Биылғы жылдың 10 айында Жаңақала ауданында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10,5 млрд теңгені құраған. Бұл туралы аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

Алпамыс Жаңабайұлы аудандағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС базасында 12 000 басқа арналған бордақылау алаңын ашу жобасы жоспарланып, құрылыс жұмысы басталғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ауданда ірі мал бордақылау алаңдарын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехтары, халыққа сервистік қызмет көрсету орындары, екпе шөп өсіру, сүтті-тауарлы фермасын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ шағын өндірістік аймақ ашу жұмыстары басталып, инвесторлардың жобаларына қолдау көрсетіліп, жер телімдерін беру жұмыстары жыл аяғына дейін атқарылмақ. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Жаңақала ауданының «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жалпы құны 353 млн теңгені құрайтын 30 жоба тапсырылған. Барлық жоба мақұлданып, 21 жобаға 226 млн теңге қаражат аударылған.
– Оның ішінде сүтті бағыттағы мүйізді ірі қара (МІҚ), өсімдік шаруашылығы, лизингке техника алу, құс шаруашылығы және өзге де аралас бизнес жобалар бар. АШӨК-ке 174,5 млн теңге мөлшерінде несие беру туралы алты жоба «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылып, оның үшеуіне 112,5 млн теңге қаражат аударылды. Жаңақала ауылдарында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша
АШӨК ашылып, тұрғындарды жұмыспен қамтуда. Нәтижесінде бүгінде ауылдық округтерде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны едәуір азайды, – дейді А. Көшкінбаев.
Желтоқсанда жаңа нысандар ашылады
Ауданда 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 694,0 млн теңгені (103,8) құраған. Атап айтсақ, 107 241 бас МІҚ, 155 969 бас ұсақ мал, 45 568 жылқы, 698 түйе малы өсірілуде. 115 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысуда (113 ШҚ – ірі қара малы, 21 ШҚ – қой малы, 5 ШҚ – жылқы). Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қара малының үлесі 16,5% (18 176 бас), қой – 9,7% (12 989 бас), жылқы – 3,2% (1460 бас). 2025 жылдың 10 айында ауданның шаруа қожалықтарына 795,3 млн теңге субсидия төленген. Оның ішінде мал шаруашылығы саласында төленген субсидия көлемі 542,9 млн теңгені құрайды.
– Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу бойынша 106,5 млн теңге субсидия төленіп, 39 бірлік трактор және 32 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Мал шаруашылығының қалыпты қызмет етуіне ветеринария саласының қосар үлесі де зор. Аудан ветеринарлары жаңа көліктермен қамтамасыз етіліп, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Биылғы жылы аудандағы барлық ауылдық округте мал қорымы құрылысы басталды. Жаңажол және Қырқопа ауылдарында жаңа ветеринарлық пункттің құрылыстары жүріп жатыр. Ол желтоқсан айында қолданысқа беріледі, – деді аудан басшысы.
Каналдар тазаланып, көлтабандар суға толды
Мал шаруашылығы дамуының негізі – өзен-көлдер. Жаңақала ауданындағы каналдардың жалпы ұзындығы 426,6 шақырымды құрайды. Бүгінде барлық канал республикалық «КазСуШар» мекемесінің теңгеріміне беріліп, бірлескен жұмыстар атқарылуда. Ауданда 273 гидротехникалық құрылғы, яғни қақпа болса, оның 236-сы жөндеуді қажет етеді.
– 2025 жылы өзен-көлдерге су жеткізу мақсатында «Қазсушар» РМК облыстық филиалымен бірлесіп, механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Күні бүгінге дейін аудан бойынша жалпы 46,6 шақырым канал тазартылды. Оған қоса, кеуіп қалған Соркөл, Еділсор, Жалтыркөл, Қандыкөл, Өтеген және Едіге өзен-көлдері соңғы екі жылда 100%-ға толтырылып, Қамыс-Самар жаймаларына да су берілуде, – деді аудан әкімі.
Биыл ауданда мал азығын дайындау мақсатында 23,8 мың гектарды құрайтын көлтабандарға 92,1 млн текше метр су берілген.
50 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне мониторинг жүргізілуде. Осының нәтижесінде 75 агроқұрылымның көлемі 118 472 га жер учаскесін пайдаланбағаны немесе заңнаманы бұзғаны анықталып, 2022 жылдан бастап қайтару жұмыстары басталған. Соңғы 3 жылда көлемі 54 829 га болатын 50 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
2022 жылы 18 жер учаскесі (көлемі 28 257,7 га);
2023 жылы 23 жер учаскесі (көлемі 12 407,3 га);
2024 жылы 9 жер учаскесі (көлемі 14 164 га).
Биыл 11 317 га жер мемлекет меншігіне өткен. Алпамыс Жаңабайұлы аудандағы жер учаскелері конкурс және аукцион арқылы кәсіпкерлерге жалға беріліп жатқанын айтты.
– Конкурс арқылы бүгінгі күнге дейін 1540 гектарды құрайтын екі жер учаскесі жалға берілсе, жыл соңына дейін 14 935 га жер учаскелерін конкурс арқылы беру жоспарда бар. Коммерциялық бағыттағы объектілер құрылысын салу үшін мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін 3 жылға жалдау құқығымен үш аукцион өтті. Нәтижесінде көлемі 1,2 га болатын 8 жер учаскесі 11,9 млн теңгеге жалға берілді, – деді аудан басшысы.
100 отбасы баспаналы болды
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында Жаңақала ауданында биыл 33 пәтер сатып алу үшін 617, 700 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгіндері 14 пәтер сатып алынып, 18 пәтердің құрылысы қарқынды жүруде. Былтыр 67 отбасы баспаналы болса, биыл жоспарға сәйкес 33 пәтер беріліп, екі жылда аудандағы 100-ге жуық отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ аудан бойынша бірнеше құрылыс жобасы дайын тұр.
Жол жөндеу жұмысы қарқынды
Жаңақала ауданы аумағында облыстық және аудандық маңызы бар 342,1 шақырымды қамтитын аутомобиль жолы бар. Оның 172-сі – облыстық маңызы бар, 170,1 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар.
– Облыстық маңызы бар «Чапай – Жаңақала – Сайқын» аутомобиль жолының 130-191 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда асфальтбетон жамылғысының жоғарғы қабаты төселуде. Жалпы аталған жоба аясында 45 шақырым асфальт салынды. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланды. Сонымен қатар «Чапай – Жаңақала – Сайқын 0-104 шақырым» аутомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөнделетін учаскенің жалпы ұзындығы – 18 шақырым, жөндеу жұмыстары жолдың ең нашар бөліктерін қамтыды. Бас мердігер – «Ануш-Кұрылыс» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «ҚостанайСпецСтрой» ЖШС. Келісімшарттың жалпы сомасы – 2 892 285,468 мың теңге. 2024 жылы – 478 800,0 мың теңге игерілді. Биыл 1,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстарының 5,7 шақырымы орындалды. Сонымен қатар салқын ресайклинг әдісімен жол негізін салу жұмыстарының 14,1 шақырымы аяқталды, – деді Алпамыс Жаңабайұлы.
Соңғы екі жылда аудандағы 6 ауылдық округтің 46 шақырымды құрайтын кірме жолдарына асфальт төселген. Бұл округтегі орталық кірме жолдардың 74%-ын құрап отыр. Аудан басшысы абаттандыру жұмыстарына да тоқталды.
– Аудан орталығында көпқабатты 42 тұрғын үй бар. Өткен жылы аудан орталығындағы көпқабатты 16 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілді. Ағымдағы жылы Жаңақала ауылының А. Оразбаева, С. Айтқұлов, Жеңістің 30 жылдығы және Бабажанов көшелерінде көше жарығын орнату бойынша жоба жүзеге асырылды. Жоба аясында аудан орталығындағы 5 көшеге 215 дана жарықшам орнатылды. Оның жалпы құны – 225 663,3 мың теңге. Бас мердігер – «UES» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «АНТинжсервис» ЖШС, ауторлық қадағалаушы – «ArchiComGlobal» ЖШС. Одан бөлек Жуалыой ауылына шағын футбол алаңы, Жаңақала ауылындағы Тәуелсіздік саябағына балалар ойын алаңы салынып, қолданысқа берілсе, Қызылоба ауылына жалпы ұзындығы 905 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар биыл «Batyr Bolamyn» қоғамдық қоры арқылы Жаңажол және Қырқопа ауылдарындағы спорт үйірмелеріне жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды. 11,5 млн теңге қаражатқа бокс, күрес және т. б. спорт түрлерінің залдары жаңа жабдықпен толықты. Аудан бойынша мәдени үш нысан күрделі жөндеуді қажет етсе (Көпжасар, Жаңақазан және Бірлік мәдениет үйлері), екі нысанның (Ақбалшық, Мұқыр ауылдық клубы) ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмысы қажет. Жуалыой, Сарыкөл ауылдық клубтары апатты жағдайда. Сондай-ақ биыл Жаңақала аудандық «Jastar» спорт клубына спортшыларымызды жарыстарға тасымалдау мақсатында «Газель» аутокөлігі берілді, – деді аудан басшысы.
Аудан орталығында 153 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мердігер – «Элайтс» ЖШС, жоба құны 130,2 млн теңгені құрайды. Орнатылған бейнебақылау жүйелері арқылы ағымдағы жылы 233 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оның 93-і жол қауіпсіздігі ережесін бұзу болса, 140-ы қоғамда қауіпсіздік ережесін өрескел бұзу бойынша хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынған.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»