Оралда «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі жұмыскерлері күні» кәсіби мерекесіне орай мемлекеттік қызметкерлер арасында алғашқы рет ұйымдастырылған волейбол турнирі салтанатты түрде басталды.

Шараға аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерінің, аудандық ветеринариялық станциялардың, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы аудандық және облыстық аумақтық инспекциялардың, сондай-ақ облыстық салалық басқармалардың қызметкерлерінен құралған барлығы 20 команда қатысты.

Турнирдің ашылу рәсімінде БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылып отырған спорттық сайыстың маңыздылығына тоқталды.

Ол агроөнеркәсіп кешені саласында еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысы ауылдық аумақтардың дамуы мен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін атап өтті.

— «Бүгінгі турнир – тек спорттық жарыс емес, сондай-ақ әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын, салауатты өмір салтын насихаттайтын игі бастама. Бұл волейбол додасы алдағы жылдары да дәстүрге айналып, кең ауқымда жалғасын табатынына сенімдімін», — деді Қалияр Шадиярұлы.

Жарыс барысында қатысушылар волейбол ойынындағы ептілігін, шеберлігін және бірлікке негізделген командалық рухын көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир кәсіби мерекенің мазмұнын байыта түсуге, еңбек адамдарының бірлігі мен ынтымағын арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Алғашқы рет өткізіліп отырған бұл спорттық сайыс қатысушылар мен жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өңірдің агроөнеркәсіп саласында қызмет ететін азаматтарды бір аренада тоғыстырды.
Бекзат Қанәділ,
@zhaikpress
Фотолар автордікі