27.11.2025, 12:00
Оқылды: 239

БҚО-да ауыл шаруашылығы саласына 27,1 млрд теңге инвестиция тартылды

2025 жылдың қаңтар–қазан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен көрсетілген қызметтер көлемі 280,6 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,4% артты.

WhatsApp Image 2025-11-25 at 11.11.42

Агроөнеркәсіптік кешен – халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп, экономикалық әл-ауқатын ілгерілететін, елдің тұрақты дамуындағы негізгі сала. Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бюджеттен 56,6 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе көп (2024 жылы – 46,3 млрд теңге).

Осы кезеңде облыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға 35,2 млрд теңге кредиттік ресурстар тартылды.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 27,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3 есе артық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында машина-трактор паркінің тозуына назар аударып, оны жаңартудың маңыздылығын атап өткені мәлім. Биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалпы құны 14,4 млрд теңге 1 377 техника лизингке алынып, жыл соңына дейін облыстың техника паркі 6,5%-ға жаңарады.

БҚО-да 365 мың тонна астық жиналды

Биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылының егіс алқабы 638 мың га құрады, соның ішінде дәнді дақылдар – 288,7 мың га (соның ішінде күздік дәнді дақылдар 90,0 мың га), майлы дақылдар – 137 мың га, картоп, көкөніс-бақша дақылдары – 4,1 мың га, мал азықтық дақылдар – 208,8 мың га құрады.

Егіс құрылымын әртараптандыру барысында агроқұрылымдар жоғары маржиналды дақыл түрлеріне көшуде. Соның нәтижесінде  бұршақты дақылдар 1,9 есе (22,5 мың га), соның ішінде ноқат (нут) – 2,4 есе (11,2 мың га), жасымық (чечевица) – 1,6 есе (11,3 мың га), ал майлы дақылдар 33,4%-ға артты.

Бүгінгі таңда өнім жинау жұмыстары толықтай аяқталып, дәнді дақылдар алқабынан 365 мың тонна астық жиналып, майлы дақылдар алқабынан 104 мың тонна өнім алынды.

«Жаңа Жер» ШҚ, «Engontaim» ЖШС, «АгроСервисБатыс» ЖШС, «Серик Агро» ЖШС, «Алтын Болашақ» ШҚ күздік бидайдың әр гектарынан 30-32 центнерден өнім алды. Сонымен қатар орташа 233 ц/га өнімділікпен 44,0 мың тонна картоп, орташа 184 ц/га өнімділікпен 27 мың тонна көкөніс, орташа 304,3 ц/га өнімділікпен 21,3 мың тонна бақша өнімдері жиналды.

Қазіргі таңда облыста жалпы ауданы 236 мың шаршы метр болатын 48 жылыжай жұмыс істейді. Олардың ішінде өнеркәсіптік үлгідегі екі ірі кешен бар. Олар – «World Green Company» және «Орал жылыжай кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Маусымаралық кезеңде облыс халқы қажеттілін толық қамтуға жетікілікті көкөніс көлемін сапалы сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 66,3 мың тонна 37 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеуде.

Биыл алғаш рет суармалы алқаптарға арналған қондырғыларды сатып алуға жылдық сыйақы мөлшері 2,5% болатын, 10 жылға дейінгі жеңілдетілген несиелер берілді. Осы мақсатта жергілікті бюджет есебінен 3 млрд теңге бөлінді.

Мемлекет суару технологияларын енгізуді ынталандыру мақсатында инвестициялық шығындардың 80%-ын субсидиялайды. 2025 жылы бұл бағытқа 1,1 млрд теңге қолдау көрсетіліп, 1 757 га жаңа суармалы жер іске қосылды.

БҚО етті мал басы бойынша бірінші орында

БҚО-да ауыл шаруашылығында өндірілетін жалпы өнім көлемінің 60%-ы мал шаруашылығына тиесілі. Біздің өңірі етті мал басы саны бойынша республикада бірінші орында.

1 қарашадағы есеп бойынша облыста 1 миллион 8 мың мүйізді ірі қара, 315 мың жылқы, 2,7 мың бас түйе,  1 миллион 239 мың қой,  168 мың ешк, 1 миллион 137 мың құс бар.

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында барлық шаруашылық 73,1 мың тонна ет,  182,8 мың тонна сүт және 100,9 млн жұмыртқа өндірді.

Қазіргі таңда мемлекеттік тіркелімде 146 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара, 76 мыңнан астам қой, 6,7 мың жылқы және 258 түйе бар. Облыс аумағында 45,6 мың басқа арналған 16 бордақылау алаңы жұмыс істейді.

2025-2026 жылдың мал қыстағына малды азықпен қамтамасыз ету үшін өткен жылдан қалған шөпті қоса есептегенде барлығы 2 368,9 мың тонна шөп дайындалды, бұл қажеттіліктің 102,3% құрайды.

 Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу

Өңірде 22 ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны бар. Статистикаға сәйкес 2025 жылдың 10 айында 93,6 млрд теңгеге тағамдық өнімдер өндіріліп, нақты көлем индексі – 103,2% құрды.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына жалпы құны 68,1 млрд теңге 54 инвестициядық жоба енгізілді.

Биыл 15,4 млрд теңгенің 18 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бүгіндері жалпы құны 9,2 млрд теңге болатын сегіз жоба іске қосылды.

Сүтті тауарлы фермалардың құрылысы бойынша үш жоба жүзеге асты. Жыл соңына дейін бір ферма іске қосылады.

Былтыр 1 тауарлы сүт фермасы («КТК888» ЖШС) құрылысына 3,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Ферма биыл жұмысын бастады. Соның нәтижесінде облысты сүт және сүт өнімдерімен қамту көрсеткішін 22,3%-дан 39%-ға арттыру жоспарланған.

Бүгінде ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін қайта өңдеу мәселесі өте өзекті. Облыста бұл бағытта екі ірі қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.

Жәнібек ауданында «ECO CLUB» ЖШС жаңа жобаны қолға алмақ. Компания сапасы төмен терілерді қайта өңдеу арқылы мал азықтық қоспа «протеин» өндірмек. Жоба осы жылдың желтоқсан айында іске қосылады.

ҚПО 780 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін сатып алды

Биыл БҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құны 5,5 млрд теңге болатын 855 жоба бойынша несие беру, соның нәтижесінде 886 жұмыс орнын құру жоспарланды.

Қазіргі уақытта 2,2 млрд теңге бөлініп, 1,1 млрд теңгеге өтінімдер қабылданды, соның ішінде 58 өтінім бойынша 604 млн теңге шағын несие берілді.

Былтыр тараптар «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде өндірілетін өнімдерді мұнай-газ секторындағы ірі компания ҚПО-ға өткізу туралы меморандумға қол қойды. Соған сәйкес 6,8 тонна сүт өнімі (сары май), 3 млн 600 мың жұмыртқа, 152 тонна ет және 444 тонна көкөніс – жалпы сомасы 780 млн теңгенің өнімі тапсырылды. Жыл соңына дейін ҚПО-ға 290 млн теңге ауыл шаруашылығы өнімін өткізу жоспарланды.

Ауыл кәсіпкерлерін қолдау, азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Орал қаласы мен аудан орталықтарында 480 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкелерде сатылған 2,0 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан 10-15% арзан болды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 4-5 қазан күндері Астана қаласында өткен жәрмеңкеде 90 тоннадан астам өнім елорда халқына ұсынылып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы өнімдері ұсынылған сөре «Жәрмеңкенің үздік сауда сөресі» номинациясын иеленді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале