26.11.2025, 12:15
Оқылды: 57

Әйелдер құқығы әлем назарында

Сейсенбі күні оралдағы «ОzgeEpic creative hub» орталығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» науқаны аясында жиын өтті.

WhatsApp Image 2025-11-26 at 12.33.18

Аталмыш басқосуды белгілі журналист Бағдат Ізмағамбетов жүргізді. Бұл іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, БҚО ПД кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Олжас Сүйіншіәлиев, БҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлімнің аға инспекторы Алмагүл Рахметқали, «Stop Bullying» ҚБ құрылтайшысы төрағасының орынбасары Айжан Сабурова қатысып, жастарға тың ақпараттар айтты. Осы мазмұнды жиында өңірдегі арнаулы орта және жоғары оқу ордаларының студенттері болып, спикерлер мәліметтерін тыңдады. Қарашаның 25-і әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні. Отырысы алдында барша қатысушыға қызыл-сары лента үлестіріліп, кеуделеріне тағылды. Бұл лента «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» деген ұғымның белгісі. Басқосуда сөз алған Гүлжанар Болатқызы іс-шара мазмұнына тоқталып, отбасындағы жанжал мен келеңсіздіктердің соңы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына әкеп соғатынын тілге тиек етті.

WhatsApp Image 2025-11-26 at 12.33.18 (1)

– Бүгінде Ақ Жайық өңіріндегі барлық қала-аудандарда БҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері бар. Аталмыш комиссия нәзік жандардың құқығын қорғауға негізделген айтулы іс-шараларды ұйымдастырады. Ер мен әйел арасындағы теңдікті сақтау, отбасындағы озбырылықты болдырмау жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма бекітті. Биылдың өзінде облыс көлемінде осы мәселеге қатысты 300-ден аса жиын өтті. Оның ішінде шығармашылық байқаулар, тренингтер, танымды іс-шаралар бар. Бұл жиындар жанұя мүшелерінің қарым-қатынасын нығайту, олардың бір-біріне деген құрметін арттыруға бағытталған. Қазіргі қоғамда әйел құқығы мүлде аяқасты болмайды. Оған Ата заңымыз жол бермейді,– деді Г.Шөкеева.

WhatsApp Image 2025-11-26 at 12.33.15

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасында да  әйел құқығын қорғау жұмыстары ілгерілету керектігі айтылған. Осы жөнінде БҚО ПД кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры О. Сүйіншіәлиев айтты. Ол өз сөзінде әйелдерді әлеуметтік желі арқылы бопсалау әлем бойынша өршіп тұрғанын сөзге өзек етті.  Егер осыған қатысты келеңсіз жағдайға ұшыраса, бірден кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасына хабарласып, шағымдану керектігін мәлімдеді.

WhatsApp Image 2025-11-26 at 12.33.14

– Қазір Қазақстанда цифрлы даму үдерісі жақсы қалыптасып келеді. Үлкен-кішінің ұялы телефонында түрлі әлеуметтік желілер бар. Бірақ біз желіден өзімізге пайдалы ғана ақпараттарды алып, уақытымызды тиімді өткізуге тырысқанымыз абзал.   Әлем елдері жасанды интелектті дамытып, оны кез келген салада қолданып, пайдасын көріп келеді. ЖИ-мен жасалатын әжуа әрекеттерден бас тартып, цифрлы даму үрдісін дамыту қажет. Елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылса, осы бағыттағы біліміміз тереңдей түсерін күмән жоқ. Қазір кей алаяқтар ЖИ көмегімен құрылым қызметкерінің кейпіне еніп, азаматтарды сан соқтыруда. Қылмыскерлер бұл жүйені жетік меңгергенімен, айыбы әшкере болады. Сондықтан цифрлы даму жолында ізденіп, оны тиімді бағытқа жұмсаған жөн,– деді  О. Сүйіншіәлиев.

WhatsApp Image 2025-11-26 at 12.33.35

Отырыс барысында студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, өздеріне қажет жауаптарын алды. Гүлжанар Шөкеева осындай танымды іс-шаралар алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылатынын айтты. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» науқаны 10 желтоқсанда аяқталады.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале