25.11.2025, 12:15
Оқылды: 256

Казталов ауданы: Атқарылып жатқан жұмыс көп

Жуырда Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Талдыапан, Қараөзен, Қарасу және Көктерек ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын барлады.

IMG_1785

Әкімнің таңертеңгілік жұмыс сапары Талдыапан ауылында басталды. Аудан басшысы алдымен округ орталығындағы ветеринарлық блок құрылысы жүріп жатқан нысанға барды. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып жатқан бұл нысанның құрылысы жақын күндері аяқталмақ. Заманауи үлгіде салынған ветеринарлық блоктың сырт жағында арнайы мал қамау алаңы қарастырылған.

IMG_1964

Әкім назарына ұсынылған жұмыстардың бірі - жаңартылған шағын спорт алаңы. Биыл бұл алаңға жөндеу жүргізіліп, жасанды жамылғысы толықтай ауыстырылған. Бұдан бөлек, аудан басшысы ауылда жаңадан салынып жатқан арнайы мал моласының жұмысымен де танысты. Ауыл үшін маңызы зор бұл нысан барлық талаптарға сай болуы тиіс екенін атап өтті.

IMG_1936

Сапар барысында Талдыапан ауылындағы «Балбөбек» балабақшасында жүріп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары да назарға алынды. Балабақшаның көп жылдан бері көтеріліп жүрген мәселесі биыл шешімін тауып, шатыры мен терезелері ауыстырылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі округ әкімі Қайырлы Жұмағұловқа нысандардың құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмыстардың уақытылы аяқталуын тапсырды.

IMG_1947

Осы округке қарасты Қайшақұдық және Сарықұдық ауылдарында да қызу жұмыс жүріп жатыр. Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар мен «Қаладан - ауылға» бағдарламасына қатысушы тұрғындарға арнап жаңа тұрғын үйлер салынуда. Аудан әкімі аяқталуға жақын баспаналарды аралап, кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар берді.

IMG_1848

— Біздің міндетіміз - ауылда баспанаға мұқтаж және ауылға көшіп келген әр отбасыға қажетті жағдай жасау. Сол себепті салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы бірінші орында тұруы тиіс. Биыл бой көтеріп жатқан барлық үйлерге кондиционер орнатуды, аулаларына өрнектастар төсету туралы тапсырма бердім. Ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл жұмыстар тұрақты бақылауда болады, - деді аудан әкімі.

IMG_1813

Сапар жалғасы Қараөзен ауылдық округінің Жас ауылында өрбіді. Бұл ауылда биыл әлеуметтік нысандар көгілдір отын желісіне қосылып, заманауи жылыту қазандықтары орнатылған. Аудан басшысы жаңа қазандықтардың жұмысымен танысып, жылу беру маусымына әзірлікті пысықтады. Жас ауылында да жаңа екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

IMG_1830

Келесі бағыт — Көктерек ауылдық округінің Сатыбалды ауылы. Мұнда биыл техникалық су тарту жұмыстары жүзеге асып әрі жаңа тұрғын үйлер салынуда. Сонымен қатар ауылдағы барлық әлеуметтік нысандар газ желісіне қосылған. Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, көтерілген мәселелерді тыңдады.

Аудан басшысы Асланбек Ахметоллаұлы Қарасу ауылдық округіне қарасты Бостандық және Ащысай ауылдарында да әлеуметтік нысандардың газбен қамтылу сапасы тексерілді. Округ әкімі Сұңғат Қажығалиев нысандардың қысқы маусымға толық дайын екенін айтты. Аудан әкіміне Қарасу ауылында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлердің жұмысы таныстырылды.

Сарыөзен жағасындағы Жұлдыз ауылында аудан басшысы ауыл шетіндегі қоқыс полигонын қарап, округ әкіміне тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды. Ауылда биыл салынған жаяу жүргіншілер жолының сапасы сын көтермейтіні айтылып, мердігерге жолды толық аяқтауға міндеттеу тапсырылды.

IMG_1825

Көктерек округіне қарасты Оразғали ауылында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. «Қаладан - ауылға» бағдарламасы арқылы көшіп келушілерге тұрғын үйлер салынып, ауылда бастауыш мектеп, шағын орталық және клуб халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі күнде Сарыөзен өзенінен ауылға техникалық су жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Он шақырымнан асатын құбыр желісін тарту барысымен танысқан аудан әкімі мердігерге жұмысты уақытылы аяқтауды жүктеді.

IMG_1782

Округ орталығында мал шаруашылығымен айналысушы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ветеринарлық блоктың құрылысы жүріп жатса, арнайы мал моласы жасалып біткен. Сонымен бірге жеке кәсіпкер қаржысымен спорт ангары салынуда.

Аудан әкімі барлық нысандарды аралау барысында құрылыс сапасын басты назарда ұстап, округ әкімдеріне жауапкершілікті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале