Бүгін Казталов ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдар Менеев, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері және бөлім басшылары қатысты.

Отырыста күн тәртібіндегі үш мәселе қаралды. Алғашқы болып аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова Kaзталов аудандық мәслихатының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №25-2 «2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне енгізілетін өзгерістер туралы баяндама жасады.
Келесі мәселе бойынша аудандық мәслихаттың бас маманы Саламат Байдуллин «Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданына коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі 2024–2028 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» 2024 жылғы 14 мамырдағы №17-5 шешімінің күшін жою жөніндегі ұсынысты таныстырды.
Сондай-ақ аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Аронов ауданның жалпыға ортақ пайдаланылатын аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерін бекіту бойынша баяндады.

Жиын барысында Жалпақтал ауылындағы ішкі жолдардың жағдайы, Х.Жақып көшесіндегі жол мәселелері және өзге де инфрақұрылымдық бағыттағы сұрақтар талқыланды.
Отырыс соңында «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ильсов ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет етіп жүрген қоғамдық кеңес мүшесі Руслан Сарбаевқа «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Д.Кәрібаевтың алғысхатын табыстады.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы