18.11.2025, 14:30
Оқылды: 92

Штаб ширақ қимылдамақ

 

Облыста қыс мезгіліндегі  төтенше  жағдайлардың  алдын  алу  және  оларды  жою  іс-қимылдарын  жетілдіру  мақсатында  «Қыс – 2025»  командалық-штабтық  оқу-жаттығу  жиыны өтті.  Екікүндік  жаттығуда  барлығы 39 тәжірибелік  іс-шара  ұйымдастырылды.

6ce54b2b-1300-4549-bcb0-95f2fb7172d4

Командалық жиынға жергілікті атқарушы құрылымдардың өкілдері, полиция қызметкерлері және еріктілер қатысты. Қала аумағында үш нысанда қысқы кезеңге тән төтенше жағдайларға ден қою іс-қимылдары жан-жақты пысықталды. «Жайықжылуқуат» АҚ мен «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ нысандарындағы басқару сигналдары тексеріліп, оқу-жаттығуға байланысты арнайы кіріспелер берілді. Қалыптасқан ахуалды бағалау, шұғыл шешім қабылдау және төтенше жағдайлардың салдарын жоюға бағытталған басқару құрылымдарының іс-қимыл алгоритмі тәжірибе жүзінде сынақтан өтті.

– Оқу-жаттығудың басты мақсаты – облыстағы басқару құрылымдарының және азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындық деңгейін тексеру. Сонымен қатар тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының күнделікті жұмысының тұрақтылығын бағалау, – деді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Бақытжан Ихсанов.

Жиын барысында шартты түрде жоғалған балықшыны іздеу операциясы ұйымдастырылды. Іздеу тобы өзен жағалауын арнайы қызметтік иттерімен аралап, жаяу жүріп, ықтимал бағыттарды тексерді. Қажет кезде жедел көмек көрсету іс-қимылдары да пысықталды.

– Адам жоғалғаны туралы «хабар түскен» сәттен бастап төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жедел құтқару жасағы, бір кинологиялық топ және екінші құтқару батальонының 20 сарбазы мен еріктілер оқиға орнына жұмылдырылды, – деді Бақытжан Ихсанов.

Іздеу нәтижесінде «балықшы табылып», оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін ол аман-есен үйіне жеткізілді.

Жалпы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға 4 мыңға жуық маман және 1200-ден астам техника тартылғаны  атап  өтілді.

Түгелбай Кенжеғалиұлы, 

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале