ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылдағы медицина мәселесіне арнайы тоқталды.

- Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек, - деді Президент.
Жаңғырған денсаулық үйінің біреуі Бұлан ауылдық округінде тұр. Биыл фельдшерлік - амбулаториялық пункт жаңа жедел жәрдем автокөлігімен қамтамасыз етілді. Бұл туралы есептік кездесуде Бұлан ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сәлімжан Қыдыралин айтты.
Бұлан ауылдық округінде берекелі іс көп. Көшелерді жарықтандыру мақсатында орталыққа 50 дана жаңа жарықшам тағылған. 10 шам Жамбыл ауылына орнатылды.
Бұлан мен Жамбыл ауылдарындағы балалар ойын алаңдары жаңартылды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 2,688 мың теңге жұмсалып, орнатылды.
Саябаққа «Жайнай бер Бұланым» композициясы қойылды. Бұлан мен Жамбыл ауылдарының тұрғындары қаражат жинап, іргедегі зират - қорымдарды қоршапты.
Есептік кездесуде Жамбыл ауылының тұрғыны Сағынтай Тәржіманов Жамбылдан күрес үйірмесін ашу туралы ұсыныс білдірді. Ауылдағы қарадомалақтар қазір Бұландағы бапкер Ерген Рамазанды іздеп келіп, Ерген кейде уақыт тауып, Жамбылға барып амалдап жүр екен. Талпыныс нәтижесіз емес. Жамбылдан күрестен спорт шеберлігіне үміткер балуандар шыға бастады.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов ұсынысқа қолдау білдірді және жұмыстану үшін Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсеновке, А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсановқа тапсырма берді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Бұлан ауылындағы «Қайсар» спорт клубына тиесілі спорттық залда жөндеу жүріп жатыр. Бетон еден ағаш паркетке ауыстырылмақ.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы