Бүгін Бөкей ордасы ауданына отандық музыка тарихында аты аңызға айналған Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі келді. Аудан басшылары бастап, қонақтарды ауыл сыртынан ақ ұсынып, қарсылап алды.

Жерлесіміз асылдың сынығы, тектінің тұяғы Шамғон Қажғалиевтің ұлы Нарын Шамғонұлына аудан әкімі тұлпарын мінгізіп, ата жұртының атынан құрмет көрсетті.

Кейін аудандық мәдени-демалыс орталығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтті.

Музыкалық кеш шымылдығы Түркештің «Көңіл ашарымен» түрілді.


Одан кейін кезекпен орындалған «Қоңырала», «Байжұма», «Көроғұлы», «Саржайлау», «Адай», «Махамбет» күйлері көрермен жүрегін тебірентіп, құлақ құрышын қандырды.

Кеш барысында оркестр тек күймен шектелген жоқ. Әрі актер, әрі әнші Асхат Үрпеков орындаған Н.Тілендиевтің «Нурикамалы» мен Е.Хасанғалиевтің «Әдемі-ауы», Нұрғалым Аманбай шырқаған «Жан сәулесі» мен «Влюбленный солдат» әндері кәсіби шеберліктің мықтылығын көрсетті.


Концерт соңында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов оркестрдің директоры Медет Қуанышев пен дирижерлер Абылай Тілепберген, Жексен Айсындардың иығына шапан жауып, қазақы қонақжайлылық танытты.



Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы