Теректі ауданы Ақжайық ауылында дене шынықтыру және спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.

Бұл нысан – ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, дені сау ұрпақ қалыптастыруға зор мүмкіндік беретін маңызды жоба.
Осыған орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг B.V.» компаниясының өкілдері және «Наурыз СКФ» ЖШС-ның бас директоры Азамат Ғұбайдуллин қатысты.
Бүгінгі ашылып отырған жаңа спорт кешені мемлекеттік саясаттың нақты жүзеге асқан жарқын үлгісі. Бұл – ауыл жастарына спортпен кәсіби түрде айналысуға жасалған үлкен серпін. Кешеннің басты мақсаты - спортшылар мен бапкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ Ақжайық ауылы тұрғындарының бос уақытын пайдалы өткізіп, спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік туғызу.
Кешеннің ғимаратында спортпен шұғылданушыларға арналған барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Атап айтқанда: боксқа арналған арнайы спортзал, керек-жарақ (спорттық инвентарь) сақтайтын бөлмелер, нұсқаушылар бөлмесі, медициналық көмек көрсететін кабинет, жаттықтырушылар мен қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер, киім ілетін орындар, инженерлік-техникалық бөлмелер. Барлық спортзалдар оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Кешенде бапкерлердің кәсіби жұмыс істеуі үшін бөлек жабдықталған бөлмелер де қарастырылған.
Салтанатты ашылу рәсімінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен ауыл тұрғыны, ардагер спортшы, Теректі ауданының балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, 2016 жылғы ардагерлер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2025 жылы ҚР ардагерлер арасындағы чемпионатының жеңімпазы Сұңғат Беккалиев лентасын қиды.

Өңірдің дамуына айрықша үлес қосатын нысанның ашылу салтанатының алғашқы болып Нариман Төреғалиұлы сөз алды.
– Президентіміздің тапсырмасына сәйкес ауыл спортын көтеру мақсатында бірнеше спорт нысандарын жаңартудамыз. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Дәл осындай облыс көлемінде 14 спорт нысаны бой көтеруде. Оның 4-еуі іске қосылып, халықтың игілігіне берілсе, қалған 10 спорт нысаны жылдың соңына дейін тапсырылатын болады. Бұның бәрі ауыл халқы үшін жасалып жатқан игі істер. Ақжайықтықтарға құтты болсын айта келдік, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.
Спорт кешенінің кілтін табыстау үшін «Наурыз СКФ» ЖШС-ның бас директоры Азамат Ғұбайдуллин, Теректі спорт клубының директоры Қанат Ермұқановқа салтанатты түрде табыстады. Ауыл ақсақалы, Ақжайық ауылының тұрғындары атынан Сатқан Баймуханұлы сөз сөйлеп, батасын берді.
Темірболат Әнуарұлы,
Теректі ауданы