18.11.2025, 10:15
Оқылды: 195

Сырым ауданы: Құспанкөлге мектеп салынады

Сырым ауданында ауылдық округ әкімдерінің ел алдындағы есептік кездесулері басталды. Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Шолақаңқаты ауылдық округіндегі жиналысқа қатысты. 

IMG_7026

Округ әкімі Ерлан Журалиев өзінің баяндамасында ауылдың тынысына тоқталды.

Шолақаңқаты - шаруалардың ауылы.  Биыл дала ерлері - диқандар күздік бидайдан гектарына 14 центнер өнім алған. Жаздық бидай әр гектарға 9.9 центнер шығым берген. Сонда қамбаға 2554 тонна ақ бидай құйылып тұр. Ал, арпаның шығымдылығы гектарына - 11,2 центнерді құрады. Құмай гектарына 5,6 центнер дән салған.

Биыл Шолақаңқаты ауылдық округінде электр желілері жаңарды. Нақтырақ айтсақ, шілде айында округ орталығында 100 ағаш электр бағаналары жаңа темірбетон бағаналарға ауыстырылды. Сонымен қатар ескі электрсымдарының орынына СИП кабельдер тартылды. Әкімнің мәмілегерлігімен Тоғанас ауылындағы 3 көшеге асфальттау бойынша жоба жасақталып, қорытындысы қолға тиді. Құжатты дайындау демеушілердің қаражаты есебінен атқарылды.

Жиналыста ауыл тұрғыны Самал Ғабдолова Сырым ауданының Құрметті азаматы, еңбек адамы Иван Третьяк атындағы көшеге жарықшам орнату, бұзылған үйлердің орынын тазалау туралы ұсыныстарын айтты.

Ерлан Журалиевтің айтуынша, Шолақаңқаты ауылдық округінде бюджет -  стандартты.

Иесіз ғимараттардың қожайындарын анықтап, бұздыру, қираған құрылыстардың орындарын тазалау - кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Стихиялық күл-қоқыс орындарын жою үшін тамыз айында 3,6 млн.теңге бөлініп 2 заңсыз күл-қоқыс орындары жойылды. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоның қоршау жұмыстары басталған.

Тұрғын Ғарифолла Ғабдолов «106 млн теңгеге жасалған Аңқаты су қоймасының игілігін халық қашан көреді, ауыл ішіне техникалық су тартылмай ма?» деп сұрақ қойды.

IMG_7022

Жиналысқа Сырым ауданының прокуроры Ершат Қамбетов қатысып, халықты алаяқтардың арбауынан сақ болуға шақырды. Прокурордың айуынша, телефонның арғы жағында қулардан облыс тұрғындары 125 млн теңге зардап тартқан.

«Қайсар» спорт клубының әдіскері Дастан Сейітжанов Аңқаты, Құспанкөл ауылдарынан оқушы тасымалдайтын мектеп көлігіне түстен кейін үйірме, секцияларға келетін балалар үшін қосымша рейс қосу туралы ұсыныс білдірді.

Ал, аңқатылық Мая Асантаева Аңқатыдан балабақша ашуды сұрайды.

Осы тұста Жұмагелді Батырниязов сүйінші жаңалықты жеткізді. Тірлігін шашпай, бірлігін сақтаған Құспанкөл ауылы кейінгі жылдары мектеп қажеттігін алға тартып жүрген. Келесі жылы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг»  компаниясының әлеуметтік жобасы шеңберінде мектеп салады.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале