трактордың гүрілімен оянған таңдар, дала төсінде төгілген маңдай тер,бәрі-бәрі сол кездегі өміріміздің ажырамас бөлшегі еді. Бізге таңдау берілмеді. «Мынау әйелдің ісі, мынау ер адамның жұмысы» деп бөлген ешкім жоқ. Тірлік бар жерде еңбек ету – парыз.

Жастайынан осындай еңбекке араласқан кейіпкеріміз әлі де трактор тізгіндеуден қол үзбей бүгінде, ата кәсіпті қолға алған балаларына болысып жүр. Балалары ауданымыздағы Пугачев ауылына қарасты Бесағаш деген жерінде шаруа қожалығын құрып, шаруасын дөңгелетуде.

- Негізгі мамандығым мұғалім. Денешынықтыру пәнінен сабақ беріп, барымша балаларды спортқа тәрбиелеудемін. Бала кезден бауырларыммен бәріміз спортқа жақын болдық. Соның да ықпалы болар, менің денешынықтыру пәнін таңдағаным.

Ал былайғы мектептен бос уақытымда шаруашылыққа қажет орақ тб дайындап, трактор айдап, жер жыртып, егін егіп, шөп шауып, балаларыма қолқабыс етемін. Шаруа қожалығымызда ірі қара мал өсірумен бірге құс та өсіреміз. Былтырға дейін 500 қаз баптаған болсақ, биыл 200-ге азайттық. «Еңбектің наны тәтті» демекші  ауқат етіп жесең де, сатылымға шығарсаң да бәрі адал еңбекпен келген адал табыс көзі.

 Үйлену... Екеу боп өмір сүрудің жолын үйрену

Жеке өмірінде де, қызметте де белсенділік танытып жүрген Гүлнар апай жолдасы Толыбай ағамызбен тұрмыс құрып, 5 азаматты дүниеге әкелген ардақты ана.Толыбай ағамыз да ауылшаруашылығының маманы. Отбасы өмірімен шектелмей,өз мамандығымен де қызмет жасап, қала берді ауыл шаруашылығын да меңгеріп, ерлерше тіршіліктің тірегіне айналған бұл кейіпкеріміздің осы бір еңбексүйгіштігі көп отбасыға өнеге.

 

- «Қай жерде болсын, қай елде, әлемнің мәні әйелде», отб- дейді ақындарымыз. Шынымен өмірдің мәні мен сәні әйел адам. Бірақ әйел екенмін деп үйде отыра берген жараспайды. Қазір көп жастар болмайтын психологтардың сөзін «ұран» етіп, «Еркектің алдына түсіп жұмыс жасама, нәзік әйел екеніңді көрсет. Үйдегі тірліктің көбін сен жасап жүрген болсаң, онда сенің қадірің болмайды т.с.с»

Бос сөз! Жаратушы өзі жұп етіп жаратты, бір-біріне демеу, сүйеу, толықтырушы -болсын деді. Бұдан артық қандай түсіндіру керек. Адам адаспау керек болды!

- Дұрыс адам болу жолында өмірдің әр сатысынан өткен сайын ізгілік іздедік. Ес білген шақта әке-шешемізге қайтсек көмектесеміз деп алып ұштық. Сол мақсаттың жетегінде жүріп тірлікке ерте араластық. Оған өкініш жоқ, қайта етіміз ерте пісті, ерте ширадық. Қала берді отбасылық өмірдің де діңгегін мықты ету үшін, жолдасымызға болыстық, аяққа тұру үшін «менің жұмысым, сенің жұмысың» демей, шаруашылыққа белсене араластық. Сол еңбектің арқасы деп ойлаймын қазір де міне, сіздердің қаламдарыңызға арқау болып отырғанымыз. Ауыр жұмыста жүріп, өзімнің әйел, ана екенімді ұмытқан емеспін. Әйел де, ана да болу өмірдің ең ұлы жеңісі. Бала тәрбиесінен де жырықтап қалмадым, - деді тракторшы апай.

Шаруа жастар көбейсе...

Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Бүгінде оның балалары да ата-анасының жолын жалғап, шаруашылық саласында тер төгуде. Ұлдары өз отбасыларын құрып, өмірдің әр қиындығына мойымай еңбек етуді серік еткен. Гүлнар апа мен жолдасы балаларының өз алдына түтін түтетіп, елге адал қызмет етіп жүргендеріне мақтанады.

тр

- Уақытында трактор да, комбайн да жүргіздік, әлі де реті келсе жүргіземін дедім жоғарыда. Бұрын бұзылып қалса, қолымыз май-май болып, өзіміз жөндейтінбіз. Қазір заман өзгерді, байырғы ескі тракторлар жоқ. Көбі жаңа, бұзыла бермейді. Бұрын ауыр жұмыстың бәрі қол күшімен атқарылса, бүгінде заманауи технологияның арқасында шаруа жеңілдей түсті. Жер жырту, егін егу, мал бағу – бәрі жаңа техниканың көмегімен әлдеқайда оңай орындалады. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытатын жастар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді Қазіргі жас буынның жолы ашық, өмірі жарқын болсын! Еңбектің мәнін түсініп, қадіріне жете білсе деймін.. Қазіргі таңда кәсіби білім алу, маман атану үшін барлық жағдай жасалған. Біз еңбектің қыр-сырын өмірдің өзінен үйрендік, ал қазір бұл кәсіпті ғылыми тұрғыдан меңгеруге мүмкіндік мол. Техника қанша жетілдірілсе де, оны басқарып, жаңа белестерге шығаратын мамандар қажет. Сол себепті жастар осы салаға бет бұрып, білімін жетілдіріп, ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қоса берсе екен, - дейді кейіпкеріміз.

P/S: Бір тақырып аясында адал еңбек, отбасы құндылығы, бала тәрбиесі де тақырыпқа арқау болды. Бәрі де шынайы. Аналық мейіріммен, адал еңбекпен өрілген өмір көрінісі еріксіз көз алдыңа елестейді. Бесік тербеп ана, шәкірт тәрбиелеп ұстаз, одан қалса трактор тізгіндеп шаруаға бел шеше кірісетін болмысы бекзат әйел –ана шын бақытқа лайық.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале