Сырым ауданында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудандық мәслихат төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев қатысты.

Отырыста ауданның әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық даму бағыттарына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұханов аудандағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың қысқа дайындық жұмыстары туралы баяндады. Ол жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін атқарылған жұмыстарды жан-жақты түсіндірді.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Равиль Темірболатов мал шаруашылығына байланысты ветеринариялық бақылаудың жайын баяндады. Малдарды карантинге қою, мал қорымдарының талапқа сай болуы маңызды болып отыр. Жиында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов ауданда 7 мал дәрігерлік пункт салынды, енді біртіндеп, оларға 7 қызметтік автокөлік алып берілетінін айтты. Аудандық мәслихат төрағасы Шынар Дүйсенғалиева мекеменің салған айыппұлдарының қаншалықты өндірілгеніне мән беру керектігін жеткізді.
Жымпиты ауылы округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Абсатыров округ аумағындағы санитарлық ахуал мен тазалық жұмыстары туралы есеп берді.
Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаков аудандағы елі мекендерді ауыз сумен қамту мәселесіне тоқталды.
Сырым аудандық мансап орталығының директоры Сәбит Өмірзақов орталық тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша ақпарат ұсынды. Қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып, үйден тағам пісіріп сататындардың санитарлық талапқа сай болуын қадалағануын мәселе етіп көтерді.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева 2025 жылдың он айында көрсетілген мемлекеттік қызметтер жөнінде есеп берді.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев бизнесті қолдау шаралары мен аграрлық саладағы көрсеткіштерге тоқталды.

Жиында соңғы болып аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов аталған бөлімнің 2025 жылдың он айында көрсеткен мемлекеттік қызметтері туралы баяндама жасады.
Қоғамдық кеңес мүшелері барлық баяндамалар бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты. Жиынды аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытындылап, көтерілген мәселелерді шешу бойынша тиісті тапсырмалар берді. «Қазақтелеком» АҚ Сырым аудандық филиалының жұмысын жандандыруды алға қою керектігін айтты.
Шынар Яудақызы,
Сырым ауданы