Кеше С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық ардагерлер ұйымы және «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты ардагерлердің аудандық шығармашылық байқауы өтті.

Өмір жолдары өнегеге толы ақсақалдар мен ақжаулықты аналар – өткен мен бүгінді жалғаушы алтын көпір, өмір мектебі, халықтың даналық қазынасы. Олардың жүріп өткен жолдары – ел тарихының шежіресі, ұлт ұлағаты мен ұрпақ тәрбиесінің тірегі.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде вокалдық топтар ән орындаса, екінші кезеңде ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді насихаттайтын сахналық көріністер қойылды. Ардагерлердің сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберліктерін аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жүсіп Шакуов, аудандық мәдениет үйінің шара ұйымдастырушысы Аягүл Шоқпанова, Мұхаметжан Ғұмаров атындағы халық театрының режиссеры Шалқыма Меркулова бағалады.

Халқымыздың «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген сөзі ардагерлерімізге деген құрметтің айғағы. Елі үшін аянбай еңбек еткен, маңдай терін ел игілігіне арнаған ардагерлердің өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, тәрбие мен тағылым мектебі.
Іс-шараның ашылуында аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Айдана Ғабитқызы, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жүсіп Ғабдылханұлы, «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Набидоллақызы ардагерлерге сәттілік тілеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Сахна шымылдығы Республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері Казталов ауылдық округінің «Ардагерлер әуені» вокалдық ансамблінің орындауындағы «Қариялар» әнімен ашылды.
Байқауда көрсетілген дәстүрлер қатарында «Түйе шаңырақ», «Айтұяқ», «Бәсіре», «Шөміш қағу», «Сатып алу», «Сәукеле кигізу», «Мойынға бұршақ салу», «Киіз басу», «Жақсының орнына аунату», «Қазан қағу», «Бесікке салу» сияқты салт-дәстүр көріністері болды.
Байқау қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев ардагерлерді құттықтап, үздік өнер көрсеткендерді марапаттады. І орынды Халықтық «Шапағат» әжелер ансамблі (Жалпақтал ауылы). ІІ орынды «Ақ ырыс» әжелер ансамблі (Ақпәтер ауылы), ІІІ орынды «Асыл әжелер» ансамблі (Бостандық ауылы) иеленді.

Сонымен қатар арнайы аталымдар бойынша иеленді:
- «Өнегелі өнер ұжымы» – «Әже сәлемі» ансамблі (Тереңкөл ауылы)
- «Ең белсенді ұжым» – «Әжелер нұры» ансамблі (Болашақ ауылы)
- «Шабытты шалқар ұжым» – «Ел дария» ансамблі (Қараөзен ауылы)
- «Көрермен көзайымы» – Талдыапан ардагерлер тобы
- «Шеберлікпен көрініс танытқан ұжым» – Қарасу ауылдық вокалдық тобы
- «Дәстүр насихаттаушы ұжым» – Талдықұдық ауылдық вокалдық тобы
- «Латын оймақты әжелер» – «Ақтілеу» әжелер ансамблі (Қайыңды ауылы)
- «Үздік вокалдық топ» – «Айшуақ» әжелер ансамблі (Көктерек ауылы).
Сондай-ақ Республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері «Ардагерлер әуені» вокалдық ансамблі арнайы алғысхатпен марапатталды.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы