26.11.2025, 12:30
Оқылды: 166

Білім мен мейірім тоғысқан жылдар

Бөрлі колледжі – өңіріміздегі өткеннің даналығын, бүгіннің еңбегін және болашақтың үмітін тоғыстырған білім ордаларының бірі. Тарихы тереңде жатқан, жетпіс жылдық даңқты жолы бар білім ордасынан елге еңбегі сіңген, кәсіби-техникалық бағыттағы талай талантты түлектер ұшып шықты. Мұнда дәстүр мен жаңашылдық, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастық – басты құндылықтардың бірі.

Білім мен мейірім тоғысқан жылдар (1)

Осы ұжымның қадірлі ұстазы, тәжірибелі оқытушысы, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлайтын «Мұнай мен газды өңдеу технологиясы» кафедрасының аға оқытушысы Айымгүл Бисенбаева бүгінде өз еңбек жолының айтулы белесіне жетіп отыр. Осыған орай оқу орнында Айымгүл Қуанғалиқызының бай еңбек жолына тағзым ету, ұстаздық жолындағы табандылығы мен ұлағатын атап өту мақсатында ерекше басқосу ұйымдастырылды. Бұл – шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын ұстаз тұлғасына құрмет, ұжымның ыстық ықыласы мен алғысының белгісі.

Айымгүл Қуанғалиқызы 1965 жылдың 4 қарашасында Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Есенсай совхозында дүниеге келген. 1983 жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Жоғары  білім алып, мамандығы бойынша технолог-лаборант, әрі агроном болып қызмет атқарады. Кейінгі жылдарда бухгалтерлік салада еңбек еткеннен кейін, Ақтөбе мемлекеттік институтына түсіп, мектепте ұстаздық жолын бастайды. Бөрлі колледжіндегі еңбек жолын 2006 жылы бастаған ол, міне, 19 жыл бойы өз білімін, өмірлік тәжірибесін және жүрек жылуын шәкірттерімен бөлісіп келеді. Ол – талапшыл, бірақ әділ ұстаз. Әр студентке жеке көзқараспен қарап, олардың бойындағы қабілетті ашуға тырысады.

Әріптестері Айымгүл Қуанғалиқызы ашық жарқын мінезі, әзілге бай көңілі және кәсіби шеберлігі үшін ерекше құрметтейді. Ал шәкірттері оны мейірімділігі мен қолдауы үшін жақсы көреді.

Мерейтой иесін құттықтауға түрлі жылдары бірге еңбек еткен қадірлі әріптестері жиналды. Олардың қатарында – химия кафедрасының жетекші оқытушысы Алия Темьярова, химиялық іс кафедрасының лаборанты әрі сенімді серігі Галина Кухтарева, сондай-ақ қаржы және бухгалтерлік есеп кафедрасының тәжірибелі ұстаздары, бүгінде Бөрлі ауылдық округінің қоғам белсенділері Найля Иргалиева мен Сагидулла Куптлеуов, педагогикалық еңбектің ардагері, колледждің әдіскері қызметін көп жылдар бойы абыроймен атқарған Қалампыр Куптлеуова, «Мұнай-газ ісі» кафедрасының жетекші ұстазы, өз ұстаздарының ісін жалғастырушы Асия Иргалиева  да жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік шара колледж директоры Мұрат Өтемұратовтың қолдауымен жоғары деңгейде өтті. Бұл күні колледж дәлізінде қуаныш пен ризашылықтың ерекше рухы сезілді — себебі Бөрлі колледжінің ең басты байлығы – ұрпақтар сабақтастығы мен тарихқа деген құрмет.

Өз ұстазын құттықтау үшін әр жылдары түлеп ұшқан түлектер де арнайы келіп, жылы естеліктерімен бөлісті.

Айымгүл Қуанғалиқызы – тек білім беруші ғана емес, адамгершіліктің, сабыр мен мейірімнің үлгісі. Осындай ұстаздарымыз барда Бөрлі колледжінің жарқын тарихы мен абыройлы дәстүрі жалғаса беретініне сеніміміз мол.

Нұргүл Лукбанова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале