Переметный ауылында «Өнерге адал 50 жыл» атты шығармашылық кеш өтті. Халықтық «Скифы» вокалды-аспаптық ансамблі жарты ғасырлық жылнамасын тойлады.

Айта кетейік, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасында Орал музыкалық училищесінің түлегі Павел Твердохлебов Переметныйда өнерге құштар бір топ жерлестерінің басын қосып, осынау топты құрған еді. Ауыл кештерінде ән шырқаған ансамбль бірден көпшілікті өзіне бауырап алды. Олар облыстық, республикалық, халықаралық байқау-фестивальдарда жақсы өнер көрсетіп, аудан, облыс, тіпті еліміздің абыройын асқақтатты. Ансамбль мүшесі Асылбек Ізмұхановтың айтуынша, олардың репертуарында 100-ге жуық ән бар. Көбі – кеңес заманындағы және қазақ композиторларының әндері.

Кеш барысында осынау әндерді тек «Скифы» шырқап қоймай, Оралдан арнайы келген Ғ.Құрмағалиев атындағы облыстық филармонияның және көршілес тасқалалық әншілер де орындады.
«Құлақтан кіріп бойды алар,Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй» деп хакім Абай жырлағандай, бүгін сондай керемет кештің куәсі болып отырғанымызға қуаныштымын. Осында әнді сүйетін, өнерді бағалай білетіндер жиналғаны анық. Ауданымыздың абыройын асырып, асыл өнерімізді ұлықтап жүрген «Скифы» ансамблін, оның тыңдармандарын 50 жылдық мерейтоймен аудан әкімінің атынан шын жүректен құттықтаймын! Өздерінің өнерімен елге, тыңдармандарының жүрегіне жақсылықтың нәрін себе білген «Скифы» ауданымыздың бетке ұстарына айналды. Естуімше, осынау топ әнді жанды дауыспен айтуларына байланысты альбом жазуға ықыласты емес секілді. Мүмкін ойларын өзгертіп, осы іске ден қойса деймін. Бұл тек менің емес, осында отырған жанның баршасының тілегі болар. Ертең, яғни осыдан он жылдан соң ансамбльдің 60 жылдығын тойлағанда жиналған жұртшылық әнді сахнада тыңдап қана қоймай, альбомға жазылған ән жинақты алып, үйінде, көлікте кез келген уақытта тыңдауға мүмкіндігі болса нұр үстіне нұр,- деген аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев «Скифы» ансамблінің ұжымына ықылас гүлін және ямаха-сентизаторына сертификат табыстады.

Кеште ансамбль құрамында болған, бүгінде орталарында жоқ Е.Абдулов, С.Сейтов, Е.Жулиев, Ю.Бабушкин, В.Каманин секілді өнерпаздарды да еске алып, олардың туыстарына естелік сыйлықтар табысталды.

Осылайша Бәйтерек ауданының бетке ұстар өнерпаздары өз тойында елге ән-жырмен шашу шашып, жұртшылықтың ризашылығына бөленді.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы