Оралда VIII «Uralsk Green Forum» халықаралық экологиялық форумы өтті. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясы облыстық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада «Инновациялар мен климат: жасыл экономикаға көшуге арналған жаңа мүмкіндіктер» тақырыбын талқылады.

Форумның мақсаты – климаттық саясат, экологиялық инновациялар, көміртек нарықтарын дамыту, су ресурстарын тиімді басқару және ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру. Экологиялық форумға министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, табиғат пайдаланушы компаниялар, экологиялық қауымдастықтар, тұрақты даму саласының сарапшылары мен мамандары, барлығы 200-ден астам адам қатысты.
Іс-шараның шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов өңірде жүзеге асырылып жатқан экологиялық іс-шаралар туралы баяндады.

– Облыста бірегей жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Биыл мемлекеттік орман қорының 2181 гектарына 8,2 млн түп көшет отырғызылды. Орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру үшін соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге қаражат бөлініп, 112 техника сатып алынды. Су ресурстарын басқару арқылы экологиялық ахуалды жақсартуда бірқатар жұмыс атқарылуда. 2024 жылы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Батысирригация» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Биыл 31 арнайы техника сатып алуға 1,1 млрд теңге бөлінді. Қазір мекеме теңгеріміне гидротехникалық құрылымдарды табыстау жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары. Қалияр Шадиярұлының мәліметінше, биыл өзендердегі су деңгейінің көтерілуін болжауға арналған қондырғылар орнату үшін жергілікті бюджеттен 79,6 млн теңге бөлінген. Бұл қондырғылар Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінен өтетін көпірлерге орнатылған. Круглоозерный ауылы маңында Жайық өзенінің арнасы жыл санап өзгеріп келеді. Өзен жағалаулары соңғы 20 жылда 172 метрден 60 метрге дейін жақындапты. Бұл мәселені шешу үшін Жайық өзені жағалауын бекітуге 4,7 млрд теңге бөлінді. Жоба құны – 7,4 млрд теңге. Орал қаласындағы Чичерная және Шамсутдинов көшелеріндегі тұрғын үйлер Жайық өзенінің жағалауына жақын орналасқан. Сондықтан осы көшелерден айлаққа дейінгі өзен жағалауын нығайтуға1,4 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр. «Климаттың өзгеруі – жаһандық сын-қатер. Бірақ инновация – сол сын-қатерді жаңа мүмкіндіктерге айналдыратын жол. Біздің таңдауымыз – ресурстарды сақтайтын, табиғатты қорғайтын, экономиканы жаңғыртатын жаңа технологиялық даму», – деп сөзін қорытқан Қалияр Шадиярұлы форумның жетістіктерге жетелейтініне сенім білдірді.
«ҚПО б. в.» компаниясының өндіріс жөніндегі директоры Никола Аллегро форум тақырыбының өзектілігін атап өтіп, компанияның бұл салада жүзеге асырып жатқан іс-шаралары туралы айтты.

– Қазіргі уақытта климаттың өзгеруіне қарсы күрес және тұрақты даму – басты міндеттердің бірі. Әлеуметтік жауапты компания ретінде ҚПО қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламалары мен іс-шараларын іске асырып келеді. Компания БҰҰ мұнай-газ метан шығарындыларын бақылау бағдарламасына (OGMP 2.0) белсенді қатысып, биыл Gold Standard Pathway сертификатын алды. Бұл компанияның тұрақты даму мен жоғары экологиялық стандарттарды ұстануға деген ұмтылысын растайды. Сонымен қатар компания су ресурстарын басқару мәселелеріне ерекше назар аударып жүр. Қазақстан Республикасының Су кодексіне жақында енгізілген түзетулерге сәйкес ҚПО мамандандырылған жұмыс тобын құрды. Оның мақсаты – жаңа заңнамалық талаптарды зерттеу және су ресурстарын тиімді әрі тұрақты пайдалану үшін оларды басқару тәжірибесін жақсарту мүмкіндіктерін бағалау. Компанияның қоршаған ортаны қорғау стратегиясында көміртек пен қалдықтарды, сондай-ақ су ресурстарын пайдалануды бақылау, биотүрлілікті сақтау және жерді қалпына келтіру бойынша ұзақ мерзімді жоспарлар бар. Болжалды көміртегі тапшылығын өтеудің бірден-бір перспективалы бағыты – Батыс Қазақстан облысында табиғатты қорғауға негізделген көміртегі офсет пилот жобасын іске асыру, – деді Никола Аллегро.
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев «Uralsk Green Forum» экологиялық форумды ортақ мақсаттарға жету үшін зор мүмкіндіктерге жетелейтін орта деп атап өтті. Форум аясында «Климаттық саясат және көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мақсаттары, экологиялық инновациялар және ең озық технологиялар, жасыл қаржыландыру» атты пленарлық сессия, сондай-ақ екі панельдік пікірталас өтті. Қатысушылар үздік қолжетімді технологияларды қолданысқа енгізу мүмкіндіктерін және кли-маттың өзгеруіне қатысты мәселелерді талқылады. Көміртек жобаларын дамытуға және «жасыл» бастамалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, су жүйелерін цифрландыруға баса назар аударды.
– ҚПО компаниясы тарапынан қалдықтарды жинау, қайта өндіру және оның қоршаған ортаға зиянын барынша азайту бойынша іс-әрекеттер жасалып жатыр. Ауаға шығарылатын метан шығарындыларын азайту бағытында он жылдан бері бірнеше жұмыс атқарылды. Оның бәрі өнімді түпкілікті бөлу туралы келісімнің шарттарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Төгінділерді бақылайтын арнайы камералар қолданылады. Мұндай шаралар тек өндірістік тұрғыдан емес, қоршаған ортаны қорғау үшін де маңызды, – деді ҚПО компаниясының техника қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау және өндірістік тұтастығы жөніндегі директоры Норберт Жалле.
Бизнестің және су ресурстарын басқару мамандары қауымдастығының өкілі ретінде Ернат Асенов сөз сөйледі. Оның айтуынша, су ресурстарының тиімділігін арттыру үшін кешенді тәсілдер қолдану қажет. Алдымен экожүйелердегі және су бассейндеріндегі су ресурстарын ескерген жөн.
– Қазіргі уақытта Қазақстан жер үсті су ресурстарының сарқылуына қатысты өте жақсы бастамаларды ұсынып отыр. Бұл – Орталық Азия аймағына ортақ дағдарыс. Қазақстан Есіл, Іле, Ертіс және Жайық өзендері сияқты бірнеше өзен бассейндерінің қиылысында тұр. Бұл біздің жер үсті сулары үшін басқа елдерге қатты тәуелді екенімізді білдіреді. Сондықтан қазір жер асты суларын пайдалануға көшу бастамасы ұсынылып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда 4800-ден астам жер асты суының кен орны бар. Жалпы еліміздің жер асты сула-рын кеңінен пайдалануда әлеуеті зор. Бұл ретте ескеретін бір жайт бар. Жер асты суларының көптеген кен орны Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында игерілуде. Демек, батыс және солтүстік аймақтарға тасымалдауға қатысты мәселелерді шешу қажет. Ауыл шаруашылығы және тау-кен өндірісі сияқты суды көп қажет ететін салаларға келетін болсақ, агробизнес пен су секторын бір мезгілде бақылайтын әртүрлі ведомстволардың өзара әрекеттесуін тікелей қамтитын түбегейлі шешімдер керек. Мысалы, суды көп қажет ететін және сонымен бірге экономикалық әсері аз дақылдардан бас тарту туралы шешім қабылданған жөн, – деп пікір-пайымын айтты Ернат Асенов.
Форум аясында қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын компаниялардың көрмесі өтті. «ҚазАзот» АҚ тұрақты даму департаментінің директоры Дәулет Ғали компанияның серіктестерімен бірлесіп жасаған жасыл токенді таныстырды. Ол Қазақстанның қаржы жүйесінде алғашқы рет қолданысқа еніп отыр. Токен – оны сатып алған инвесторларға пайда табу құқығын беретін сандық актив. «Жасыл» деп аталуының себебі ол экологиялық жобаларды қаржыландырады. «ҚазАзот» АҚ инфрақұрылымы негізінде «KazAzot GreenToken» ЖШС хлорелла микробалдырын өсіру технологиясын қолданысқа енгізген. Бұл технология өндірістік шығарындылар мен ағынды суларды ауыл шаруашылығы мен фармацевтикаға арналған пайдалы өнімге айналдырады. Жоба нақты бизнесті токенизация арқылы ашық қаржылық үлгімен біріктіреді. Айта кету керек, токен – криптовалюта әлеміндегі қор биржасындағы акцияларға ұқсас, компанияның иесі алдындағы міндеттемелеріне кепілдік беретін сандық сертификат.

Экологиялық форумда өңірді тұрақты дамыту мақсатында көміртегі бейтараптығы қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге жағдай жасауға бағытталған резолюция қабылданды. Тараптар Батыс Қазақстан облысындағы тұрақты дамудың озық тәжірибелері туралы қоғамға жиі ақпарат тарату, сондай-ақ аймақта табиғатты қорғауға бағытталған жобаларды жүзеге асыру, елде табиғи ресурстар мониторингі мен оларды басқару саласында цифрландыруды дамыту бойынша жұмыс қарқынын үдетуге келісті.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»
Фотоға түсірген: Мәди Салық
