28.11.2025, 9:30
Оқылды: 113

Рауанның ән тартуы

Аудандық мәдениет үйінің белді әншісі Рауан Қажғалиевтің гастрольдік сапармен ауыл-ауылды аралап, жеке шығармашылық кешін өткізіп жүргені жөнінде  көзіқарақты оқырманымыз хабардар.

IMG-20251126-WA0111

Бүгін ол сайқындық көрерменге де өз өнерін паш етіп, қорытынды концертін ұсынды. Әуезді ән мен тартымды би астасқан әсерлі кеште қазақ композиторларының шоқтығы биік шығармалары, орыс авторларының танымал туындылары да сахна төрінде кеңінен шырқалды. Бұл кештің шырайын кіргізе келген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, жәнібектік талантты өнерпаз Райымбек Каримов те көрерменді тамсандырып, ерекше көңіл-күй сыйлай алды. Халықтық «Нарын» ән-аспаптар ансамблі де сахнадан табылып, кеш ажарын аша түсті. Айта кетерлігі, Рауан Қажыболатұлы осы ансамбль құрамында бірнеше жылдан бері үздіксіз өнер көрсетіп келеді.

IMG-20251126-WA0106
Талантты ұлдың тамаша кешін көруге келген көрерменнің қарасы қалың болды. Залда ине шаншар орын болмағаны - соның айғағы. Тек жанды дауыста ғана ән айтатын Рауанның шынайы таланты мен ерекше орындаушылық қабілетіне тәнті болған жұртшылық ыстық ықыласы мен қошеметін аямады. Кеш барысында аудандық мәдениет үйінде ұзақ жыл қызмет атқарған, бүгінде Тасқала ауылында тұратын Гүлнәр Ахметова апамыздың да жүрекжарды лебізі үлкен экраннан ұсынылып, кеш иесіне күтпеген әсер сыйлағаны сөзсіз.  Сондай-ақ, концерттік бағдарламаның  тізгінін ұстаған Алтынбек Айғалиев кәсіби шеберлігін таныта  кештің басты кейіпкерімен сұхбат жүргізіп, өнерге қалай келгенін, алғашқы ұстаздары жөнінде сыр шертіп, көрермен қауымды бір серпілтіп тастады.

IMG-20251126-WA0096
Әуезді де әсерлі кештің  соңында аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов аудан әкімінің атынан алғысхат пен сый-сияпатты  тапсырып, Рауанның әкесі Қажыболат Қажғалиевке шапан кигізіп, анасы Сағира Қажғалиеваға орамал жауып, құрметін  көрсетті. Сонымен қатар  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі де өз тартуын ұсынды. Рауанның өнердегі әріптестері мен Сағира ананың үзеңгілес әріптестері  «Ару әжелер» тобының мүшелері де ақжарма тілектерін айтып, сыйлығын табыс етті. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нүркен Сабиров та арнайы келіп, құрмет көрсетті.

IMG-20251126-WA0094
Кештің жарқын сәттері көп болды және Рауан Қажыболатұлының өнер жолындағы ұзақ жылғы еңбегінің жемісті нәтижесі десек, артық айтқандық емес. Бұған бүгінгі көрерменнің айрықша қошеметі дәлел.

Арайлым Маратқызы,

Бөкей ордасы ауданы

IMG-20251126-WA0098

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале