Қалалық көпбейінді ауруханада ангиография аппаратының көмегімен геморрагиялық және ишемиялық инсульттің алдын алуға бағытталған жоғары технологиялық оталар МӘМС аясында жүйелі түрде атқарылып келеді. Жыл басынан бері нейрохирургия бөлімшесінде 700-ден астам пациент ем қабылдап, оның ішінде 450 науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен күрделі оталар жасалды.

Солардың бірі – 69 жастағы зейнеткер. Дәрігерлер пациенттің сол жақ ұйқы артериясында миға қан жеткізетін негізгі күре тамырдың қатты тарылғанын анықтаған. Мұндай жағдай дер кезінде ем көрсетілмесе, ауыр ишемиялық инсультке әкелуі мүмкін еді.
Нейрохирург Серік Ерниязовтың айтуынша, пациент МӘМС шеңберінде барлық қажетті тексерулерден өтіп, эндоваскулярлық әдіспен ота жасалған.
– «Біз тарылған аймаққа стент қойдық. Стент орнатылғаннан соң тамыр толық ашылып, миға қан ағымы қалпына келді», – деді нейрохирург.
Мамандардың айтуынша, мұндай оталар инсульттің ауыр зардаптарының алдын алып, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай септігін тигізеді.
Сымбат Қыпшақбай,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының бас сарапшысы