Қазақша күрес – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық спорты. Бұл спорт түрінде күш пен ептілік, батылдық пен төзімділік басты орын алады. Қазақша күрес арқылы жастар тек қара күшін дамытып қана қоймай, рухани тәрбиесін жетілдіреді, ұрпаққа батырлық пен азаматтық қасиеттерді сіңіреді. Қазақ күресіне құрмет – ұлтқа деген құрмет.

Студенттер күніне орай Бөрлі колледжінде «Ұлттық құндылықтар» жобасы аясында қазақша күрестен колледжішілік жарыс ұйымдастырылды. Шараға әр мамандық бойынша іріктелген балуандар қатысып, өз күштері мен шеберліктерін ортаға салды.

Жарыс 60 кг және 80 кг салмақ дәрежелері бойынша өтті. Әр белдесу тартысқа толы болып, студенттер тек физикалық күшін ғана емес, рухани дайындықтарын да көрсетті. Балуандар «Жігітке жеті өнер де аз» деген қағидамен салауатты өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін паш етті.
Мұндай игі шаралар жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Тартысты сайыстың қорытындысы бойынша 60 кг салмақ дәрежесі бойынша Арсен Байғали, Дәулет Набиолла, Нұрсерік Қанат, Сұлтан Максим, ал 80 кг салмақ дәрежесі бойынша Адат Қажымұратов, Ринат Едігеев, Талғар Ниязалиев, Алмаз Арыстанғалиевтер жеңімпаз атанып, колледж басшылығы тарапынан дипломдармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, үздік техника көрсеткен спортшыларға арнайы номинациялар табысталды. Жарыстың әділ төрелігімен, кәсіби біліктілігімен көзге түскен Бөрлі №1 ЖОББМ оқушысы және бірқатар мәртебелі додаларға қатысып жеңімпаз атанған Мүслім Амангелдіге ұйымдастырушылар Бөрлі колледжінің «Дене шынықтыру» кафедрасының оқытушылары Бағдат Меңдіханов, Әлімжан Әкімжанов, Оксана Рудь жас спортшыға толағай табыс тілеп, ерекше алғыс білдірді. Оның ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі, сайысты жоғары деңгейде өткізуге қосқан еңбегі жас ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Бөрлі колледжінде өткен бұл сайыс жастарға тек спорттық біліктілікті емес, ұлттық дәстүрге деген сүйіспеншілік пен еңбекке адалдықты да насихаттады. Алдағы уақытта колледжде түрлі спорттық бағыттағы жарыстар жалғасын таппақ.
Айжарық НҰР
Бөрлі ауданы