3.12.2025, 17:15
Оқылды: 15

Ауданда қылмыс саны артқан

 

Аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлованың төрағалығымен ауданның экономикалық дамуы, ауылдарды дамыту, бюджетті тиімді пайдалану, құқық қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың төрайымы Лариса Қайырғалиева, аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, аудан әкімдігі аппаратының басшысы Асқар Әжіғалиев, халық қалаулылары, құзырлы органның өкілдері және басқа да қатысушылар онлайн және оффлайн форматта қосылды. Отырыс барысында үш мәселе қаралды.

d6486afc-48a4-4535-a013-be3732c3efb3

Аудан көлеміндегі қылмыстық жағдай бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Дәурен Сертеков баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл аудан аумағында 37 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда 7 дерекке артып, өсім 23,3 пайызды құраған. Тіркелген қылмыстардың 30-ы ашылып, 7 дерек бойынша тергеу жалғасуда. Ауыр қылмыстар санатында биыл бір адам өлтіру дерегі тіркелген. Ұрлық қылмыстары 11-ден 6-ға төмендесе, мал ұрлығы күрт өсіп, былтырғы 6 деректен биыл 19-ға жеткен. Ветеринариялық талаптарды бұзу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабымен 23 материал рәсімделіп, 408-баппен мал жаю ережесін бұзғаны үшін 138 хаттама толтырылып, жалпы 843 414 теңге айыппұл салынған. Профилактикалық бақылаудағы тұлғалар тарапынан 13 қылмыс жасалып, бұл өткен жылға қарағанда 1 дерекке артқан. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны да өсіп отырғанын айтты. Мас күйінде жасалған қылмыстар саны екі есеге артқан, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2 қылмыс тіркелген. Әкімшілік құқықбұзушылықтар бағыты бойынша 2025 жылы 1 227 хаттама толтырылып, 10 195 676 теңге айыппұл салынған.

3b9b8caf-8bbb-4a8e-9edd-694c8d8dc59d

Отбасылық-тұрмыстық қатынастарда құқықбұзушылықтың алдын алу үшін 28 хаттама рәсімделіп, қорғау нұсқамалары берілді. Сот шешімімен 9 адамға мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар қойылды. Қорғау нұсқамасын бұзған үш тұлға, ерекше талаптарды орындамаған үш азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Маскүнемдікпен күрес бағытында биыл бір адам еріксіз емдеуге жіберілгенімен, денсаулығына байланысты қабылданбаған. Қазіргі таңда тағы екі тұлғаға қатысты құжаттар дайындалуда. Жасөспірімдер қылмысының артуына байланысты аудандық білім бөлімімен бірлескен профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, 101 ата-ана 442-баппен, 21 ата-ана 127-баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция бөлімінің есебінде үш қолайсыз отбасы және төрт кәмелетке толмаған жасөспірім бар.

Өз кезегінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қуанышбек Еркінәлиев қысқы қауіпсіздік шаралары жөнінде баяндады. Аудан бойынша 3 700-ге жуық тұрғын үй тексеріліп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі жайында түсіндіру жаднамалары таратылды. Әлеуметтік осал топтағы 40 отбасының үйіне улы газ датчигі орнатылған. Ауданда барлығы 59 дана аспалы өрт сөндіру құралы бар. 17 құқықбұзушылық дерегі бойынша 4 679 080 теңге айыппұл салынған.

Сондай-ақ, 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №25-4 «2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина баяндама жасады.  Ал, аудан әкімдігі бөлімдері қызметін бағалау критерийлерін бекіту жөнінде аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Нұрфат Бисекенов өз ұсыныстарын жеткізді.

Арайлым Маратқызы

Бөкей Ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале