16.11.2025, 17:30
Оқылды: 525

«Жаса, Бауыржан!»

«Щапов, Янайкин деген орысша атаулары бар ауылдарды көргенде ол жерлерде қазақтың рухы жоқ сияқты көрінетін. Ондағы жас ұрпақ ертең қағынан жерімей ме деп уайым болғаны рас. Щапов ауылына келіп, хан сарайындай мектебіне кіріп, жүрегі қазақ деп соққан мұғалімдер мен оқушыларды көріп, бұл райымыздан қайтып отырмыз».

IMG-20251116-WA0000

Щапов ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Қадырдің қадірі – ұлт әдебиетінің мәртебесі» атты жоба аясында өткен кешке арнайы келген өңіріміздің қаламгерлері осылай деді.

​Қазақстан Жазушылар одағының БҚО өкілдігі мен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы бірігіп қолға алған аталмыш жоба Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттауды мақсат тұтады. Сондай-ақ қаламгерлер көп бара бермейтін облысымыздағы он ауылда батысқазақстандық ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылады. Он ауылдың қатарына Щапов та енген екен.

IMG-20251116-WA0002
​Кеш шымылдығын ашқан мектеп директоры Аймекен Бақтығалиева мәртебелі меймандарға «қош келдіңіздер» деп айтып, Қадыр ақынның туған жерге арналған өлеңін нақышына келтіріп оқып берді.
​- Мен - биыл 150 жылдығы тойланып жатқан Ғұмар Қараш бабамыздың жұрағатымын. Сол бабамыз былай деп арман еткен еді:
«Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,
Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?
Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты
Өз алдына ел болғанын көреміз бе?»-деп басталатын өлеңі «Әрбір іске қазақ исі анқығанын, Тірлікте көзімізбен көреміз бе?» деп аяқталады. Тәубә, тәуелсіздігіміздің арқасында еліміздің қай түкпіріне барсақ та қазақтың иісі аңқып тұрады. Бүгін Бауыржан Момышұлы атындағы мектептен де қазақылықтың иісін анық сезіп тұрмыз. Мұнда келіп тұрып Бауыржан мен Қадыр ағаларымыздың арасындағы байланысты айтпай кетпей болмас. Қадекең 25 жасында Мәскеудің түбіндегі бір қалада басылған Бауыржан Момышұлының «Моя семья» («Ұшқан ұя») деген кітабын оқиды. Әсіресе қолына карандашын алып отырып қазақтың мақал-мәтелдерін орысша қалай жазғанына жіті назар аударса керек. Қадыр ағамыз осынау шығармадан үлкен әсер алғандығынан шығар кітап соңына қызыл түсті карандашпен «Жаса, Бауыржан!» деп жазған. Бауыржан батырдың есімін алған мектепке Қадыр орталығына келген өкіл ретінде мен де «Жаса, Бауыржан!» дегім келеді,-деген Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов осынау жобаға қолдау білдірген аудан басшылығына алғысын да айтты.

IMG-20251116-WA0004
​Өз кезегінде сөз алған жазушы Алпамыс Бектұрғанов жас ұрпақты кітап оқуға, Оралдағы Қадыр орталығына шақырды. Оның сөзін жалғаған ақын Сағынтай Бисенғалиев бұл орталықта Қадыр ақыннан қалған 6 мыңнан аса кітап барын айтып, қазіргі таңда сол кітаптардың тарихына байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
​-Бұл мектеп көп білім ұясының бірі еместігі табалдырықтан аттаған бойда білініп тұрды. Батырдың рухы бары сезіледі. Жаңа келген бойда қабырда ілінген үздік оқушылардың суреттерін қарап жүріп «-ов», «-ев» деген жалғаулары бар фамилиялар өте аз екенін көріп қуандым. Бұл, сонау кеңес заманында ұлттық дәстүрге сай тегін сақтаған Бауыржан атамыздың атындағы мектептің шәкірттеріне лайық іс! Өзім Оралдағы Қ.Мырза Әли атындағы №47 орта мектептің қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып табыламын. Ондағы оқушыларға Қадыр ақынның өлеңдерін жатқа білуі керек деген талап қойылуда. Жаңа осындағы шәкірттердің Қадыр ағамыздың өлеңдерін жатқа оқығанын көріп «біздікілер бұлардан қалып қояды-ау» деген ой келді. Ал одан соң сахнаға түрлі пәннен сабақ беретін он бес жас мұғалім шығып, Қадырдың өлеңдерін жатқа оқи жөнелгенде бәрі түсінікті болды. Яғни мұндай ұстаздардан тәлім алған балалардың осал болуы мүмкін емес,-деді ақын, өлкетанушы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы.
​Ақ Жайыққа Маңғыстау өңірінен шығармашылық сапармен келген қаламгерлер Сұлтанбек Құдайберген мен Әнуарбек Бимағамбет те тамаша осынау кештің куәсі болғандарына риза екендерін айтып, ізгі тілектерін білдіріп, өлеңдерін оқып, мектепке кітаптарын сыйға тартты.
​-Қадірменді қонақтарды берекелі Бәйтеректің жерінде көргенімізге қуаныштымыз. Бүгін сүбелі сөз есту, өрелі өлең тыңдау бақыты бұйырғанына ризамыз. Осынау кештен залда отырған оқушылар да үлкен әсер алып, алдағы уақытта да тұрақты түрде кітап, газет-журнал оқиды дер сенеміз. Сөйтіп асыл тіліміздің қадір-қасиетін ұғынып, сөйлегенде орысша не өзге де «паразит» сөздерді қоспай, таза қазақша әрі әдемі сөйлеуге талпынады деп ойлаймыз.
Жаңа Сағынтай ағамыз Щапов деген атаудан қашан құтыламыз деген бағытта сауал тастады ғой. Елдің алдында жауап беріп кетейін. Ауыл тұрғындары өздері ізденіп, ауылдың бұрынғы атауын тапты. Яғни 1762 жылы Рычков деген зерттеуші Орынбордан Атырауға дейінгі жер-су атауларына байланысты үлкен еңбек жазған. Сонда мына жердегі Бортаудан төменгі жақта Қосжайық деген елді мекен болғанын көрсеткен.

IMG-20251116-WA0015

Одан соң басқа да зерттеушілер осы мекенді Қосжайық деп айтқан. Ауыл азаматтарының осынау ұсыныстарын біз республикалық ономастикалық комиссия қарауына ұсынып қойдық. Маңғыстаулық қонақтарымыз келесіде осында атбасын бұрынғанда Щаповқа емес, Қосжайыққа келеді деп ойлаймыз,-деп аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев кешті қорытындылады.​

​Сағынтай Бисенғалиев, ақын:
- Біз талай мектепте болдық. Түрлі кездесулерге де бардық. Осы жасыма дейін Қадыр ақынның өлеңін жатқа оқыған мектеп директорын кездестірмеппін. Аймекен Бақтығалиқызы өлең оқып ашқан кеш әдемі өтті. Ауылдан шыққан, атына заты сай педагог, мектеп директоры екені көрініп-ақ тұр. Мектептің домбырашы оқушыларын, Қадырдың өлеңдерін кезекпе-кезек оқыған балаларды көргенде тебіреніп, көзіме жас алдым...

Сәкен Мұратұлы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале