Бүгін Казталов ауданына жұмыс сапарымен келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай 2025 жылдың қазан айында Казталов ауданы орталығында көпбейінді ауданаралық аурухананың құрылысы басталған еді.

Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша салынған нысанның мердігері — «MIR-A CONSTRUCTION» ЖШС. Қазіргі уақытта компания мамандары құрылыс алаңында жаңа аурухананың іргетасын құюға дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Өңір басшысының орынбасары жаңа аурухана орналасатын аумаққа барып, мердігер компания өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Мирас Рүстемұлы: — Бұл нысанның құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау қажет. Қажетті қаражат қарастырылған. Біздің мақсат — ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен денсаулығын жақсарту. Осы бағытта сіздер тарапынан жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын сұраймын, — деп тапсырма жүктеді.


Ауданаралық аурухананың салынуы өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл нысан Казталов ауданына ғана емес, Жәнібек, Бөкей Ордасы және Жаңақала аудандарының халқына да қызмет көрсететін болады.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Беспішен—Қошанкөл—Қараоба бағытындағы күре жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын да қадағалады. Қазіргі таңда аталмыш жолдың 15 шақырымынан кейінгі 25 шақырымына қара жамылғы төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы