22.11.2025, 12:30
Оқылды: 68

Білім нұрымен өрілген өмір

Бірік ауылдық мәдениет үйінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры, тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Алтынай Шұғайқызы Журасованың 60 жылдық мерейтойына арналған әсерлі кездесу кеші өтті.

photo-output

Кеш Алтынай Шұғайқызының өмір жолын қамтыған бейнероликпен ашылып, залға жиналған көпшілікке жылы әсер сыйлады.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, университет профессорлары Ләззат Серікова, Айдарбек Ақболатов, еңбек ардагерлері, ұстаздар, шәкірттер және ауыл тұрғындары қатысты.

Алтынай Шұғайқызы – өңіріміздегі қала тарихын зерттеудің белді маманы. Ол тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Зейітұлының жетекшілігімен «Орал қаласының тарихы: әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму аспектілері (1946–2000 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертация жазып, 2007 жылы сәтті қорғады.

Ғалымның 1 монографиясы, 3 оқулығы, 4 әдістемелік құралы және 40-тан астам ғылыми мақаласы жарық көрген. 2015 жылы ҚР БҒМ-нің “Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы” атағын иеленді. Ұзақ жылдар бойы дүние жүзі тарихы кафедрасын басқарса, биыл факультет деканы қызметіне тағайындалды.

image-21-11-25-09-27

Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы мерейтой иесін құттықтап, аудан әкімінің Алғысхатын табыстады. Ал Бірік ауылдық округінің әкімі Жігер Темірбекұлы жерлестері атынан тұлпар мінгізіп, ерекше құрмет көрсетті.

Ұстаздық – ұлы жол. Ардагер ұстаз Күлаш Темешқызы мен мектеп директоры Уалихан Тоққожаұлы мерейтой иесінің «Білімнің алтын ордасы» кітабының тұсауын кесті.

image-21-11-25-09-27-2

Алтынай Шұғайқызы өз сөзінде балалық шағы, өмірлік ұстанымдары, ғылым жолындағы еңбегі, ауылда алған тәлім-тәрбие жөнінде ой өрбітіп, жастарға жігер берерлік кеңесін айтты.

Кешті С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары әсем әнмен әрлеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жиналған қауым ұстазға жүрекжарды тілектерін жеткізіп, құрмет көрсетті.

Кездесу соңында мерейтой иесі Алтынай Шұғайқызы барша қатысушыға алғысын білдіріп, өзінің қуанышын бөліскен жандарға ризашылығын айтты.

Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале