Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев Орал қаласында өткен облыстық «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» байқауында топ жарып, бас жүлдеге ие болған жаңақалалық ұстаздармен кездесті.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар мен аудандық білім бөлімінің басшысы Данял Танзенов те қатысты. Аталған байқау ұстаздардың оқу сауаттылығы мен логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, күрделі тапсырмаларды орындау дағдыларын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған болатын. Сайысқа ауданымыздан 5 қазақ тілі мен әдебиеті және 5 математика пәні мұғалімдерінен құралған команда қатысып, білім мен тапқырлықты қатар ұштастыра отырып, өзгелерден оқ бойы озық шығып, бас жүлдені иеленді. Енді олар республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды.

Кездесу барысында аудан әкімі ұстаздардың бұл жеңісі – білім сапасының артуына қосылған зор үлес екенін атап өтіп, ұжымдық табыстың маңызын айтты. Байқау жеңімпаздарына алғысхат табыстап, республикалық кезеңге сәттілік тіледі. Сондай-ақ мұғалімдер облыстық байқаудың өту барысын жан-жақты баяндап, тапсырмалардың күрделілігі мен қызықты сәттерімен бөлісті. Олар сайыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мұндай білім додалары кәсіби дамуға серпін беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, байқауға қатысқан педагогтар мұндай тәжірибені аудан көлемінде де өткізудің маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта осы форматтағы жарысты жергілікті деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Бұл бастама – ұстаздар арасында пәндік және функционалдық сауаттылықты арттыруға, тәжірибе алмасуға жол ашады. Ұстаздар атынан сөз алған Данял Жұпмағамбетұлы көрсетілген қолдау мен сенім үшін алғысын жеткізсе, байқауға қатысқан мұғалімдер де жылы лебіз білдіріп, алдағы кезеңге жауапкершілікпен дайындалатындарын айтты.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы