Оралдағы «Зенит» зауыты кеме жасауға маманданған. Ол сонау 1941 жылы Ленинград қаласынан көшірілген негізінде құрылды. Соғыс кезінде зауыт арнайы әскери-теңіз қаруын шығарып, жауды жеңуге қосқан зор үлесі үшін Қазақстан кәсіпорындарының ішінен бір өзі Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталды. Одан кейінгі жылдары да зауыттың алдына әскери-теңіз флоты үшін өнімдер шығару міндеті қойылды.

Тәуелсіздік алған 34 жыл ішінде республиканың күштік ведомстволары үшін түрлі кластағы, түрлі жобалық 36 катер пен кеме шығарып, пайдалануға берді. Олардың барлығы Ақтау, Атырау, Баутинодағы базаларда, еліміздің теңіздегі ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне жұмылдырылған.
Қазіргі кезде зауыттағылар Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен 750 тонналық көпфункционалды алып кеме құрастыруда. Алып кемені 2026 жылдың көктемінде суға түсіреміз. Биылғы көктемде «Айбар» жобасы бойынша бір шағын күзет кемесі жасалды. Қазіргі кезде ол кеме теңіздегі шекарамызды күзетіп жүр.
– Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күштік құрылымдарға қандай кеме, катерлар қажет екенін жан-жақты сараптаймыз. Әлемдегі жағдайды зерттей келе, жаңа технологияларды жасақтап, өндіріске енгізудеміз. Жоғарғы Бас қолбасшы – Қазақстан Республикасының Президенті біздің алдымызға қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша нақты міндеттер қойып отыр. Әлемдегі геосаяси жағдайды елеп-екшей отырып, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосуымыз керек. Қорғаныс тапсырыстарын орындайтын зауыт ретінде нақты міндеттерді орындауға ықтиярмыз әрі осы міндеттерді орындаудамыз. Цехтарды жаңғыртуды бастадық. Бір цехты жаңалап, өнім өндіруге ден қоюдамыз, – деді «Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның бас директоры Қыдыржан Мұқанов.

Директордың айтуынша, қазіргі кезде кәсіпорында катерлардың жаңа буынын құрастыру қолға алынды. Мұндай катерлар өз міндеттерін мүлтіксіз орындап қана қоймай, сонымен қатар су құралы ішіндегі экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ондай катерлар жүрдек әрі брондалған. Жаңадан экипажсыз су құралдарын құрастыру мәселелерін зерделенуде. Жаңа заманауи технологияларды енгізу цифрландыруды пайдаланып, өндірісті басқару жүйесін оңтайландырумен, жас мамандарды оқытумен қоса жүргізіледі.
Қазір зауытта 700 адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Бос жұмыс орындары жоқ. Жинақталған тәжірибенің, жоғары білікті инженерлік-техникалық және жұмысшы кадрлардың, технологияларды жетілдірудің, бұйымдарды жобалаудың заманауи әдістерін енгізудің арқасында зауыт жыл сайын тауарлық өнім шығару көлемін ұлғайтуда. Соның нәтижесінде байырғы кәсіпорында бюджет алдында берешегі жоқ, жалақы бойынша міндеттемелері орындалуда. Осының өзі де қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге тамшыдай болсын қосылған үлес деп есептеуге болады.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы