28.11.2025, 23:00
Оқылды: 61

Күй өнерінің саңлағы Теректіде

Теректі аудандық мәдениет үйінде Құрманғазы оркестрінің белгілі домбырашысы Ақылбек Бектасов «ДЭККО» атты шығармашылық кешін өткізді.

587277777_18201351541316896_2549204170510875277_n

Аталған шарада аудан әкімі Әлия Биғазықызы бастаған бір топ азамат бой көрсетті.
Бұл сазды-музыкалық кеште ҚР мәдениет саласының үздігі Асхат Хасанов жетекшілік ететін БҚО камералық оркестрі дүйім жұртты өз өнеріне тәнті етті. Сонымен қатар Медет Оразов, Рүстем Хафиз сынды орындаушылар сахнада өнер көрсетіп, Фараби Мергенғалиев "кахон" ұрмалы аспабында ойнап, жергілікті тұрғындардың ыстық ықыласына бөленді.

586708936_18201351523316896_7952223479135797521_n
Сахна төрінде өнерпаздар әлемдік хиттерден композиция орындап, халықты бір серпілтсе, Нұрғиса Тілендиевтің “Аққу”, Құрманғазының “Адай”, Қазанғаптың “Ақжелең”, Есірдің “Ирең”, Сүгірдің “Ыңғай төк”, Төлеген Мұхамеджановтың "Балалық шақ” және Секен Тұрысбектің “Ақ жауын” атты күйлері тыңдарман бойын шымырлатты.
Сондай-ақ күй өнерінің саңлағы өзінің авторлық күйлерін де көрермен назарына ұсынды.
Кеш аяғында Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы Арман Сағидоллин сөз тізгінін алып:
-«Өнер» институтында оқыған кезде, дайындық залынан шықпайтын үш адам болды. Солардың қатарында Ақылбек Бектасов бар еді. Таңнан кешке дейін дайындалатын үшеуіне біз таң қалып қараушы едік. Сөйтсек, өнердің шыңы осы еңбекте жатыр екен. Кезінде осындай еңбекқорлығының арқасында Бақтықожа Салахатдинұлының ең сүйікті күйшісіне айналып, ол кісі үнемі шараларға шақыратын. Ақылбек, сенің күй өнерінің қыраны болатыныңа күмәніміз жоқ. Қанатың самғай берсін! Бүгінгі күнде санаулы екі күйің болса, болашақта 200 күйіңді қазақ баласы орындап жүретіндей композиторға айналуыңа тілекшімін. Біздің Теректіге жаңа күй тартыс өнерін алып келдің. «Ақ тұлпарың сүрінбесін, алға қарай шаба берсін!» деп ізгі тілегін білдіріп, Алматы шаһарынан келген қонағымызға дәстүр бойынша кәдесый табыстады.
- Сіздерге алтын уақыттарыңызды бөліп, «жерлесіміз» деп қолдап келгендеріңізге алғыс білдіремін. Киелі Теректі ауданының алдында өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе! Биыл Нұрғиса Тілендиев атамыздың 100 жылдық мерейтойы Қазақстан бойынша, ЮНЕСКО бойынша тойланып жатыр. Концертті Нұрғиса Атабайұлының құрметіне арнайы «Аққу» күйімен бастағым келді,-деді күйші.

587794943_18201351532316896_2891323137159572671_n
Қазақ эстрадасында күй өнерін насихаттап жүрген бүгінгі кеш иесі аудан әкімі, мәдениет үйі мен ішкі саясат бөлім басшылығына өз алғысын білдірді.
Концерттік бағдарлама алғашқылардың бірі болып Теректі ауданында өткізілсе, алдағы уақытта тағы 4 ауданда өз жалғасын таппақ.
Заман талабына сай эстрада, күй мен композиция бір арнада қиылысқан музыкалық кеш тыңдарман жүрегіне сөзсіз жол тапты.
Әйтпесе, Құрманғазының күйі мен Майкл Джексонның шығармашылығы бір сахнада тоғысқанын қайдан көріп едіңіз?!

Қаламқас Саясатова
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале