Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Қытай Халық Республикасының Шаньдун провинциясы, Чжучэн қаласында өткен ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің халықаралық фестиваліне қатысты.

Аспан асты еліндегі еңбек тынысымен танысуға Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев пен кәсіпкер Бейбіт Есмағұлов та бірге барған.

- Фестиваль барысында жаңа технологиялармен танысып, ауданымыздың өнімдерін экспортқа шығару, инвестициялық серіктестік орнату және ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді енгізу мәселелері бойынша бірнеше кәсіпорынмен келіссөздер жүргізілді. Бірге барған аудан кәсіпкерлері қытайлық компаниялармен әріптестік орнатып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алмақ. Алдын-ала келісімдер жасалды, - деп жазды сапары туралы аудан әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жұмагелді Батырниязов Қытайдағы форумда Сырым ауданының ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласының қазіргі даму бағыттары туралы шолу жасап, арнайы сөз сөйледі.

Бұл сапар Сырым ауданының ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға, өндіріс көлемін кеңейтуге және жаңа нарықтарға шығуға нақты мүмкіндік бермек.
Б. Шерім,
Сырым ауданы