Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Жаңа Салық кодексінің негізгі ережелері мен өзгерістері» тақырыбында іс-шара өтті. Оған БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және басқа да құзырлы мекеме өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Алдымен БҚО бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Оксана Нигметуллина Салық кодексіндегі өзгерістер жөнінде баяндады. Одан соң қатысушылар заңнамадағы өзгерістерге қатысты пікірлерін ортаға салды. Мысалы, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Тұрарбек Тілемісовтің айтуынша, 2009 жылдан бері Салық кодексіне төрт рет өзгеріс енгізілген. «Бұл құжат неліктен өзгере береді? Тұрақтылық жоқ. Жаңа кодекске сәйкес, қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеріледі. Халық бұл ретте айырмашылық төрт пайыз деп есептейді. Алайда, нақтысын айтсақ, ҚҚС 33 пайызға өсіп тұр. Қазір кәсіпкерлердің кірісі ғана есептеледі де, оның шығысына мән беріліп жатқан жоқ. Бұл шағын кәсіпкерлерге қиындық тудырады. Тек кәсіпорындарға емес, тұтынушының қалтасына да әсер етеді. Себебі кез келген тауар мен қызметтің түпкі бағасы ҚҚС-пен бірге қалыптасады. Ал пайда таппаған кәсіпкерлер жұмысын тоқтатады. Олар бизнесін жүргізу үшін алған несиесін қалай өтейді, кепілге қойған затын қалай қайтарады? Жуырда ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін елде 300 мың компания қызметін тоқтататынын айтты. Бұл қуанатын жайт емес. Бір кәсіпорында орташа алғанда үш кісі жұмыс істеуі мүмкін. Яғни 900 мың адам жұмыссыз қалады деген сөз. Қазақстанның 20 млн халқының 9 миллионға жуығы жұмыс істейді. Ал соның бір миллиондайы жұмыссыз қалса, не болмақ? Біріншіден, салық түсімі азаяды, екіншіден, оларға екі қолға бір күрек табу қажет», – деген депутат Салық кодексінде әлі де талқылап, шешетін түйткілдер бар екенін айтты.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты Сержан Идиятовтың айтуынша, шағын кәсіпкерлік өнімін B2C тәсілімен сатса, яғни тұтынушыларға өткізсе, 10-20 пайыз табыс түсіреді. Ал ірі кәсіпорындармен жұмыс істесе, табысы артады. Себебі шағын кәсіпкерліктің дамуы үшін тауар айналымы ауадай қажет. Айта кету керек, B2C (business-to-consumer) дегеніміз – тұтынушыға қызмет көрсететін компаниялар. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев күні бүгінге дейін Салық кодексіндегі өзгерістерге қатысты көптеген мәселе көтерілгенін айтты. Әлі күнге дейін түйткілдер бар екенін жоққа шығармады. «Салық кодексіне өзгерістер енгізілгенін, соған қатысты қандай мәселе көтеріліп жатқанын білмейтін де кәсіпкерлер бар. Олар жаңалықты салық төлейтін кезде ғана біледі. Сол кезде тағы да түсінбестіктер, айқай-шу туындайды. Десе де, мәселе жан-жақты талқыланып, ұсыныстар құзырлы орындарға жолдануда», – деді палата директоры.
Іс-шарада «Кублей» ЖШС бас бухгалтері Аяулым Есқазиева да өздерін толғандырған мәселені көтерді. Оның айтуынша, келесі жылдың екінші жартыжылдығынан бастап, кәсіпорын тұрғындардан мал сатып алғанда 10 пайыз табыс салығын ұстап қалады. Жаңа заңнама талабы сондай. Кәсіпорын өкілі мұндай өзгеріс азаматтарға сөзсіз ұнамайды деді.
Сонымен қатар бұл жайт кәсіпорынға да теріс әсер етуі мүмкін. Себебі бұдан соң азаматтар малын өзге мекемелерге, базарларға тапсырулары кәдік. Тіпті малды өзге аймаққа, өзге елдерге де сатуы мүмкін. Ал бұл әділетсіз бәсекелестікке әкелуі ықтимал. Іс-шараға қатысушылар «Азаматтар малын сатқаны үшін неге салық төлеуі керек?» деген сауалды алға тартты.
Айна Имашева,
Орал қаласы