Орал қаласында биыл Жеңіс алаңы маңындағы Жайық өзенінің жағалауы қайта жаңартудан өткізілді, - деп жазады Kazinform.

Әлеуметтік желіде осы жағалаудың бір бөлігі жеке меншікте екендігі туралы мәлімет тараған еді. Осыған байланысты Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдады.
Ведомстводан алынған мәліметке қарағанда, Жеңіс алаңы (Стелла) ауданында орналасқан жалпы ауданы 3,8984 га жер телімі демалыс аймағы құрылысы үшін Орал қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 3 ақпандағы № 114 қаулысымен жеке меншікке берілген. Кейін бұл учаске 12 жер теліміне бөлінген.
2005-2008 жылдары аталған қаулыны заңсыз деп тану туралы мәселе бірнеше рет көтеріліп, материалды сот органдары қараған. Нәтижесінде Жоғарғы сот қаулыны заңды деп тапқан.
Соның ішінде 2,1793 га жер телімінің иесі 2024 жылдың тамызында аумақты игеруге кірісіп, жасыл желекті отай бастаған.
Бұл жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып, Орал қаласы әкімдігі шағымдарды тексерді.
Соның қорытындысымен учаскеге қатысты құқықтық құжаттар заңды болып шықты.
Алайда аталған аумақтың қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, әкімдік оны мемлекет мұқтажына кері қайтару туралы шешім қабылдады.
Өткен жылдың 28 қазанында тендер қорытындысы бойынша аталған учаскенің нарықтық құнын 599 млн 518 мың теңге көлемінде белгілеген ЖШС жеңімпаз деп танылды.
Оған қоса бұл жұмысқа Әділет министрлігінің «Сот сараптамалары орталығы» РМК Батыс Қазақстан филиалы да тартылды. Мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес учаскенің нарықтық құны 591 млн 853,204 мың теңге болып шықты.
Бұдан кейін меншік иелеріне аталған жердің орнына қаланың орталығынан құны 248 млн 869,980 мың теңге болатын басқа балама жер телімі ұсынылды. Бағадағы айырмашылыққа қарамастан, меншік иелері бұған келісіп, жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.
— Жайық өзені жағалауындағы қалған 11 жер телімі жеке және заңды тұлғалардың меншігінде. Күні бүгін Орал қаласы әкімдігі тарапынан құқықтық реттеуді қосқанда, аталған жер телімдерін одан әрі пайдалануға қатысты мәселелер қарастырылып жатыр. Ал Жайық өзені жағалауының биыл қайтадан жаңартылған учаскесі жеке меншікте емес. Мұндағы абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 1,3 млрд теңге жұмсалды, — делінген ресми жауапта.
Осы жағалауға байланысты қала тұрғыны Мереке Кәукешев өз пікірін білдірді.

— Мұндай жұмыстар бұрын да жасалған. Алайда өткен жылғы алапат су тасқыны кезінде бәрі суға кетті. Алдағы уақытта осындай жағдай қайталанбасына кім кепілдік береді. Сондықтан әуелі Жайықтың жағасын биіктетіп алып, сосын жасау керек пе еді, — деді Мереке Кәукешев.
Фотолар Мейірбек Тажқұрановтікі