Қазақ тілін ұлттық болмыс пен рухани құндылықтардың тірегі ретінде дамыту – қазіргі білім беру жүйесінің стратегиялық басымдықтарының бірі. Тіл – ұлттың жаны, рухани коды, мәдениет айнасы. Сондықтан ана тілін терең меңгерту, оны күнделікті қолданысқа енгізу және жас ұрпаққа сапалы түрде үйрету – уақыт талабы. Осы бағытта еліміздің түкпір-түкпірінде әдістемелік семинарлар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, пәндік курстар ұйымдастырылып келеді.

Мұндай бастамалар оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, қазақ тілін оқытудың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашады. Сол маңызды шаралардың бірі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесе ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Қазақ тілі мен әдебиетін ана тілі деңгейінде оқытудың мәселелері» атты ашық әдістемелік семинар өтті. Жиынға тіл мамандары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, әдіскерлер және оқу орындарының өкілдері қатысты. Семинардың ауқымы мен қатысушылардың белсенділігі оның маңыздылығын айқындады. Шараның басты мақсаты – қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа әдістемелік бағыттарын саралау, қазіргі білім беру үрдісіне сай тиімді тәсілдерді ұсыну, мұғалімдер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Сонымен бірге, ана тілі деңгейінде оқытудың өзекті мәселелерін талдап, оның тиімді моделін қалыптастыру – семинардың негізгі бағыттарының бірі болды. Семинар барысында бірнеше мазмұнды баяндамалар оқылып, қатысушылардың назарын аударған тұшымды ойлар ортаға салынды. Алдымен облыстық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Абдулманов «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағын тиімді жүргізудің жаңа әдістерін меңгеру» тақырыбында баяндамасын ұсынды. Ол қазіргі заман мұғалімінің кәсіби құзыреттілігі, сабақта қолданылатын инновациялық технологиялар, тіл үйретудегі жүйелілік пен сабақтастық мәселелеріне тоқталып өтті. Әсіресе, оқушының тілдік ортаға енуін қамтамасыз ету, тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым дағдыларын кешенді дамыту қажеттігін атап айтты.

Одан кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, педагог-шебер Ақерке Байжиенова «Педагогикалық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие боласыз» атты баяндамасында ұстаздар қауымының кәсіби бірлесе әрекет етуі, ортақ платформаларда тәжірибе алмасуы, әдістемелік қауымдастықтың рөлі туралы ой өрбітті. Ол өз сабақтарында қолданып жүрген тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды. Үшінші баяндаманы Албена Қуатова «Ана тілі деңгейінде оқыту сапасын арттыру жолдары» тақырыбында жүргізіп, қазақ тілін терең әрі табиғи деңгейде меңгертудегі негізгі принциптерді атап өтті. Оның сөзінше, ана тілі деңгейіндегі оқыту – тек грамматикалық білім беру емес, оқушының тілге эмоционалдық және мәдени қызығушылығын арттыру, әдеби мұрамен етене таныстыру, тілдік орта қалыптастырумен тікелей байланысты. Семинар барысында қатысушылар заманауи оқыту технологияларын талқылап, цифрлық платформаларды қазақ тілі сабақтарына тиімді енгізу жолдарын қарастырды. Әсіресе: интерактивті тапсырмалар, қашықтан оқыту құралдары, дидактикалық онлайн ресурстар, оқушының шығармашылық ойлауын дамытатын жобалық жұмыстар, коммуникативтік әдіс негізіндегі сөйлесу жаттығулары сияқты тәсілдердің тиімділігі туралы пікір алмасты. Тәжірибе алаңында мұғалімдер өз сабақ үлгілерін, авторлық әдістемелік құралдарын және үздік педагогикалық тәжірибелерін ортаға салып, бір-біріне пайдалы кеңестер берді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай кәсіби жиындар қазақ тілінің мәртебесін арттыруға, қоғамдағы тілге деген құрметті күшейтуге, оқушылардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятуға зор ықпал етеді. Тілді меңгерудің сапасы артқан сайын ұлттық құндылықтар да тереңдей түседі. Тіл үйренуші баланың дүниетанымы кеңейіп, рухани мәдениеті қалыптасады.
Семинар соңында қатысушылар қазақ тілін ана тілі деңгейінде оқыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылап, бірлескен шешімдер қабылдады. Мұғалімдер алдағы уақытта да осындай кәсіби басқосулар жиі өткізіліп тұрса, әдістемелік тәжірибе жетіліп, пәнді оқыту сапасы жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
Еламан Құспанов,
Тасқала ауданы