Казталов ауданында екі ай бұрын өткен «Kaztalov-Invest» инвестициялық форумы жергілікті кәсіпкерлікке серпін беріп, жаңа жобалардың басталуына негіз болды. Форумның басты мақсаты – ауданға инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа бастамаларды жүзеге асыру болатын.

Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында көрсетілген міндеттермен толық үндеседі. Президент ел экономикасына қаржы тарту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау – өңірлер дамуының басты қозғаушы күші екенін атап өткен еді.
Форум барысында Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов пен ауыл кәсіпкері Жанарыс Махамбетов арасында жаңа инвест-жобаны жүзеге асыруға бағытталған меморандумға қол қойылған болатын. Арада көп уақыт өтпестен, 22 қараша күні сол келісімнің нақты нәтижесін көрдік. Аудан орталығында халыққа қызмет көрсететін жаңа «Шаңырақ» асханасының ашылу салтанаты өтті.
Асхананың «Шаңырақ» деп аталуы да тегін емес. Бұл атау – Бермағамбетовтер әулетінің ежелден келе жатқан берекесі мен ырысын сипаттайды. Бермағамбетовтер әулеті өңір жұртшылығына еңбегімен, кәсіпкерлік жолындағы алғашқы бастамаларымен жақсы таныс. Тәуелсіздіктің алғашқы ауыр жылдарында ауыл шаруашылығы саласын көтеріп, халықты қажетті өніммен қамтыған Махамбет ағамыз бен Талшын апамыздың қызметін ауыл үлкендері әлі күнге аузынан тастамайды.
«Махамбеттің диірмені», «Махамбеттің құдығы» сияқты атаулар – сол кезеңнің бейнетімен қатар, еңбектің жемісті болғанының белгісі. Халыққа ең қажетті істі қолға алып, ауылды астықпен қамтамасыз ету – нағыз азаматтық іс еді. Бүгінде сол ата жолын Махамбет ағамыздың немересі Жанарыс Махамбетов жалғап, жаңа кәсіптің тізгінін ұстады.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Казталов ауданы әкімінің орынбасары Айдар Менеев, ауыл әкімі Ернар Ғалымов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің маманы Мәншүк Батырова, еңбек ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Айдар Қазбекұлы алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеп, өңірде алғашқы болып жүзеге асып отырған инвест-жобаның маңыздылығын атап өтті. Жаңа кәсіптің ауыл экономикасына серпін беріп, жұмыс орындарын ашуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға үлес қосатынын жеткізді.
Сондай-ақ Казталов ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Талап Мұқанов те өзінің жылы тілегін білдіріп, кәсіп иелеріне ақ батасын берді. Ал әулет ақсақалы, Казталов ауданының құрметті азаматы Махамбет Бермағамбетов ел қолдауына ризашылығын айтып, кәсіптің берекелі болуын тіледі.

Салтанатты рәсім соңында жаңа асхананың лентасы қиылып, ауыл ақсақалдарына дастархан жайылып, құран бағышталды. Жаңа нысан сол күні-ақ халыққа есігін айқара ашып, қызмет көрсете бастады.

«Шаңырақ» асханасының ашылуы – бір отбасының ғана емес, тұтас ауылдың қуанышы. Бұл – жас кәсіпкерлердің жаңа бастамаларға батыл бет бұрып, ел экономикасына үлес қосып келе жатқанының көрінісі. Ата дәстүрімен сабақтасқан адал еңбектің жалғасы ретінде бой көтерген жаңа нысанның аруасы шайқалмай, ырысы таси бермек.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы