Аудандық балалар саз мектебінде осындай атаумен шеберлік сыныбы өтті. Оған арнайы келген Орал қаласындағы №2 мектептің мұғалімі Ришат Надырғожин қамшының сыры туралы айтып, оны өру жолдарын көрсетті.

- Біздің бүгінгі мәдени-танымдық іс-шарамыз жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруді мақсат тұтады. Саз мектебі деген соң көбі біздің тәрбиеленушілерімізді тек музыкамен айналысады деп ойлайды. Балаларымыздың жан-жақты болуына біз де мүдделіміз. Соған орай қолөнерден де хабары болсын деген бағытта Оралдан Ришат Асқарұлын арнайы шақырып отырмыз. Қазақтың шаңырағында домбырамен бірге қамшы да ілініп тұратыны белгілі. Оның тәрбиелік мәні зор екені сөзсіз. Жалпы алғанда ұлттық құндылықтар тәрбиенің төресі екенін ұмытуға болмайды, - деді іс-шараны ашқан аудандық балалар саз мектебінің директоры Ләззат Қажығалиева.

Өз кезегінде сөз алған Ришат Надырғожин ата-бабаларымыздың өміріндегі қамшының рөліне, оны жасау үшін қажет нәрселерге, өрім түрлеріне, қамшыны үйдің қабырғасына қалай ілу керектігіне тоқталды. «Қазір баланың дамуынадағы сенсорлы жүйелерге жіті назар аударылатыны белгілі. Балалар ұялы телефонды қараған кезде тек екі саусақпен жұмыс істейді. Ал қамшы өрген кезде барлық саусаққа күш түседі. Одан бөлек ойлау жүйесі, есте сақтау қабілеті де жақсы дамиды. Бүгінгі таңда бір қамшыны жасауға кететін шығын 5-6 мың теңгенің шамасында болса, нарықтағы қамшының орташа бағасы 15-20 мың теңге. Қамшыны жақсы өре білген адам жақсы табыс та таба алады, - деді ұстаз.
Қамшы өруді үйрендердің ішінде домбыра класына қатысып жүрген Қ.Аманжолов атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Әлішер Сәлімов те бар. Ең жас қатысушы да осы Әлішер болды. Әлішер алғаш рет қамшы өріп көргеніне қуанышты. "Үйде атамның қамшысы бар", - дейді ол.

- Бірақ оны қалай өру керектігін білмейтін едім. Бүгін соны үйрендім. Енді атаммен бірге үйде қамшы жасаймын, - деді Әлішер.

Іс-шара соңында саз мектебінің әкімшілігі балаларға ерекше әсер сыйлағаны үшін Ришат Надырғожинге ризашылығын білдіріп, осынау шебердік сыныбына белсенді қатысқан тәрбиеленушілерді марапаттады.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы