25.11.2025, 17:30
Оқылды: 266

Екпелі шөп — заман талабы

Казталов ауданы орталығында егістікпен айналысушы ауыл шаруашылық құрылымдарына арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша кеңес өтті. Жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов төрағалық етті. Сондай-ақ облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты.

IMG-20251125-WA0209

Кеңесті ашқан аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы:
— Бүгінгі кеңестің мақсаты — егістікпен айналысатын ауыл шаруашылық құрылымдарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Қуантатыны — ауданымызда екпелі шөп егуге ниет білдіруші шаруашылықтар саны жыл сайын артып келеді, — деп атап өтіп, сөз кезегін облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халеловқа ұсынды.
Алдияр Сансызбайұлы өз баяндамасында екпелі шөптің маңызын ерекше атап өтті.
— Екпелі шөп — бүгінгі күннің қажеттілігі. Мал шаруашылығын тек табиғи жауын-шашынға қарап дамыту қиын. Мал басы көбейген сайын сапалы азық дайындаудың да сұранысы артып отыр. Әсіресе оңтүстік аудандарда қуаңшылықтың күшеюі мен киіктің көбеюі шаруаға үлкен салмақ түсіріп отыр. Биыл облыс көлемінде 208 мың гектарға судан шөбі, қонақжүгері, жоңышқа, эспарцет сияқты біржылдық және көпжылдық дақылдар егілді. Соңғы екі жылда суармалы алқаптардың аумағы 13 мың гектарға жетті. Қуаңшылықтан зардап шегіп отырған аудандар үшін екпелі шөп егу — мал азығын дайындаудың ең тиімді жолы, — деді кеңесші.
Сонымен қатар Алдияр Халелов егістік алқаптарын қоршау мәселесінің маңызын да атап өтті. Киік көп шоғырланған өңірлерде шаруаларға қоршау шығынының 50 пайызы мемлекет тарапынан өтелетіні айтылды. Алайда әзірге бірде-бір шаруашылық өтінім тапсырмаған. Субсидия талаптарына сай бағандар темір не бетон болуы, қоршау торының биіктігі 1 метр 60 см, сым қалыңдығы кемінде 2,5 мм болуы міндет. Бұл өз кезегінде қоршаудың құнын қымбаттатады, сондықтан шаруалардың ұсыныстары орталық органдарға жолданған.

IMG-20251125-WA0221
Кеңес барысында Казталов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев егістікпен айналысып жатқан шаруашылықтардың жұмысы туралы баяндама жасады. Бөлім мәліметінше, ауданда өзен-көлдерді жағалап, көпжылдық мал азықтық дақылдарын егуді қолға алған шаруашылықтар саны артып келеді.

IMG-20251125-WA0207
Аудан бойынша 2025 жылға 245 гектар алқапқа төрт шаруашылық біржылдық және көпжылдық дақылдар еккен. Ал келер жылы екпелі шөп егуге дайындалып отырған шаруашылықтар көбейіп, 13 қожалық 1695 гектар жерге егін салуды жоспарлап отыр.
Кеңес барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы да талқыланды. Тұрғындарды жұмыспен қамтуға, жеке кәсіп ашуға және кеңейтуге мүмкіндік беретін жобаның тиімділігіне тоқталып, тауарлық несие бағытындағы жұмыстар түсіндірілді. Сонымен қатар кеңесте «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құс шаруашылығын дамыту сөз болды. Бұл бағыта да ауданымыз кенже қалған емес. Мысалға «Даяр» жеке кәсіпкерлігінің негізін қалаушы Жанайдар Рысқалиұлын атап айтуға болады. Мемлекеттік қайтарымсыз грант және «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып құс шаруашылығын дамытып отырған Манас Асылханұлы пайдаға кенелуде.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңінен ақпарат беріліп, қатысушылардың сауалдарына нақты жауаптар ұсынылды.

Қайрат Жақып,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале