19.11.2025, 21:00
Оқылды: 28

Апатқа себеп – қараусыз мал

Сырым ауданына Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұрқайыр Құсайынов келіп, Бұлдырты және Алғабас ауылдарында ауыл шаруашылық жануарларының салдарынан орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөнінде жиын өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов, аудан прокуроры Ершат Қамбетов қатысты.

Апатқа себеп қараусыз мал (1)

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлеповтың айтуынша, соңғы уақытта жол бойында бақылаусыз жүрген малдың кесірінен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Оның салдарынан тек материалдық шығын емес, адам өміріне төнетін қауіп те артып отыр.

Нұрқайыр Ғайноллаұлының мәліметінше, облыс бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның ішінде 35 жағдайда мал иелері анықталған.

Апатқа себеп қараусыз мал (2)

Ал Сырым ауданында 10 айда 23 малға соқтығысқан жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның 20-сы жылқы малының қатысуымен болған. 16 жағдайда мал иелері анықталмай отыр.

Облыстық прокуратураның үйлестіру кеңесінде бұл мәселе қаралып, ветеринария басқармасына жануарларды бірдейлендіру және жарықшағылыстырғыш ленталарды қолдану бойынша тапсырмалар берілген.

Жиында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру талаптары кеңінен түсіндірілді. ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабы жеке және заңды тұлғаларды малдарын міндетті түрде бірдейлендіруге міндеттейді.

Бірдейлендіру жұмысына малға сырға тағу, чиптеу, таңба басу, жануар мен иесі туралы деректерді арнайы базаға енгізу жатады.

Мал төлдегеннен кейін 7 күн өткесін 14 жұмыс күні ішінде базаға енгізілуі тиіс. Төлді 25–30 күннің ішінде бірдейлендіру – ветеринариялық талап.

Уақытында бірдейлендірілмеген, бірнеше ай өткен соң тіркелетін мал туралы да түсіндірілді: мұндай жағдайда мал базаға 28 күндік төл ретінде түседі және оны дұрыстап тіркеу тек сот шешімімен мүмкін.

Сырым ауданы бойынша биыл 21 000 бас ірі қара, 52 000 ұсақ мал, 200 жылқы, 22 түйенің төлі тіркелген.

Малдың сырғасы түсіп қалған жағдайда 15 күн ішінде жаңа ЖСН беріледі.

Жылқыға жарықшағылыстырғыш лента тағу ұсынылды

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жылқы малына жарық шағылыстырғыш лента тағу қажеттігі айтылды.

Аудандық ветеринарлық станса басшысы Армат Журалиев жылқыға арналған лентаның бірнеше түрін көрсетіп, бір жылқыға 1 метр 20 см лента қажет екенін айтты.

Қ.Төлеповтың айтуынша, Бұлдырты ауылында мал моласы салынбақ. Қазіргі кезде мал өлексесін кез келген жерге тастау салдарынан үй жануарларының жеп қоюы, балалардың жақындауы және соның нәтижесінде түрлі аурулардың таралу қаупі бар.

– Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін өлген малды иесі мал моласына жеткізуге міндетті, – деді ол. Оның сөзінше, жол апаты орын алғанда басты мәселе – адамның өмірі. – Темірдің де, малдың да орны толады, бірақ адам өмірі қайтып келмейді, – деді әкім орынбасары.

Аудан прокуроры Ершат Қамбетов малдың қатысуымен болған 23 жол апаты – облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш екенін айтты. Егер жол-көлік оқиғасы адам өліміне әкелсе, мал иесіне Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша жаза қарастырылған. Бір адамның өліміне – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, екі немесе одан көп адамның өліміне – 10 жылға дейін.

Прокурор сондай-ақ интернет алаяқтықтың көбейгенін айтты. 10 айда облыста 855 алаяқтық, оның 472-сі интернет алаяқтық тіркелді. Тұрғындардың есепшоттарынан 125 млн теңге ұрланған.

Апатқа себеп қараусыз мал (5)

Жиында тұрғындар малды облыстан тыс аймақтарға шығаруға қойылған шектеулер туралы сұрақтар қойды. Түсіндірілгендей, ҚР аумағы аусыл ауруына қатысты аймақтарға бөлінеді. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау – вакцина қолданатын аймақ. Шығарылатын мал міндетті түрде кемі 7 күн карантинге қойылады. Вакцина алған малдың иммунитеті тексерілгеннен кейін ғана басқа өңірге шығару жөнінде анықтама беріледі.

Шынар Молданиязова
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале