Бәйтерек ауданында екі аурухана бар. Өткен апта соңында осы емдеу мекемелерінің басшылары ауысты. Соған байланысты аудан әкімдігінде актив жиналысы болды.

Жиынды ашқан аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лауаз Уәлиев ротация тәртібіне байланысты аудандық аурухана басшылығы өзгеріп жатқанын айтты.
- Соңғы күндері облысымыздағы емдеу орындарының, соның ішінде аудандық ауруханалардың басшылары ауысуда. Бүгін Бәйтерек ауданына келіп отырмыз. Аудандық аурухаға он жылдай жетекшілік жасаған Тимур Мусағалиев Бәйтерек аудандық №2 ауруханасының директоры лауазымына тағайындалды. Айта кету керек, Тимур Қапезұлы осында, яғни аудандық ауруханада еңбек еткен жылдары жергілікті жердегі денсаулық саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ал оның орнына Қылыш Жазықбаев деген әріптесіміз келіп жатыр. Ол денсаулық саласында жиырма жылдай еңбек етіп келеді. Шыңғырлауда хирург маман ретінде жұмыс істеп, соңғы он екі жылдан бері Шыңғырлау аудандық ауруханасының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты болды. Бәйтеректіктер Қылыш Жолдыбайұлына ілтипат көрсетіп, жылы қабылдап, сөйтіп оның жаңа ортаға тез бейімделуіне барынша мүмкіндік туғызады деп сенемін,-деген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев Дарияндағы №2 аудандық аурухананың директоры болған Ербол Сәсенғалиев өз өтініші бойынша Жәнібек ауданына ауысып жатқанын жеткізді.

Сөз алған аудандық аурухананың жаңа басшысы Қылыш Жазықбаев Бәйтерек ауданына келгеніне қуанышты екенін білдіріп, аудан басшылығымен, актив мүшелерімен, жалпы ел-жұртпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін айтты.
Ал Тимур Мусағалиев болса №2 аудандық аурухананы, Приурал аумағындағы емдеу мекемелерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин Бәйтеректе денсаулық саласын дамыту бағытында жергілікті атқарушы құрылыммен, депутаттық корпуспен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жаңа ұжыммен жұмыс істеуге кіріскелі жатқан екі басшыға да аудан активі атынан табыс тіледі.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы