18.11.2025, 18:00
Оқылды: 45

Электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) дұрыс пайдалану — мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етудің маңызды шарты

Қазіргі цифрландыру дәуірінде электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) — қолжазба қолтаңбаның баламасы ретінде кеңінен қолданылатын заманауи құрал. ЭЦҚ электрондық құжаттарға заңды күш беріп, олардың түпнұсқалығын растауға мүмкіндік береді. Бұл технологияның арқасында азаматтар мен ұйымдар мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алып, түрлі ресми құжаттарға қол қоя алады.

istockphoto-1441542040-2048x2048

Сурет: istockphoto.com

Алайда, ЭЦҚ қолдану тәжірибесінде бірқатар мәселелер байқалып отыр. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында анықталған негізгі проблемалардың бірі — басшылардың ЭЦҚ-сын басқа тұлғалардың пайдалану фактілері.

Әсіресе, бірінші басшы еңбек демалысына шыққан кезде, оның цифрлық қолтаңбасын басқа қызметкерлер қолданатын жағдайлар кездеседі. Мұндай әрекеттер заң талаптарына қайшы келіп, құжаттардың заңдылығына күмән тудырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады.

Мысалы, ағымдағы жылдың маусым айында облыстағы мемлекеттік мекеме басшысы іссапарға кеткен уақытта, оның міндетін уақытша атқарушы қызметкер басшының ЭЦҚ-сы арқылы сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 8 өтінімге қол қойғаны анықталған.

Бұл ретте, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ЭЦҚ пайдалану тәртібін бұзу деректерінің азайғаны байқалады. Мысалы, өткен жылы Департамент мамандары ЭЦҚ дұрыс қолданылмауына қатысты 138 факті анықтаған. Ал жүргізілген алдын алу және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ағымдағы жылы мұндай 59 дерек тіркелген.

Белгіленген тәртіптің бұзылуына қатысты барлық материалдар тиісті шара қолдану үшін уәкілетті органдарға жолданған.

Көрсеткіштің төмендеуі мемлекеттік органдардағы ішкі бақылау жүйесінің күшеюі мен халық арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениетінің артуының нәтижесі болып табылады.

Бұл мысалдар ЭЦҚ-ны заңсыз пайдалану мәселесінің өзектілігін көрсетеді. Электрондық қолтаңба — тек құжатқа қол қою құралы емес, ол иесінің жеке жауапкершілігін білдіретін цифрлық құрал. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер ЭЦҚ-ның сақталуы мен дұрыс қолданылуына ерекше мән беруі тиіс.

ЭЦҚ-ны заңды және қауіпсіз пайдалану мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтық пен адалдық қағидаттарын нығайтады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың беделін арттырып, азаматтардың оларға деген сенімін күшейтеді.

Қорытындылай келе, ЭЦҚ — цифрлық дәуірдің маңызды атрибуты. Оны дұрыс және жауапкершілікпен пайдалану мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, заңдылықтың сақталуына және қоғамның цифрлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

 

 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале