8.12.2025, 22:25
Оқылды: 7

Жаңақалада әкімдер есеп беруде

Жылдық жоспарға сәйкес Жаңақала ауданы аумағында барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беру кездесулері жоспарланған болатын. Соған орай бүгін Жаңақазан және Жаңажол ауылдық округтерінде өткен жиынға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, ветеринариялық станция басшысы Мейрамбек Қадірбеков және қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Ержан Мәкішев қатысты.

image-08-12-25-09-56-5
Жаңақазан ауылдық округі: 24 мәселенің 80 пайызы шешілген

Жаңақазанда өткен есепті кездесуде ауылдық округ әкімі Сәдуақас Ғұбашев биыл атқарылған жұмыстарды баяндап, өткен жылы тұрғындар көтерген 24 мәселенің орындалу барысын айтты. Оның айтуынша, ұсыныстардың 80 пайызы шешімін тапқан, қалғаны қаржының бөлінуіне қарай жүзеге асырылмақ.
Полиция подполковнигі Ержан Мұхтарұлы интернет алаяқтықтың көбейгенін, мал ұрлығының алдын алуға бағытталған шараларды түсіндірді. Ал ветеринариялық станция басшысы Мейрамбек Исатайұлы заңнамадағы өзгерістер, мал сақтандыру, вакцинациялау және жаңа талаптар жөнінде ақпарат берді.
Жиын барысында ауыл халқы бірқатар түйткілдерді көтерді. Атап айтқанда:
– жолда мал жүруі және мал қамайтын орынның жоқтығы;
– жоғалған жылқылар мен мал бағудың қиындығы;
– қасқыр шабуылы және оны ату рұқсаты;
– салынып жатқан мал моласының жағдайы;
– балабақша маңындағы жолды жөндеу, жарық орнату;
– спорт кешені жанындағы су жиналатын аумаққа топырақ төгу қажеттігі;
– бруцеллезге қарсы вакцина тапшылығы мен құжат рәсімдеу қиындықтары;
– ауылдағы су мәселесі, екпе шөп егуге жағдай жасау;
– көлден су тарту, паром өткеліне қақпа орнату, Сарыайдынға судың келуі және балықты сақтау мәселелері.
Кездесуден соң ауыл тұрғындары жеке қабылдауда жұмысқа орналасу, мәдениет үйіне орындық орнату, тұрғын үй мәселесі секілді өтініштерін жеткізді. Барлық ұсыныстар бойынша алдағы уақытта іс-шаралар жоспары жасақталатыны хабарланды.

Жаңажол ауылдық округі: жастарға жұмыс, ауыл тазалығы мен инфрақұрылым – басты сұрақ

Жаңажолда өткен есепті жиында ауыл әкімі Дәурен Мерешев биыл атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, округтің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталды. Аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы 11 айда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

image-08-12-25-09-56-2
Полиция подполковнигі Ержан Мұхтарұлы интернет алаяқтық фактілерінің артқанын, мал ұрлығына қатысты профилактикалық шараларды түсіндірді.
Тұрғындар көтерген мәселелер қатарында:
– қопаға су шығару;
– апатты үйде тұратын отбасының жағдайы;
– жастарға жұмыс көзін ашу;
– ауыл халқын көбейту бағытындағы ұсыныстар;
– өзендерден су алу көлемін арттыру;
– иесіз иттердің көбейуі;
– ауыл қоқысын шығаратын техника қажеттігі;
– балабақша салу;
– ауыл тазалығын жақсарту мәселелері бар.
Жеке қабылдауда жас маманға бір реттік көтерме жәрдемақы, бордақылау алаңын кеңейтуге жер телімін рәсімдеу мәселелері ұсынылды.

image-08-12-25-09-56-4
Кездесуден кейін аудан әкімі жөнделген күрес залын көріп, салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Сондай-ақ өзенге су келуін бақылап, көпірдің жағдайын тексерді.
Екі округтегі есепті жиында көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі барлық ұсыныстар кезең-кезеңімен қаралып, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале