26.11.2025, 11:15
Оқылды: 174

Елдің шаруасымен елордада

Сырымдық депутаттар маңызды мәселелермен министрліктерде болды. 

PHOTO-2025-11-24-12-36-56 (1)

Сырым ауданының мәслихатының депутаттары кешегі аптада Астана қаласында болып, бірқатар Министрліктің есігін қақты. Мақсат - елді алаңдатқан мәселелердің маңызын түсіндіру, оңтайлы шешім сұрау. ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев Тоқаев үкіметке мемлекеттік қызметті цифрландыруды, электрондық үкімет жүйесін дамыту арқылы мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуді, бюрократиялық кедергілерді азайтуды тапсырды. Мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде іске асырылуына жауапты, халық пен билік арасындағы негізгі өкілдік орган - мәслихат. Сырым аудандық мәслихаты да өзінің ның маңызды деңгейі екені біледі және соған сай қызмет атқарады. Депутаттардың қойын дәптеріне түртілген мәселелер жетерлік. Жеке тұрғындардың өтініштері мен депутаттық сауалдардан ауданның негізгі мәселелерінің картинасы шығады. Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиеваның бастамашы болып, елдің шаруасымен елордаға баруын түйткілдерді шешудің төте жолы деп түсінгеніміз жөн. Шынар Сайлауқызы қабылдауларға әріптестері - аудандық мәслихат депутаттары Ернар Байдашев, Жасқайрат Кенжебаевпен бірге барды. Сапарға Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева қолдау көрсеткен.

PHOTO-2025-11-24-12-36-56 (3)

Қармен бірге түсетін қаражат

Сырымдық депутаттар алдымен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі Омарбеков Бауыржан Бақытұлының қабылдауында болып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының қаржылай несиелендіру тетігін оңтайландыруға қатысты  ұсыныс айтты.

«Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қолдауға бағытталған Қазақстандағы басты әлеуметтік-экономикалық бастамалардың бірі. Бұл жоба ауыл экономикасын көтеруді ұзақ мерзімді, жүйелі түрде жүзеге асыруды көздейді. Бірақ, құжат жүзінде мінсіз бағдарламаның іске келгенде тиімсіз тұстары байқалуда. Мәселен кәсіп ашуға ниетті адам уақытын сарсылып қаражат күтумен өткізеді. Шотына қаржы түскен уақытта аспаннан қар қатар түсіп, не мал ала алмай не құс таба алмай әуреге түседі. Сырымдық депутаттар жобаның қаржыландыру кезеңін наурыз-сәуір айларынан қалдырмауды сұрайды. Өтініш беруші кәсіпкерлер сұрағанын жыл басынан бастап алса, несиенің 50% мал шаруашылығын дамытуға, 50 % өндіріс орындарын ашуға бағытталса деген ұсыныс бар.Бұл ұсыныстар бойынша министрлік болашақта қаржыландыру саласына өзгеріс енгізетінін айтты.

PHOTO-2025-11-24-12-36-56 (4)

Тұралаған серіктестік аяққа тұрса…

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын несиелендіру, микрокредиттеу департаментінің директоры Жанат Мақановаға  несие серіктестіктерінің жарғысына, нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу жайы жеткізілді. Бұл - ауыл еңбеккерлерінің аманаты.

Республикалық аграрлық несие корпорациясының төрағасы Әміржан Әмірхановтің қабылдауында “Сырым” несие серіктестігінің» жұмысы, тұралаған серіктестіктің ісін жандандыру туралы айтылды. Корпорация төрағасы сол мезетте ZOOM арқылы  облыстық Аграрлық несие корпорациясымен  видео конференция өткізіп, мәселенің оң шешуге тапсырма берді.

PHOTO-2025-11-24-12-36-56

Басты ауыртқан баспана

Бірқатар мәселе ҚР Төтенше жағдай министрлігіне қатысты. Вице-министр Кеген Тұрсынбаевқа Самара-Шымкент халықаралық автожолы бойынан құтқару бекетін салу бойынша ұсыныстар айтылған.

Вице - министр мәселені жоққа шығарған жоқ. Жауапты департамент басшыларымен кездестіріп, ұсыныстың болашақта жоспарланатынын, дей тұрғанмен жуық арада Сырым ауданын жедел құтқару көлігімен қамтамасыз ететінін, ауданға іссапармен келіп, сұрақты зерделейтінін атап өтті.

Халық үкіметтен үй алуы үшін неге бұрынғы үйін, қора - қопсысын қырып, жерін тапсыруы тиіс. Ендеше оған ұсынылған жаңа баспана арендалық әдіспен емес, бірден жеке меншікке берілуі керек емес пе?! Міне, осы сауалдар ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті басшысының м.а.Мыңбаев Қанат Тұрсынбайұлымен кездесуде айтылды. Бұл кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов те қатысты. Сырымдық депутаттар қазіргі уақытта ауданда салынып жатырған тұрғын үйлердің «Отбасы банк» арқылы өткен жылы төтенше жайдай орын алған су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға деп мақсатты берілуін және жекеге беру мәселесін көтеріп, нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізу сұрады.

Министрлікте комитет басшысы, департамент басшыларымен дөңгелек үстел жүргізіліп, осы мәселенің заңдылығы зерделенді. Алдағы уақытта нормативтік құқықтық актіге заңға сәйкес өзгерістер енгізу қаперге алынды.

Министрліктермен кездесу нәтижесінің қорытынды жиыны Парламент мәжілісінің депутаты С.Имашева кабинетінде өтті.  Снежанна ханым алдағы уақытта осы мәселелердің оң шешімінің табуын өзі қадағаламақ.

- Біз халықтың айтқан ұсыныстарын көзбе - көз Министрлік өкілдеріне жеткіздік. Мәселелер талқыланады, алқа отырыстарында ақылдасулардан өтеді. Басы артық шаруа айтпадық деп ойлаймын, тұрғын үй де, аграрлық несие де, ауылдарға арналған жобалар да - халық үшін маңызды. Астанадан оң шешім күтеміз, - дейді Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале